Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен аудан және қала әкімдері облыс орталығында білім алып жатқан студенттермен кездесіп, оларды кіндік қаны тамған ауылда қызмет етуге шақырмақ. Жақында бұл бастаманың тұсауын Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқу ғимаратында Зайсан ауданының әкімі Алмас Оңдақанов кесті. Оған оқу озаттары, белсенді жастар, түрлі зияткерлік олимпиадалар мен жарыстардың жүлдегерлері, Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан ең үздік 445 студент қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Алмас Оңдақанов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, демографиялық жағдайы жастардың қолында екендігіне тоқталды. Бір сөзбен айтқанда, студент жастарды өз мамандықтары бойынша білім алып, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін туған жерлеріне қызмет етуге шақырды. Сонымен қатар, кездесуге Зайсан ауданында туған танымал жерлестер қатысты. Облыстық «Рудный Алтай», «Дидар» газеттерінің тілшілері Шәкерхан Әзмұханбетов, Дәурен Аллаберген, «Өскемен медициналық колледжі» мемлекеттік қазыналық коммуналдық мекемесінің директоры Ришат Қожасеитов, Самбо күресі бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанәділ Атаев, республикаға әйгілі әнші, сазгер Арыстанбек Кәкеев секілді танымал аға буын өкілдері болды. 140-қа таяу Әлем чемпиондарын, Олимпиада ойындарының жүлдегерлерін дайындаған атақты бапкер Жанәділ Атаев студенттердің туған еліне барып қызмет етуі жақсы бастама, оларға тұрғын үй, басқа да әлеуметтік жағдайларды жасау аудан әкіміне байланысты екеніне тоқтала кетті.
Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Бауыржан Ердембеков әр саладағы білікті де білгір мамандарды университет қабырғасында жоғары деңгейде даярлап, Зайсан ауданына қызмет етуге жіберуге дайын екендіктерін айтты. Кездесу барысында аудан әкіміне әртүрлі факультеттердің студенттері, кафедра меңгерушілері сауалдар қойып, ой бөлісті.
Кездесу сазды да әсем әуезді шағын мерекелік концертке ұласты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.