Орал әуежайының бұған дейінгі ғимараты сонау жетпісінші жылдардың аяқ кезінде сол кездегі облыс басшысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахим Ықсановтың тікелей қолдауымен салынған еді. Содан бері қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Егер дер кезінде оған күрделі жөндеу жүргізілсе, ескі әуежайдың әлеуеті мен мүмкіндігін әлі де пайдалана беруге болар ма еді. Алайда әуежайдың ұшу жолағы қайта төселгенімен, оның сыртқы және ішкі қабаттарын жаңғырту ісі ескерусіз қала берді.
Ештен де кеш жақсы дегендей, былтыр шілде айында Орал әуежайын қалпына келтіру жұмыстары басталған кезде батысқазақстандық әуе көлігінің жанашырлары «е, басе!» деп бір серпіліп қалған еді. Бұл істі қолға алғандар әуежай ғимаратының негізгі қаңқасы мен іргетасын қалдырып, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жөн көріпті. Ендігі кезекте жоба қалай жалғасын табар екен деп жүргенде оның бүгінгі геодезиялық талаптар мен нормативтерге мүлдем сәйкес келмейтіні анықталды. Бастапқы жұмыстарға тиісті тексерулер жүргізген арнайы мамандандырылған кәсіпорынның сарапшы мамандары осындай қорытындыға келді. Соған сәйкес бұған дейінгі қалпына келтіру жұмыстары шұғыл тоқтатылады. Сөз жоқ, осындай үстірт жұмыстың, салақтықтың салдарынан біраз қаражат зая кетіп, желге ұшқанына шек келтіру қиын-ақ.
Сөйтіп, биылғы 2020 жылдың басында әуежай құрылысына қайтадан тапсырыс беруге тура келді. Мұнда ең алдымен ішкі логистикалық жүйелерді жетілдіруге баса назар аударылғанын айтты Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БАҚ өкілдері сауалына орай қайтарған жауабында. Облыс басшысының айтуынша жаңа жоба бойынша қолға алынған жолаушылардың ұшақ салонына дейін жетуіне мүмкіндік беретін телетрап қайтадан тапсырыс берілген жобаның басты артықшылығы болмақ.
Сонымен бірге кейінгі жобаның 3000 шаршы метрге дейін кеңейтіліп жасалғаны да оны халықаралық әуежайға қойылатын стандарттар мен критерийлерге біртабан жақындата түседі. Мұнда дизайн төңірегіндегі мәселелер де мұқият ойластырылғаны әуежайдың жаңа кейіпке енетініне кепілдік бере алады деуге болады.
Қазіргі күні бүгінгі әңгіме арқауына айналып отырған Орал әуежайын жасақтау жөніндегі жаңа жобаға тапсырыс беруші Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі тарапынан мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Жергілікті атқару органдары жетекшілерінің мәлімдеуіне сүйенсек, оны құптаған жауап жыл аяғына дейін келеді деп күтілуде.
Егер осы болжам нақты шындыққа айналса әуежай құрылысын алдағы 2021 жылдың басында бастап кетуге толық негіз бар деп тұжырым жасаудың жөні бар. Қалпына келтіру жұмыстары белгіленген уақытта басталған жағдайда оны 2021 жылдың желтоқсан айына дейін аяқтау көзделген. Ал әзірге оның тумаған ту сиырдың сары уызына ұқсап тұрғанымен еріксіз келісуге тура келеді.
Ал бүгінгі кезде Оралдан ішкі рейстер бойынша ұшатын жолаушыларға уақытша терминалдарда қызмет көрсету жолдары қарастырылған. Бұған қоса жолаушыларды қарсы алушылар мен шығарып салушылар үшін арнайы вагондар қойылған.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында алдағы уақытта қолға алынатын жобаның жай-күйіне көңіл аударғанын да айта кеткеніміз жөн. Вице-премьерге жергілікті билік өкілдері тарапынан төмендегідей деректер берілді. Құны 6,8 млрд теңгені құрайтын қазіргі жобаны «КПО бв» компаниясы қаржыландыратыны және жаңғырту жұмыстары нәтижесінде терминалдың аумағы 4,5 тен 6,5 мың шаршы метрге дейін ұлғаятыны айтылды. Бұған қоса бір сағатта өтетін жолаушылар саны 200-ден 400-ге дейін артпақ. Сөз жоқ, мұның бәрі жөн әңгіме. Әйтсе де осы тұста көңілді күпті қылып жүрген тағы бір басты мәселе жөнінде ой-пікір қозғаудың реті келіп тұр. Бұл әңгіме Орал әуежайының халықаралық деп айтылып жүрген атауынан туындайды. Әрине оны бұлайша асқақтата айтудың ешқандай айыбы жоқ, тек әрбір сөз өзінің аты мен затына сәйкес келгені жөн емес пе? Айталық соңғы жылдары Орал әуежайынан алыс шетелдерді былай қойғанда, таяу шетелдерге, яғни ТМД аумағындағы қалаларға, соның ішінде іргедегі Ресейдің астанасы Мәскеуге бірде-бір рейс ұшпаған болса, оны халықаралық деп дамытудың қандай қажеті бар?
Осы орайда халықаралық деп аталатын Ақтау және Ақтөбе әуежайында болғанымызда мұнда сыртқы рейстердің соншама көптігіне әрі жиілігіне таң-тамаша қалғанымыз бар. Сондай-ақ осы өңірлердегі басшылар Air Astana ұлттық әуекомпаниясымен өзара келісім-шарт жасасып, ұшақпен ұшқысы келетін өңірдің қарапайым тұрғындарына қолжетімді бағамен билет ұсынып отырғаны да жылы әсер қалдырған еді.
Осындай үрдіс пен тәжірибені Батыс Қазақстан облысындағы атқаруы орган жетекшілері де іске асыратын болса, бұл жағымды жәйт өңір тұрғындары үшін жасалған әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдағы қолдаудың тағы бір тұтқасы болып шағар ма еді деген ой келеді. Қалай дегенде де алдағы уақытта Орал әуежайы құрылысы бой көтерген кезде оның халықаралық деп аталған атауы мен мәртебесі сақталып қала беретіні анық. Ендеше жоғарыда айтылғандай оның соған сәйкес іс-қимыл танытқанына не жетсін? Бұл мәселені реттеудің басты жолы еліміздің батыстағы қақпасы іспеттес Орал әуежайынан халықаралық маңызы бар жаңа рейстер ашу екені талас туғызбайтын мәселе.
ОРАЛ