Орталық сайлау комиссиясында 2012-2013 жылдары жастарды құқықтық оқыту жөніндегі жобаны іске асыру нәтижелерін шығару және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттері мен магистранттары арасында өткен Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы және сайлау үдерісі мәселелері жөніндегі үздік жұмыс конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Орталық сайлау комиссиясында 2012-2013 жылдары жастарды құқықтық оқыту жөніндегі жобаны іске асыру нәтижелерін шығару және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттері мен магистранттары арасында өткен Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы және сайлау үдерісі мәселелері жөніндегі үздік жұмыс конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Рәсімге жиналған жастарға қарап Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов: «Ортсайлауком 2012-2013 жылдары іске асырған жастарды құқықтық оқыту жөніндегі жоба мен студенттер мен магистранттар арасында өткізілген конкурсты мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні қарсаңында қорытындылауымыз тегін емес. Мемлекет басшысы Назарбаев Университеті жастарының алдында сөйлеген сөзінде: «Сендер тәуелсіз Қазақстанның келешегі үшін тарихи жауапкершілік арқалайтын азаматсыңдар. Сендер Тәуелсіз Қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиістісіңдер!» дегенін сіздер жақсы білесіздер деп ойлаймын. Ортсайлауком ұйымдастырған конкурс тап осы мүмкіндіктердің бірі болды. Бұл – біз жыл бойы жүргізген үлкен, жүйелі және көпжоспарлы жұмыстың шешуші кезеңі», деді.
Мұнан соң сөз алған ОСК мүшесі, конкурсты ұйымдастыру жөніндегі бастамашы Ләззат Сүлеймен оны өткізудің басты мақсатына тоқталды. Оның айтуынша, сайлауды жастар арасында танымал етуді, болашақ жас сайлаушылардың демократиялық үдерістерге қатысуы тәжірибесін жинақтауды ниет еткен жобаға еліміздің 11 аумағынан 50-ге жуық жоғары оқу орны, 780 мектеп, 135 колледж, 5 кәсіптік лицей, 10 балалар үйі және 2 өндірістік ұйым қатысқан.
Жастар қашанда жаңалыққа құмар. Осындай жаңашылдық нәтижесінде түрлі флэшмобтар ұйымдастырылды, аға буын үшін дөңгелек үстелдер, конференциялар тәрізді дәстүрлі жиындар үйреншікті болса, жастар өз жаңалығын алып келді, деген ОСК мүшелері бұдан былай да оқу орындары мен мектептердің оқу бағдарламаларында сайлау құқығы жөнінде арнайы курс, сондай-ақ, жастардың электораттық белсенділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізу үшін үлгі-жоспарлар мен әдістемелік құралдарды белсене қолдануды ұсынды.
Негізінен екі кезеңде өткізілген конкурстың өте мазмұнды да мәнді болғанына тоқталған ОСК мүшесі, қазылар алқасының төрағасы, профессор, заң ғылымдарының докторы Марат Сәрсембаев конкурсқа қатысу үшін еліміздің 38 жоғары оқу орнынан студенттер мен магистранттардың 200-ден астам жұмысы ұсынылғанын, оның ішінен 42 ғылыми жұмыс, 7 слоган және 7 бейнеролик өңірлік кезеңнің жеңімпаздары атанып, республикалық конкурсқа қатысу үшін Ортсайлаукомға келіп түскенін жеткізді. Бұған қоса, Ортсайлаукомның өзіне де тағы 16 ғылыми жұмыс, 8 слоган және 9 бейнеролик келіп түсіпті.
«Конкурсқа ұсынылған әрбір жұмыс талданып, мұқият талқыланды және әрқайсысына арнайы рецензия дайындалды. Нәтижесінде «Қазақстан Републикасындағы сайлау құқығы мен сайлау үдерісінің мәселелері жөніндегі ғылыми жұмыс», «Сайлау науқанының үздік слоганы», «Сайлау тақырыбына үздік бейнеролик» атты 3 номинацияда 12 конкурс жеңімпазы анықталды», деді М.Сәрсембаев.
Бұдан басқа, қазылар алқасының көтермелеуі мен Орталық сайлау комиссиясының алғыс хаттарына тағы 8 конкурсант ие болды.
Ортсайлауком басшысы Қ.Тұрғанқұлов Астана және Алматы қалалары, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстары жоғары оқу орындарынан келген конкурс жеңімпаздары мен номинанттарына естелік сыйлықтарды, сондай-ақ, марапаттау қағаздары мен алғыс хаттарды тапсырды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».