Қызылордада бұдан жарты айдан астам уақыт бұрын «Гелиос» жанар-жағармай құю бекетіне шабуыл жасаған күдіктілер қолға түсті.
Қызылордада бұдан жарты айдан астам уақыт бұрын «Гелиос» жанар-жағармай құю бекетіне шабуыл жасаған күдіктілер қолға түсті.
«Оқиға биылғы жылғы 12 қараша күні сағат 04:40 кезінде «Ақмешіт» шағын ауданында орналасқан «Гелиос» жанар-жағармай құю бекетінде орын алды. Бетперде киіп алған белгісіз екі адам бекетке кіріп келіп, касса жанындағы қорапқа салынған 780 778 теңге ақшаны тартып алады. Кетіп бара жатқандарында алдарынан шығып, қарсылық көрсеткен кассир И.Нұртазаевтың кеуде тұсынан белгісіз атыс қаруымен оқ атқан. Нәтижесінде зардап шегуші оқиға орнында қайтыс болған», – деді осыған орай облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметіндегілер.
Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы аталмыш фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 96-бабы 2-бөлігі «ж, з» тармақтарымен (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы қарақшылықпен ұштасқан кісі өлтіру), 179-бабы 2-бөлігі «а, г» тармақтарымен (адамдар тобының алдын ала сөз байласу бойынша қару ретінде пайдаланатын заттарды қолданумен жасалған қарақшылық) қылмыстық іс қозғады.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде аталған аса ауыр санаттағы қылмысқа қатысы бар деген 3 күдіктіге қатысты жинақталған дәлелдемелер тергеу барысында нақты айғақтармен бекітілген. Қазір іс бойынша айғақ заттар алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.