• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика 25 Қараша, 2020

Желаяқ Джонсон

695 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында АҚШ-тың Даллас аймағындағы Бэйлор университетінің стадионында студенттердің кезекті жаттығулары өтіп жатты. Жеңіл атлеттердің бірі алаң жиегінде өз бетінше жаттығып, енді бірі алты жолақты жүгіру жолында бір-бірімен жарысып жүрсе, енді бірі бапкердің нұсқауларын тыңдап тұр. Күнделікті жаттығудағы әдеткі жағдай. Бір кезде ауа райы кілт бұзылып, аспаннан нөсер жауын құйды да кетті. Бәрі оқу ғимараттарының ішіне қарай жүгіріп кірді. Бір кезде бапкер барлық оқушылардың терезеге телміріп қарап тұрғанын байқады. Барып қараса, бір студент ештеңе болмағандай, жауын астында жаттықтырушының берген тапсырмасын орындап, жаттығуын жалғастырып жүр екен. Бұл болашақта аты алты құрлыққа кеткен атақты желаяқ Майкл Джонсон еді.

Бәрі әуестіктен басталды

М.Джонсон ерекше еңбекқор­лы­ғының арқасында әлемге танымал спортшы атанды. Қысқа қашықтықта жүгіруден Олимпиаданы 4 мәрте, әлемді 8 мәрте бағындырып, бірқатар рекорд орнатты. Майкл Джонсон 1967 жылы 13 қыркүйекте Техастағы Уэйко қаласында дүниеге келген екен. Әкесі – шофер, анасы – мұғалім. Бес ағайынды. Ата-ана­сы перзенттеріне ең алдымен білім алу керек деген міндет қойыпты. Аға­йын­­ды­лардың жаздың жаймашуақ күнде­рі­нің өзінде түске дейін сабақ оқып, түс­­тен кейін демалу деген шарты болып­ты. Джонсон орта мектеп бітірген­нен кейін жоғары білім алып, менеджер атанды.

Ол жү­гі­ру­мен мектеп қабырғасында шұ­ғыл­данған. Бас кезін­де бұл әуес­­тігіне қатты мән бермепті. Бұл туралы өзі: «Мен кіш­­кентайымнан құрдас­тарым­ның ара­­сында ең жылдам болдым. Тіпті ере­сек балалармен жарысқанда озып кете­тінмін. Бірақ қаншалықты озып жүр­сем де, ешқашан Олимпиаданы бағын­дырып, рекордтар иесі атанамын деп ойла­маппын...» дейді.

Болашақ желаяқ алғашында «тек өзім үшін спорт түрімен айналысып жүрдім» дегенімен, бапкері еңбекқор Майкл­­дың түптің түбінде бір жерден жа­рып шығатынын ерте білген екен. Бұл жайында жаттықтырушысы Клайд Харт сұхбаттарында айтып жүрді. Бірақ Майкл үлкен спорттан кет­­ке­нінше жат­­ты­ғу техникасы мен айла-тәсіл­дер жайын­дағы сыр­­ды ешкіммен бөліс­­­пей, бап­кері екеуі өз ішінде сақ­тап қалды.

 

Бағы жанған жылдар

Джонсонның жұл­дызды сәтін ту­ғызған Атланта Олим­пиадасы. Бірақ оған дейін де бірқатар же­тіс­­тікке жетіп жүрді. 1992 жылы 4х400 метрлік эста­фета жары­сын­да Бар­се­лона Олим­пиа­дасының алтын меда­лін әріп­тес­терімен бірге жеңіп ал­са, осы жылдары қысқа қашық­тық­та (200 метр) әлем­дік ре­кордты жаңар­тып, жеңіл атле­ти­каның айтулы жарыс­тарында жүлде­герлер қатарынан көрінді.

1988 жылы Сеул Олимпиадасына жарақатының салдарынан қатыса алмағандықтан, бар күшін 1991 жыл­ғы Токиодағы әлем мықтылары бас қосқан чемпионатқа салды. Осы чемпионатта 200 метрге жүгіруден бас жүлде алған ол Барселона Олимпиадасының алтын ме­далінен басты үміткер еді. Бірақ ден­саулығы сыр беріп, дұрыс өнер көрсете алмады. Жекелей сында тіпті финалға шыға алмай, ұятты жағ­дайға қалды. Деген­мен жоғарыда айтқаны­мыздай, эстафе­талық жарыс­та жер­лестерімен бірге барын салып, бірінші орынды иелен­ді. Бұл да көңілге демеу.

Алдына қойған мақсатына жетуден еш қаймықпайтын спортшы үйіне қайтқаннан кейін күніне екі рет жат­тығып жүрді. Намысын қайраған Барсе­лонадағы сәтсіздік өзге жетістіктерге жеткізді. Бір жыл өткеннен кейін, 1993 жылы Штутгартта өткен жеңіл атлетикадан әлем біріншілігінде 400 метрге жүгі­руден қарсылас шыдатпады және жер­лес­терімен бірге 4х400 метрлік эста­феталық жарыста алтыннан алқа тақты.

Сонымен қатар 1990 және 1994 жылдары Ізгі ниет ойындарында (Гудвилл) және жабық алаңдағы жарыстарда мәре­ге бірінші болып келіп жүрді. 1995 жыл Майкл үшін табысты болды. Гетеборгта өткен әлем чемпионатында 200 және 400 метр қашықтықта жан шыдатпады. Оны­мен қоймай, эстафетада командаластарымен тағы бір мәрте әлемнің үздіктері екенін дәлелдей білді. Сөйтіп, бір чем­пионаттан 3 алтын медаль еншіледі.

Желаяқ бұдан кейінгі толағай жетіс­тігіне 1996 жылы өткен Атланта Олим­пиадасында қол жеткізді. Алғашқы жеңісі – 200 метр қашықтықта мәре сызы­ғын бірінші болып кескеннен кейін-ақ сен­сациялық хабар тарады. Себебі желаяқ спортшының жылдамдығы шек­тен тыс болды. Мұндай энергия жұм­саған адамның тағы да бір қашықтықта жүгіріп алтыннан алқа тағуы адам сен­бейтін іс еді. Бірақ Джонсон бәрін таңғал­дырып тағы бір мәрте чемпион атанды. Сөйтіп, жеңіл атлетика тарихында екі қашықтықта (200, 400 метр) қатарынан топ жарған спортшы ретінде тарих парағына таңбаланды. Бұған дейін осындай атақтың иесі Боб Бимон (биіктікке секіру) болған екен.

2000 жылы Сидней Олимпиадасында 400 метрлік жарысты ұтты. Сонымен қоса, эстафеталық жарысты да жеңіп алды. Бірақ кейін бір командаласы ты­йым салынған дәрі қабылдады деп, бұл жүлдені қайтаруға тура келді.

2002 жылы спорттық ғұмыры аяқтал­ғаннан кейін Майкл Джонсон BBC арнасында комментаторлық қызметті және «Дейли Телеграф» газетінде спорт мүйі­сін жүргізді. 2007 жылы жекеменшік Ultimate Performance атты спорттық менеджмент саласындағы компания ашып, жастар мен кәсіби спортшыларды даярлауға атсалысып жүр. Бүгінгі таңда отбасымен Калифорнияда тұрады.

 

Кім жүйрік?

Осы сұрақты көптеген спорт маманы мен жанкүйер қойып жүр. Салыстырып жүргендері – Майкл Джонсон мен Усейн Болт. Біздің ойымызша, бұлай салыстыру мүлдем қисынсыз. Өйткені екеуінің спорттық ғұмыры екі кезеңде болғаннан кейін қос жүйріктің әлеуеті де әртүрлі. Біз тек екеуінің ерек­шеліктеріне ғана тоқталуды жөн көрдік.

Майкл Джонсон жүгіру кезінде денесі артқа қарай иіліп, орташа аяқ адымымен ерекшеленсе, Усейн Болттың бойы ұзын болғандықтан, сөреден алғаш шыққан кезде-ақ жылдамдық алады. Мұндайда негізгі салмақ денеге емес, аяққа түседі дейді спорт мамандары.

Майкл Джонсон – өткен ғасырдың соңғы онжылдығында ешкімге дес бермей, өз биігінде үлкен спорттан кеткен майталман. Қиындық болса мойымай, керісінше, намысына қамшы салып, биіктерді бағындырған әлемнің ең мықты желаяқтарының бірі. Бұл жайында өзі: «Менің осыншама ұзақ спорттық ғұмырымның болғанын және нәтижелі көрсеткіштерімді сақтай алғанымды мақтан тұтамын. Мұның бәрі де, әрине, бәрі де еңбектің арқасы», дейді.

Джонсон бүгінгі таңда өзінің бар білгенін шәкірттеріне үйретіп жүр. Жыл сайын әлемнің әртүрлі мемлекетіне арнайы барып, жергілікті желаяқтар мен олардың бапкерлеріне арнайы дәріс те оқиды.