Әлемде көптеген ел індеттен сақтану мақсатында мектептерді қашықтан оқыту форматына көшірді, кейбірі оқу ошақтарын карантинге жапты. Соңғы уақытта PISA – Білім алушылардың жетістігін халықаралық бағалау бағдарламасының көрсеткіштері білімге айрықша көңіл бөлетін әлем елдерін алаңдатып отыр. Өйткені онда қашықтан оқытудың 3 айдағы нәтижесі бойынша дамыған елдердің өзінде білім сапасының айтарлықтай нашарлап кеткені көрсетілген.
Аталған көрсеткішке көз жүгіртсек, әлемде білім беру сапасы жөнінен алдыңғы орындарды бермейтін Аустралия оқушыларының математикалық сауаттылығы 16,7 пайызға, ал оқу сауаттылығы 11,5 пайызға төмендеген. Ал алпауыт АҚШ-та 2019-2020 жылдар бойынша білім алушылардың көрсеткіші математикадан 30 пайызға, оқу сауаттылығынан тіпті 50 пайызға нашарлап кеткен. Білім беру жүйесі озық елдің бірі Англияда әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топтар оқушыларының арасындағы алшақтық 46 пайызға артыпты.
Осы ретте әр ел мәселені шешудің жолдарын іздестіріп жатыр. Соның ішінде Ұлыбританияның білім беру жүйесіндегі жоғарыда аталған түйткілдің түйінін тарқату мақсатындағы қолға алған бағыты бөлектеу секілді. Бұл елде «Ұлттық репетиторлық бағдарлама» жобасы биылғы маусымнан бастап іске асырылып келеді. Өйткені Англия үкіметі репетиторлықты жағдайы жақсы отбасының балалары пайдалана алатын қызмет емес, әртүрлі әлеуметтік-экономикалық топтар арасындағы оқыту сапасының алшақтығын жою мүмкіндігі ретінде қарастырып отыр. Іс жүзінде COVID-19 пандемиясына байланысты Ұлыбританияда мектептер жабылғанға дейін репетиторлық қызметтер әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы отбасылардан шыққан оқушылар үшін ғана қолжетімді мүмкіндік болып саналды. Ал қазіргі таңда Англиядағы аталған қызметке деген қоғамдық көзқарас үкіметтің шешімі нәтижесінде түбегейлі өзгеретін сияқты.
Theguardian.com сайтындағы осы мәселеге қатысты мақала: «Пандемия кезінде білімнен артта қалып қойған оқушылардың көпшілігі пропорционалды емес кедейлерден шыққан, бірақ онлайн оқудың жеңілдіктері олардың үлгеруіне көмектесе алады», деп басталыпты. Ұлыбритания үкіметі қолға алған «Ұлттық репетиторлық бағдарлама» жобасы бойынша мектептер арнайы белгіленген тізімдегі репетиторлық қызмет көрсететін орталықтармен немесе мамандармен жұмыс істей алады. Әрі бұл қызмет – тегін. Мұндай қызметті тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалардың пайдалануына басымдық беріледі. Осы үшін мемлекет репетиторлық қызмет көрсететін мекемелермен әріптестік орнатқан.
Сондай-ақ «Ұлттық репетиторлық бағдарлама» жобасының негізінде тәлімгерлік қызметке де қол жеткізуге болады. Бұл үшін үкімет арнайы зерттеулердің нәтижесінде білім сапасы қатты төмендеп кеткен өңірлердегі мектептерге тәлімгерлік қызмет ұсынады. Тәлімгер оқушыларға оқу үлгерімін жақсартуға, былайша айтқанда, сабақ оқуға, үй тапсырмасын орындауға көмектеседі. Ал тәлімгерлердің жалақысын үкімет төлейді.
Білім беру қайырымдылық қорының (EEF – Education Endowment Foundation) төрағасы Питер Лампл: «Мектептегі оқу туралы сөз етсек, COVID-19 балаларымыздың даму перспективасына зиянын тигізіп, олардың болашағына үлкен қауіп төндірді. Көптеген оқушы өзінің оқу үлгерімі жағынан тым артта қалып барады. Олар – әдетте сол тұрмысы төмен, жағдайы нашар кедей отбасылардан шыққан балалар», дейді. Шетелдік сарапшының дәл осы пікірі біздің елге де қатысты айтылғандай. Алайда бізде мұндай мәселе нақ осындай ұлттық бағдарламамен шешімін таппай тұр.
Сонымен, осы материалымыздағы басты сұраққа келсек: репетиторлық қызмет білімнің сапасын сақтай ала ма? Сұраққа мән берелік. Иә, дәл қазіргідей білімдегі дағдарыс уақытында білімнің сапасын жоғарылату жайында сөз ету де қисынсыз. Оны дамыған елдердің білім сапасына қатысты халықаралық көрсеткіштерден де анық көруге болады. Сол себепті әлем елдерінің алдындағы басты мақсат осыған дейін қол жеткізген білімнің сапасын сақтап қалу болып тұр.