• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Пікір 24 Қараша, 2020

Экологиялық ахуал – қоғам назарында

1453 рет
көрсетілді

Елдің экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан отандастарымыздың бүгінгі басты міндеті – қоршаған ортаны, айналамызды келешек ұрпаққа таза әрі қолайлы қалпында аманат етіп қалдыру. Бұл бағытта бірқатар қадамдардың жасалып жатқаны белгілі. Алайда нақты нәтижеге тек қолданыстағы заңнаманы жетілдіру арқылы ғана қол жеткізетініміз ақиқат.

Осы мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар ауда­рып келеді. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл ке­зеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау жəне экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мəселе. Бүкіл өркениетті əлем жұртшылығы осы мəселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды. Бірқатар қордаланған проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жобасы əзірленді. Парламенттің бұл маңызды құжатты жыл аяғына дейін қарап, қабылдауын сұраймын. Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын», деген еді.

Қазақстанның экологиялық жағдайы – қоғам назарын аударып отырған басты мәселелердің бірі. Өзіміз өмір сүріп отыр­ған қоршаған ортаның тазалығы мен сау­лығы баршамызды алаңдататыны анық.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сәйкес қазіргі уақытта еліміздегі барлық 3 мың­нан астам полигонда (3 300) 125 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған және де жыл сайын 5 млн тонна көлемінде қосымша қосылады.

Бұл полигондардың сыйымдылығы шегіне жетті. Оған қоса 3 300 полигонның 82%-ы экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Заңсыз  қоқыс орындары көбеюде. «Қазақстан ғарыш Сапары» компаниясының ғарыш­тық мониторингі шеңберінде биыл 11 шілдедегі жағдай бойынша 7,5 мыңнан астам осындай заңсыз қоқыс орны анық­талған. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан оларды жою шаралары жүргізілуде.

Халықаралық қоршаған ортаны қорғау ұйымының деректеріне сенсек, Қазақстан ауаны ластау көрсеткіштері бойынша дүние жүзі елдерінің арасында 5-орынға тұрақтаған екен. Біздің алдымызда АҚШ, Қытай және Ресей мемлекеттері тұр. Аталған елдердің алдыңғы қатарда орналасуын халық санының көптігімен, өнеркəсіптерінің қарқынды дамуының әсерімен түсіндіреді. Мамандардың пайымдауынша, Қазақстанның осы елдердің арасында тұруының басты себебінің бірі – қазіргі қолданыстағы заңнамалық базаның əлсіздігінен болып отыр. Сонымен қатар мамандар тоқырау кезінде еліміздегі алып өнеркəсіп орындары шарт негізінде жекешелендіріліп, зауыт қожайындарына жеңілдіктермен берілгеніне қарамастан, сол шарттардағы өнеркəсіп иелерінің экология саласын жақсартудағы міндеттемелеріне бақылау жүргізуге тиісті құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан немқұрайдылық байқалғаны өз алдына, заң тұрғысынан жұмыстың қалай жүріп жатқаны да өз дәрежесінде тексерусіз қалғанын айтады. Осындай салғырттықтың салдарынан өндіріс орындарының мұржаларынан газ бен түтін қалдықтары мөлшерден тыс шығып, ауаны ластауда.

Бірінші санаттағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың көбі әлі күнге дейін ескірген технологияларды қолданады. Ресми мәлімет бойынша бұл санатта 2 405 кәсіпорын бар. Олардан жыл сайын шамамен 3,9 млн тонна зиянды заттар шығады. Яғни Қазақстанда жыл сайын қоршаған ортаға 4,9 млн тонна зиянды зат шығатын болса, соның 80%-ы ірі кәсіпорындарға тиесілі деген сөз.

Осы орайда, қоршаған ортаны қор­ғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетіл­дірудегі бүгінгі күннің талабы Қазақ­стандағы өндірушілер үшін қалдықтардың нормативтерін біртіндеп қатаңдату болып отыр. Еліміздің экология саласындағы халықаралық конвенцияларға қосылуы және халықаралық хаттамаларды ратификациялауы ең үздік халықаралық тәжірибеге негізделген экологиялық нормаларын міндеттейді. Осыған байланыс­ты Үкімет жаңа Экологиялық кодекстің жобасын әзірлеп, құжат өткен жылдың соңында Парламент Мәжілісіне енгізілді.

Мәжілісте Кодекс жобасының негізгі ережелерін талқылау шеңберінде мүдделі министрліктер, ведомстволар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен таныстырылымы және 27 жұмыс тобының отырысы мен Мәжіліс депутаттарының талқылауынан өткізілді. Жаңа Экологиялық кодексті талқылау барысында 2 мыңнан астам ұсыныс, соның ішінде жеке және заңды тұлғалардың пікір-өтініштері қаралып, нәтижесінде, заң жобасының көптеген ережелері нақтыланды. Талқылауға сарапшылар, табиғи ресурстарды пайдаланушылар мен кәсіпорындар қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ табиғатты қорғап жүрген белсенділер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кодекстегі негізгі өзгерістер: «Қор­шаған ортаға әсерді бағалау тәртібін (ҚОӘБ) барлық табиғат пайдалану­шыларға емес, «бірінші санаттағы» ірі кәсіпорындарға ғана қолдануды қарас­тырады. 2025 жылдан бастап «бірін­ші санаттағы» ірі нысандарға кешенді экологиялық рұқсаттар (КЭР) қолда­нылмақ және қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуға бағытталған ең жақсы қолжетімді технологиялардың (ЕҚТ) тетігі енгізіледі. ЕҚТ-ға өткен компаниялар эмиссиялар үшін төлемнен босатылады, ал қалған­дарына шығарындылар үшін төлем мөлшер­лемелері 2028 жылдан бастап әр үш жыл сайын 2, 4, 8 есе біртіндеп өсіп отырады (2025 жылдан бастап топ-50 ірі кәсіпорын үшін). Жаңадан қосылған кәсіпорындар үшін КЭР алу міндетті болып саналады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғау шараларын 100% көлемінде түсетін экологиялық төлемдер есебінен қаржыландыруға міндетті. Сонымен бірге экологиялық құқықбұзушылық үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар 10 есеге арттырылады».

Жалпы, Кодекс жобасы 2018 жылдан бастап, білікті сарапшылар мен бизнес-қауымдастығымен қызу талқыланып келе жатқанын айтып кету керек.  Жоғарыда көрсетілгендей, өндірістік кәсіпорындардың жетік қолжетімді технологияларға ауысуының тиімді мерзімдерінің кезеңдері көзделген. Кодекстің жобасы бойынша бизнес үшін алғашқы нақты шаралар 2025 жылдан бастап күшіне енеді және жетік қолжетімді технологияларға көшу – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Теміртау, Балқаш, Өскемен, Қарағанды сияқты ірі қалалардың экологиялық ахуалын жақсарту мүмкіндігін береді деп күтілуде.

Қолданыстағы заңнамада қоршаған ортаны қорғау шаралары, эмиссиялар үшін алынған төлемдерді мақсатты түрде жұмсау міндеттемесі жоқ. Бұл келіп түскен қаражаттың шамамен 45%-ын ғана қоршаған ортаны қорғауға жергілікті атқарушы органдар бөлетініне алып келеді. Осыған байланысты Бюджет кодексіне экологиялық төлемдерді экологиялық мақсаттарға жұмсау мәселелерін реттейтін түзетулер енгізілген. Заң жобасында жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғау қызметінен 100% мөлшерінде келіп түскен экологиялық төлемдер есебінен қаржыландыруға міндетті екендігі көрсетілген.

Ұсынылып отырған техникалық регламенттердің талаптарымен қатар экологиялық сақтандыру мәселелері де егжей-тегжей қызу талқыланып, нақтыланды. Нәтижесінде, Экологиялық кодекстің жаңа жобасы Парламент Мәжілісінің биылғы 18 қарашадағы жалпы отырысында мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Парламент Сенаты Регламент талаптарына сәйкес заң жобасын жедел талқылап, мақсатты жұмыстарды жүзеге асырылатын болады.

 

Әбдәлі НҰРАЛИЕВ,

Парламент Сенатының депутаты