Жеке зейнетақы шотының жай-күйін бақылап отырудың тәсілі көп. Жаңа технологиялардан хабары шамалы адамдар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңселеріне келіп мән-жайға қанықса, халықтың енді бір тобы дәстүрлі пошта арқылы ақпарат алуға бейім. Бұл ретте халықтың көп бөлігі электронды әдістерді пайдаланады екен.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры баспасөз қызметінің хабарлауынша, салымшылардың дені жеке шотты интернет арқылы бақылап отырғанды жөн көреді. Бүгінде бұл тәсілді 6,6 млн-нан астам адам пайдаланып отыр. Бұл дегеніміз – жалпы салымшылар үлесінің 54,2 пайызы. Мәселен, enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе ENPF ұялы қосымшасы арқылы 5 762 454 шоттың жай-күйі бақыланып отырады екен. Мұндай тәсілді таңдағандардың саны бір жыл ішінде 4 пайызға немесе 225 125 адамға көбейген.
Сондай-ақ жеке зейнетақы шоты туралы ақпараттарды электронды пошта арқылы бақылауға болады. Бұл тәсілді 853 954 адам пайдаланады екен. Аталған тәсілді пайдалану үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына электронды поштаның мекенжайын қалдырасыз. Кейін шот иесіне таңдаған кестеге сәйкес тиісті ақпарат ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет немесе жыл сайын келіп тұратын болады.
Шоттағы ақпараттың көшірмесін дәстүрлі пошта арқылы алатындар әлі де көп. Бұл тәсілді 1 297 726 адамның қолданатыны белгілі болды. Десе де, дәстүрлі поштаға иек артатындардың үлесі азайып келеді. Мәселен, 5 жыл бұрын мұндай тәсілді таңдаған салымшылардың саны 2 939 233 адамды құраған. Демек, көрсеткіш бес жыл ішінде 44 пайызға кеміген.
«Салымшы шот туралы ақпаратты жылына бір рет дәстүрлі пошта арқылы алып тұруды қаласа, тұрғылықты мекенжайын дұрыс көрсетуі керек. Мекенжайы өзгерген жағдайда оны қорға хабарлауы тиіс. «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңда мұндай талапты мекенжайы өзгергеннен кейін 10 күн ішінде орындау қажет екені көрсетілген. Әйтпесе, пошта операторы шот туралы ақпаратты тиісті мекенжайға жеткізе алмауы мүмкін. Иесін таппаған хат қорға қайтып оралады. Сондықтан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры келесі жылдан бастап хабарлау мәртебесі «анықталмаған» деп көрсетілген салымшыға шот туралы ақпаратты жібермейді. Қараша айының басында мұндай салымшылардың саны 1 млн-нан астам адамды немесе жалпы салымшылар санының 8,8 пайызын құрады», делінген қордың ресми хабарламасында.
Ал қор кеңселеріне келіп ақпарат алатындардың саны – 3 029 417 адам. Өткен жылы бұл көрсеткіш 1 938 547 өтінішті құраған екен. Бір жыл ішіндегі өсім 56,3 пайызға жеткен. Осы орайда, бұл статистиканы көбінесе жаңадан ашылған шот иелерінің толықтырғанын ескерген жөн.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жүйесіне жаңадан тіркелгендерге 2019 жылдан бастап жеке шот ашу үшін шарт жасаудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Бірінші жарна түскен кезде шот автоматты түрде ашылады. Жеке тұлғаны сәйкестендіру міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезінде төлем тапсырмасының электронды форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады. Мұндай шотты ашу кезінде хабарлау тәсілі автоматты түрде «Өзі келіп өтініш білдірген» деп айқындалады. Сондықтан жеке зейнетақы шотын енді ашқан салымшылар БЖЗҚ кеңсесіне келіп, қажетті хабарлау тәсілін таңдауы керек. Сондай-ақ мұны электронды цифрлы қолтаңба арқылы enpf.kz сайтыне еніп, қашықтан жасауға да мүмкіндік бар», дейді қордың баспасөз қызметі.