Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, шетін мәселелеріне тереңірек үңілу мақсатында маңызды іс-шаралар қолға алына бастады. Мысалы, бұдан былай өңірдегі қалалар мен аудандар әкімдерінің әрқайсысының мүгедек жандардың проблемалары бойынша штаттан тыс кеңесшісі болады. Бұл кеңесшілермен жұмысқа арбаға таңылса да өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған жігерлі жас Нияз Сүндетәлиев жетекшілік етеді.
Нияз Сүндетәлиевтің өзі қазан айынан бері облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарып келеді.
– Облыс басшысының ең өзекті және пәрменді ұсыныстарының бірі – Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында мүгедектігі бар адамдар мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілерді тағайындау туралы шешім болды. Бұл дегеніңіз – құрғақ сөз бен есеп бере салу үшін жасалған нәрсе емес. Біздің облыста мүгедектігі бар адамдар тұрғылықты жерлеріне қарамастан, өздеріне көмектесе алатын адамның телефон нөмірін білуі керек, – дейді белсенді жас.
Бүгінде мүгедектігі бар белсенді азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың және әкімдердің ұсынысы бойынша тағайындалған кеңесшілер өз міндеттерін атқаруға кірісіп кеткен. Мұндағы маңызды шаруаның бірі – мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, белсенді азаматтар мен кеңесшілердің өздері бас қосатын жерлерде үнқатысу алаңдарын құра білу керек. Ал жергілікті кеңесшілердің өз жұмыстары туралы есеп беруге міндеттілігі бұл қызметтің жауапкершілігін арттыра түседі.
Қазіргі уақытта кеңесшілер тұрғындарға әлеуметтік қызметтер порталдың қалай жұмыс істейтінін және оның не үшін керек екенін түсіндіру сынды маңызды шаруаны қолға алған. Өйткені мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарына, жеке көмекшінің, ымдау тілі мамандарының қызметтеріне және санаторий-курорттық емделуге осы әлеуметтік портал арқылы ғана тікелей тапсырыс бере алады.
Жалпы, штаттан тыс кеңесшілердің басты міндеті – қордаланған және туындаған мәселелерді тезірек шешуге ықпал ету. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты жергілікті жерлердегі проблемалар шешімін таппай жатса, бұл істі тындыру үшін өңір басшысы жетекшілік ететін үйлестіру кеңесі көмекке келеді. Ал Үкімет деңгейіндегі шағын жұмыс тобы заңнамалық сипаттағы, нормативтік-құқықтық актілердің, сондай-ақ министрліктердің жұмысына қатысты проблемалармен шұғылданады. Осы орайда Н.Сүндетәлиевтің Үкімет жанындағы үйлестіру кеңесінің мүшесі екенін де айта кеткен ләзім.
Штаттан тыс кеңесшілер – жүйелі түрде жоспарланған үлкен жұмыстың басы ғана. Мысалы, Қарағанды өңірінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бағдарламалар әзірленіп, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп жатқаны белгілі. Дегенмен ақпаратты жеткізу жағынан олқылықтар бар. Ал Н.Сүндетәлиевтің өзі штаттан тыс кеңесшілер мүгедектігі бар адамдар мен мемлекеттік органдар арасындағы «алтын көпірге» айналуы тиіс деп санайды.
– Бүгінде біздің облыстың барлық кеңесшісі ақпарат алмасатын, сұрақтар қоятын, әлеуметтік саясат саласындағы жаңалықтарды талқылайтын ортақ чат құрылды. Біздің облыс Қазақстанның өңірлеріне үлгі болады деп үміттенемін. Мүгедектігі бар әрбір адам кеңесшіні жақсы тануы өз алдына, оған кез келген мәселемен тікелей жүгіне алады, – дейді Н.Сүндетәлиев.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында барлығы 67 510 мүгедек бар екен. Шынтуайтына келгенде, мүмкіндігі шектеулі осы жандардың маңдайына соққы болып тиіп жүрген мәселе аз емес. Қоғамды кең жайлаған мұндай көкейкесті проблемаларды шешу үшін кешенді түрде қарастырылатын қадамдар керек. Ал Н.Сүндетәлиев сынды ниеті оң кеңесшілердің бұл іске құлшына кірісуі қамкөңіл жандарға қанат бітіріп, олардың ертеңгі күн бүгінгіге қарағанда жақсырақ болуы тиіс деген сенімдерін арттыра түседі.
ҚАРАҒАНДЫ