Ішкі істер министрлігі «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасының кезекті кезеңін өткізді. Бұл операцияны өткізудегі мақсат – есірткі құралдарымен, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу ережелерін, фармацевтикалық қызмет ережелерін және есірткі айналымы саласындағы үй-жайларға қойылатын талаптарды, бұзушылықтарды анықтау.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жұмыс барысында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдарды тексерді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің ақпараты бойынша, 5 күн ішінде елімізде есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзумен байланысты 18 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бақылаудағы заттар айналымы саласында 78 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, осындай бұзушылықтардың 44-і дәріханаларда дәрі-дәрмектерді рецептісіз жіберумен байланысты. Құрамында есірткі және психотроптық заттар бар медициналық препараттардың 6 мыңға жуық таблеткалары мен ампулалары тәркіленді. Мысалы, Ақтөбе облысындағы бір медициналық мекемені тексеру барысында бұзушылықтармен сақталған 90 ампула морфин мен 2500 ампула фентанил тәркіленді. Кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан басқа операция кезеңінде есірткінің заңсыз айналымы саласында 51 қылмыс, оның ішінде 27 өткізу фактісі, 23 есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау және 1 контрабанда фактісі анықталды. Мәселен, елордалық есірткімен күрес полицейлері бұрын сотты болған, 39 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, одан 20 кг-ға жуық гашиш тәркіленді, «қара нарықта» оның бағасы 30 млн теңгені құрайтын еді. Тағы бір ірі ұстау фактісі Қостанай облысында тіркелді. Жітіқара қаласының тұрғыны өз үйінің еденінің астында 500 гр шамасында героин сақтаған. Тінту барысында полицейлер есірткіден басқа, таразы мен үлкен ақша сомасын тәркіледі. Анықталған қылмыстардың барлық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.