• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Технология 24 Қараша, 2020

Мегажобаның кезекті межесі

347 рет
көрсетілді

Еліміздегі негізгі байланыс операторы «Қазақтелеком» компаниясы Солтүстік Қазақстан облысында талшықты-оптикалық байланыс желілерін тартуды аяқтады. Нәтижесінде өңірдегі 60 ауылдық елді мекенде 156 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйым жоғары жылдамдықты интернетке қосылды.

 

Тайынша ауданы, Петровка ауылын­дағы орта мектеп алғашқылардың бірі болып кең жолақты интернетке қосылды. «Оптика» арқылы жеткен жүйрік интер­неттің игілігін  мұғалімдермен қатар, оқу­шылар да бағалап үлгерді.

– Веб-сайттар бірден ашылады. Оқу­шылар бүкіл сынып болып немесе жеке-жеке әртүрлі құрылғылардан Bilimland.kz сияқты интернет-ресурстарды емін-еркін қолдана алады. Бұл оқу процесін қызықты әрі танымды етеді, – дейді Петров­ский орта мектебі информатика пәні­нің мұғалімі Бауыржан Әлімов.

Ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылмай тұрған кезде жергілікті дәрігерлер де онлайн-платформалармен жұмыс істеу барысында қиындықтарға көп кезігетін. Сондықтан ауыл дәрігерлері оптикалық желі тарту жұмыстары тезірек аяқталғанын асыға күткен болатын. Тимирязев ауданы, Хмельницкое ауылындағы медициналық  пункт фельдшері Светлана Полубоярцева коронавирус індеті жайлаған кезде нау­қас­тарға онлайн кеңес беру аса қиынға соққанын еске алады.

– Шынын айту керек, интернет-ресурстарда жұмыс істеу мүмкін болмады. Науқастарға телефон арқылы кеңес беруімізге тура келді. Мессенджер арқылы дыбыс­тық хабарламалар, құжаттар мүл­дем  жіберілмеді. Облыс орталығында өт­кен онлайн-конференцияларға қосылу туралы айтпасақ та болады. Ал қазір ауылымызға интернет келді. Бәрі күрт өзгерді. Бұрынғы қиындықтың бәрі. Біз денсаулықты басқару арнайы бағдар­ла­масымен жұмыс істейміз, онда диспан­серлік науқастардың деректері оңай енгі­зіледі. Көлемді файлдар электронды пош­таға бірден жүктеледі, – дейді фельдшер.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу екі жылға жалғасты. Жұ­мыс аймақтың қытымыр қысында да, қай­наған жазы мен жаңбырлы күзінде де үздіксіз жүргізілді. Компания өкілдері хабарлағандай, қүрделі климаттық жағ­дайлар жерді қазып, құбыр салып, оның ішіне оптикалық желіні жүргізу жұмыстарын қиындатты. Солтүстік Қа­зақ­стан облыстық жергілікті желілердің техникалық торабы қызметкерлерінің айтуынша, ауыр техникалардың батпаққа батып немесе аязда қатып қалған кездері жиі болған. Соған қарамастан, құрылыс бригадалары жұмысты тоқтатпай, жүк­телген міндетті, яғни ең алыс ауылға дейін «оптика» жеткізу ісін жоспарға сай орын­дап бітірді.

«60 ауылға дейін 1245 километрлік оптикалық кабель тартылды. Жылдам­дығы жоғары интернет 62 білім беру объектілеріне, 44 денсаулық сақ­тау, 40 ауылдық әкімдіктерге, 4 ауылшаруа­шылық нысандарына және 6 полиция бекет­теріне берілді. Барлығы 156 мем­лекеттік мекеме кең жолақты, ең сенімді интернет желісіне қосылды», деді Сол­түстік өңірлік телекоммуникация дирек­циясының бас директоры Ерсайын Дүйсемәлиев.

Солтүстік Қазақстан облысы «Қазақ­телеком» талшықты-оптикалық байланыс желілері құрылысын аяқтаған тоғы­зыншы аймақ болғанын атап өткен жөн. Осы аймаққа тартылған талшықты-оптикалық байланыс желісінің негізінде 5 ауылдық елді мекенде жаңадан мәлімет тарату торабын монтаждауға мүмкіндік жасалды, сол арқылы кең жолақты интернет әрбір тұрғын үйге жетті. Ал 23 ауылда тораптардың өткізгіштік қабілеті артты.

«Құрылған инфрақұрылым негізінде ауыл тұрғындарын ұялы байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған «250+» жобасы одан әрі іске асырылатын болады. Айта кетейін, Солтүстік Қазақстан облысында осы жоба аясында 70 ауылдық елді мекен тұрғындары мобильді интернетке қосылу қызметімен қамтамасыз етіледі», деді «Қазақтелеком» АҚ бас­қарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Ауылға «оптика» тартылғаннан кейін, желілер де жаңартылды. Нәтижесінде тұр­ғындарға «Қазақтелекомнан» заманауи телекоммуникациялық қызметтерге қосылу мүмкіндігі берілді. Мәселен, облыс орталығынан 200 шақырым жерде орналасқан Сырымбет ауылында 600-ден астам адам тұрады, ал көп балалы Бейсембаевтар отбасы интернетке алғашқылардың бірі болып қосылды.

– Біздің отбасымызда жеті бала бар. Қашықтан оқытуға көшкенде біз басқа ауыл тұрғындары сияқты интернеттің әлсіздігінен қолымыз байлаулы болып қалды. Сондықтан күн сайын интернет іздеп сонау Саумалкөл ауылына балаларды апаруға тура келді. Бұл ауылға тек бір бағытқа 30 шақырым, барып-қайту үшін 60 шақырым жүретінбіз. Қаншама уақытты құртып, жол азабын тарттық. Енді міне жүйрік интернет үйге кірді. Бұл – біз үшін үлкен мереке. Интернет қазір тек мектепте ғана емес, үйде де бар, – деп өзінің әсерімен бөлісті көпбалалы ана Азина Айтпаева.

Қазіргі таңда Айыртау ауданы,­ Кома­ров­ка, Бірлестік, Ағынтай ба­тыр ауыл­­дарының тұрғындарына кең жолақты интернетке қосылудың техникалық мүм­кіндігі де ұсынылған. Әрі қарай «250+» жобасы бойынша Айыртау ауданы­ның 15 ауылдық елді мекенінде ұялы байланыс опера­торларының база­лық стансалары салынады.

Бүгінде «Қазақтелеком» компаниясы 2018 жылы бастау алған ең ауқым­ды әрі маңызды жоба – ауылдарға тал­шықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын аяқтауға таяп қалды. Қа­зір құрылыс-монтаж жұмысы бір ғана өңір­де – Түркістан облысында жалғасып жатыр. Қалған аймақтарда жұмыс толық аяқ­талып, келесі жоба – ТОБЖ базасында жүзеге асатын «250 +» жобасы жүзеге асы­­рылуда.

2018 жылы ТОБЖ жобасы басталғанға дейін елімізде 1200 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосыл­ған-ды. Биылғы жылдың соңында 2000 ауылға жетеді. Одан бөлек, LTE800 стан­дартты стансалар желісіне қосылу ар­қылы, кемінде 250 адам тұратын 2 жарым мыңға жуық ауыл радиосигналмен қамтылады. Яғни бүкіл ауылға интернетпен 100 пайыз жеткіземіз деген сөз.

Бұл жерде мән беретін тағы бір маңыз­ды аспект бар, бастысы – ауылдарға тал­шықты оптикалық байланыс желісі тар­ты­лады. Ал әрі қарай өзге байланыс опе­раторлары іліп әкетуге тиіс. Себебі ТОБЖ кірген нүкте болмаса, өзге майда байланыс операторлары өздігімен ауылдарға ешқашан келмейді. Себебі олардың қызметін жүргізуіне негіз болар қазық қағылмаған. ТОБЖ-дың барғаны басқа байланыс операторлары үшін негізгі қазықтың міндетін атқарады деуге болады.

«Қазақтелеком» талшықты-опти­калық байланыс желілерін салуға ғана емес, сонымен қатар оларға 14 жылға қызмет көрсетуге кепілдік берді. Ал өзге ұялы байланыс операторлары «Қазақ­телекомның» ауылға шынайы түрде, ұзақ мерзімге келгеніне көз жеткізіп, осы нарық­қа шығуды шындап қолға алады.

Жалпы, жыл соңына дейін ел бойынша 14,5 мың шақырым желі салынады. Бұл өте күрделі құрылыс. Салыстыру үшін айтар болсақ 14,5 мың шақырым – Қазақстан мен жаңа Зеландия арасындағы қашықтықпен тең.  Осындай көлемді аумақта жер қазып, құбырлар салып, құбырдың ішімен 828 ауылға оптиканы кіргізіп, 2,5 мың мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйымдарды жоғары жыл­дам­дықты интернетке қосу ерен еңбекті қажет ететін мегажоба екені анық.