• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2013

Болашақты болжаған бағдарлама

471 рет
көрсетілді

Баламасы жоқ жоба

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен өмірге келіп, бүгінде өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «Болашақ» халықаралық стипендия­сы дүниежүзінде баламасы жоқ әлеуметтік-мәдени жоба болып табылады. Бағдарлама түлектері әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарында алған білім-білігін қазіргі таңда ел игілігіне жұмсап, жемісті еңбек етуде.

Баламасы жоқ жоба

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен өмірге келіп, бүгінде өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «Болашақ» халықаралық стипендия­сы дүниежүзінде баламасы жоқ әлеуметтік-мәдени жоба болып табылады. Бағдарлама түлектері әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарында алған білім-білігін қазіргі таңда ел игілігіне жұмсап, жемісті еңбек етуде.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұстаздары да солардың қатарында. Мәселен, Бағдарламаның 2011 жылғы түлектері Сәкен Нұрбеков пен Қарлыға Мысаева бүгінде факультеттің оқу-тәрбие және ғылыми жұмыс жөніндегі бағыт-бағдарына басшылық етіп, озық үлгілерді өмірге енгізуде. Ал, үстіміздегі жылы Америка Құрама Штаттарынан оралған Әйгерім Әлжанова ғылыми тағылымдамада игерген іс-тәжірибесін әріптестерімен бөлісу үстінде.

Польшаның іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің осы жолдардың авторы – ғылыми тәлімгерге бергені мол, үйреткен, көңілге тоқытқан тұстары көп болды. Университет солтүстік-батыс Польшадағы ежелгі де ең ірі мемлекеттік оқу орны болып табылады. Университеттің 15 факультетінде бүгінде 47 мыңнан астам студент оқиды. Оқу орны Еуропалық одақтың «Еразмус» жобасына, қазақстандық «Болашақ» бағдарламасына мүше болып табылады. Мұнда дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген жастар поляк мәдениетінен сусындау үстінде. Поляк тілі және классикалық филология факультеті шетелдіктерге поляк тілін арнайы бағдарлама бойынша оқытып-үйретеді.

Университеттің маңдайалды факуль­теттерінің бірі саяси ғылымдар және журналистика факультеті, журна­лис­тика, саясаттану, халықаралық қ­атынастар мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды. «Журналистика және коммуникация», «Саясаттану», «Ұлттық қауіпсіздік», «Халықаралық қатынастар» сияқты 4 кафедра жұмыс істейді. «Журналистика және қоғамдық қатынастар» мамандығы бойынша студенттер «Журналистика», «Қазіргі заманғы БАҚ», «Жарнама және промоция», «Бизнестегі ақпаратты басқару» кәсіптерін таңдай алады.

Оқу ордасында 90-нан астам оқытушы, соның ішінде 31 доктор мен профессор жұмыс істейді. Сондай-ақ, өзге факультеттерден, Познаньның өзге жоғары оқу орындарынан ғалымдар мен кәсіптік орта өкілдері сабақ беруге шақырылады. Практиктер арасында белгілі журналис­тер, жарнама агенттіктерінің мамандары мен баспасөз хатшылары жетерлік. «Журналистика, ақпарат және қоғамдық байланыстар саласындағы коммуникация» мамандығында өндірістік сабақтар көп. Студенттер интернет-радио мен теледидар хабарларын жүргізеді, қоғамдық теледидар үшін апта сайын 15 минуттық бағдарлама әзірлейді. Оқуды тәмамдау үшін редакциялардағы 6 апталық практикадан кейін міндетті түрде сынақ тапсыру керек болады.

Оқу ғимаратында бай кітапхана бар, мұндағы кітап қоры 28000 дана. Кітаптарды есепке алу электрондық тәсілмен жүргізіледі. Студенттер залдағы тұрақты компьютерлерді, сондай-ақ, өз ноутбуктерін пайдалана алады. Вай-фай жұмыс істейді. Мұнда өзге шетел тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де кітаптар мен газет-журналдар бар. Факультет 28 шетелдік оқу орындарымен байланыс орнатқан. Олар негізінен алғанда Еуропалық оқу орындары, сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда, Тайваньда, Түркияда, АҚШ пен Бразилияда да әріптестері бар. Мұндай ынтымақтастық ортақ жарияланымдар әзірлеу, әріптес оқу орнында тағылымдамадан өту және ортақ конференциялар ұйымдастыру мен зерттеу топтарын құруға негізделеді. Тиісінше познаньдық студенттер еуропалық бағдарламалар ауқымында студенттік алмасу шараларына қатыса алады. Бұл таңдап алынған университетте бір семестр немесе тұтас оқу жылында білім алуға мүмкіндік береді. Екіжақты келісімдер негізінде студенттер өз жұмыстарын осы мерзімде Еуропалық одақ ауқымынан тыс жерлерде де қорғай алады.

Факультет маңызды ғылыми басқо­сулар өткізіп тұрады. Былтырғы қыр­күйекте мұнда Екінші Бүкілпольшалық саясаттану конгресі болып өтті. Поляк ғылымы үшін аса мәнді оқиға болған конгреске саясат, халықаралық қатынастар, еуропалық интеграция, БАҚ және бұқаралық коммуникация салаларын зерттеушілер мен мамандар жиналды.

Жыл сайынғы дәстүрлі ғылыми жиындар да бар, мысалға Слубица қаласында ақпанның алғашқы онкүндігінде өтетін халықаралық конференцияны алайық. Бұл алқалы ғылыми жиын 14 жылдан бері өткізіліп келеді. Конференцияның жұмыс тілі полякша болғанымен, талқылаулар ағылшын тіліне ілеспе аударма арқылы жүргізілді. Бағдарламада, сондай-ақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі панельдер болды. Биылғы конференция дағдарыс сияқты өте маңызды тақырыпқа, Еуропалық Одақты ғана емес, құрлық ретінде бүкіл Еуропаны шарпыған қазіргі дағдарыс тақырыбына арналды.

Познань университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен және білім алып жатқан қазақстандықтар саны жылдан-жылға өсе түсуде. Саяси ғылымдар және журналистика факультетінде биылғы оқу жылында «Болашақ» бағдарламасының бір тағылымдамашысы және академиялық алмасу бойынша келген төрт студент білім көтеруде. ТМД елдерінен келген оқушылар ішінде қазақстандық студенттер саны жағынан украиналықтардан кейін екінші орын алады.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.

Қанат қатайтқан қамқорлық

Мен өз басымнан көз жеткізгендей, біздің елімізде талапты жастарға әлемнің үздік оқу орындарында білім тереңдетіп, біліктілік шыңдауға мемлекеттік қамқорлық құшағы кең. Соның жарқын дәлелі ретінде Елбасының тікелей бастамашылығымен құрылып, заман талабына сай алға ұмтылуға құштар замандастарым арман-мақсатына жол ашушы «Болашақ» халықаралық бағдарламасын айтуға болар еді. Бұдан екі жыл бұрын сол бойынша кәсіптік бейінді беріктіру маңдайыма бұйырған түлектерінің бірі екенімді мақтаныш тұтамын. Англияда магистратурада «Болашақтың» стипендиясы арқылы оқып, «Білім беру саласын басқару» магистрі дәрежесін алуым бүгінде білім беру жүйесінде белсенділікпен қызмет етуіме шапағатын молынан тигізіп жүр. «Бір күндігін ойлаған – күріш егеді, он жылдығын ойлаған – ағаш егеді, жүз жылдығын ойлаған – адам тәрбиелейді» дейді халық даналығы. «Болашақ» бағдарламасының мән-маңызын осы сөз айқын танытады.

Мектеп қабырғасынан ағылшын тілін үйренуге бүйрек бұрылған болатын. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің аталған факультетінде оқуды қалауыма осы құштарлық итермелеген-ді. Оны үздік бітіруіме байланысты ұстаздарым қатарына қосылуыма мүмкіндік болғанмен, білімнің бастау ошағы – мектептен еңбек жолымды бастағанды жөн көрдім. Қарағандыдағы №68 мектеп-интернат балалар бақшасында, одан соң Дубовка селосындағы мектепте сабақ беру мамандық жағынан тәжірибе толыстырумен бірге, жеткіншектерді тәрбиелеу ісіндегі біліктілікті ұштады. Неге екенін іштей сезінемін, қазір кейбір жас әріптестерім бірден жайлы орынға жайғасуға құмар. Нағыз ұстаз болғысы келген жанға ең алдымен оқушылар ортасынан табылып, біте қайнасқан осындай жолдан өту үлкен өмірлік мектеп болып қалмақтығын айтар едім.

Шәкірттеріме сабақ бере жүре білім жетілдіре түсуге өзіндік ізденіс-талпыныстан бір сәт қол үзбеуімнің арқасында шетелдерде арнаулы курс­тарда оқуға қол жеткізіп, ақырында көптен бергі түпкі тілегім «Болашақ» бағдарламасы аясында халықаралық стандартқа сәйкес маман атануым еңбек жолымдағы зор белес деп есептеймін. Осыны мақсат етуші талапкер замандастарыма жағдай жасалып, қолдау көрсетілудегі мемлекеттік қамқорлыққа ризалық шексіз. Біздің тарапымыздан ендігі биік міндет, мерейлі парыз-сенімді ақтай білу. Соған талпынамын.

Англияда магистратура бітірген соң болашақтықтардың қай орында да асыға күтіліп отырғандығы көңіл өсірді. Астанадағы «Ақпараттық-сараптамалық орталық» АҚ орта білім беру бөлімінде сарапшы болып қызмет еттім. Осы уақытта Қарағандыда химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылып, соған шақырылдым.

Оқу, білім – одан артық не байлық бар десеңізші. Бүгінде уақыт ілеспес керемет өзгерістер заманында оқу үстіне оқу талапқа айналып отыр емес пе. Жақында Англияда тағы да бір білім ұштаудың сәті түсті. Осылайша, өсе түскен білімім мен тәжірибемді мектебімізде заманауи білім беруді қалыптастыруға, оқытудың сапалы жүйесін құруға, шәкірттер дарынын дамытуға арнаудамын.

Байқағанымдай, шетелдерде қазақстандық жастарды алдыңғы қатарлы оқу орындарында көптеп оқытуға деген ынта-ықыласқа сүйсініс ерекше. Осыны бағалай білуіміз керек.

Шырын ЖҰМАБЕКОВА,

Қарағандыдағы химия-биология бейіндегі Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары.

Зерделі жас баспалдағы

Шетте оқып, өзге жат жерде біліміңді шыңдау, өзге елге қазақ екеніңді, «Қа­зақстан» атты мемлекеттің баласы еке­ніңді көрсету – екінің біріне бұйыра бер­мейтін бақ болса керек. Алайда, осынау бақ менің маңдайыма жазылған екен.

Өзім 2010 жылы Абылай хан атын­дағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бакалавр дәрежесімен бітірдім.

Университетті тәмамдаған соң, мен де өзге қазақ баласы сияқты бар білгенімді әрі қарай шыңдау мақсатында «Болашақ» бағдарламасына құжаттар тапсырып көрдім. Абырой болғанда сынақтан сүрінбей өтіп, Швейцария мемлекетінде білімімді жалғастыруға мүмкіндік алдым. Осынау жылдар мен үшін үлкен сынақ болды. Елбасының, елімнің үмітін ақтау – менің басты парызым деп білдім. Білім мен білігімді ұштастырып өзге елдің мамандарынан мол тәжірибе жинап келдім. Бүгінде сол білгенімді, өзге жерде жүріп көкейге түйгенімді еліме келіп іске асырып жатырмын. Елімнің ертеңі үшін нұрлы болашақ жолында қызмет жасау менің ендігі міндетім.

Елбасының «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанды әлемге танытты. Білімді жастардың ордасы, талантты да талапты азаматтардың елі екенін көрсеттік. Бұдан өзге, біліммен қатар, біліктілігіңді шыңдау, тәжірибе жинау, ел, жер көру, өзіңді болашаққа шыңдау – мұның бәрі бағдарлы «Болашақ» бағдарламасының арқасында жүзеге асты.

«Болашақ» бағдарламасы – зерделі жастың ертеңіне сара жол ашар баспалдақ болды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған бағдарламаның алатын ауқымы, ондағы идея көкжиегі де тереңде жатыр. Елбасының кешегі арман-мақсаты бүгін орындалды.

Сондықтан, болашағынан үміт күтетін барлық қазақ жастары ештеңеден тайсалмай «Болашақ» бағдарламасында бақ­тарын сынап, ел ертеңіне адал қызмет етуі тиіс деп білемін. Жас өскін ұрпақ, қазақ баласы, біз білімді жастар біріксек, ертеңіміз жарқын, келешегіміз кемел болады.

Дулат ЖАҚСЫБЕКОВ.

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Nazarbayev University Graduate School of Education» деканының ассистенті.

Биікке шығарар жол

«Отан отбасынан басталады» деп бабаларымыз қалай орынды айтқан. Ес жиып, етек жинай бастаған кезде мамандығы экономист әкем Мәлік Мұхаметқалиұлы «Бай болмасаң болма, бірақ өнер мен білімге сай бол!» деген ақыл-кеңесін құлаққа құйып отырушы еді. Жоғары санатты ұстаз, қазір де отбасымыздың ұйытқысы анам Хабиба Қалиқызы «Еліміздің бақытына біткен Елбасы Н.Назарбаев техникалық маманның майталманы металлург болып, Теміртау қаласында білімі мен біліктілігін шыңдаған, сен де металлург болсаң, қатарыңнан қалмайсың», дейтін. Жастайымнан математикаға, физика мен химияға қызығушылығым арта түсті.

Аса бір қуанатын   сәтім, 2009 жылы Тұң­ғыш Пре­зидент Н.Назарбаевтың «Болашақ» бағ­дар­ламасының стипендиаты атануым еді. Аты айтып тұр­ған­дай, «Болашақ» бағдарламасы жастарымызға тың күш-серпін сыйлап, алға жетеледі. Қабілеті бар жас­тар талпынып, білім жолында сайыстарға қатынасып, бәсекеге түсетін болды. 20 жылдың ішінде 9250 стипендия тағайындалып, 5714 адам 33 шет мемлекетте білімін толықтырып, еліне аман-есен келіп, еңбек етіп жат­қаны белгілі. Оқып жатқаны қаншама.

Өзіме келетін болсам, Кенді Алтай­дағы Зырян қаласындағы техникалық лицейде оқып, Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «қызыл дипломға» тәмамдап, «Өскемен титан-магний комбинатына жұмысқа шақырылдым да, 3 жыл еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған соң «Болашақ» бағдарламасына құжаттарымды тапсырдым. Ресейдің орталығы Мәскеу қаласындағы болат және қорытпа институтының (МИСиС) магистратурасын қызыл дипломға тәмамдадым. Ресейде оқу мен үшін ешқандай қиындық туғызған жоқ. Қазақстандағы білімімді дәлелдей түскендей болдым. Ресейдің ғалымдары білімді әрі сондай қарапайым, қазақстандық магистранттардың біліміне тәнті болды. Бітірген соң докторантураға қалуды өтінді, бірақ отбасылық жағдайыма байланысты оқуды жалғастыра алмадым.

Атағы жер жарған біздің ұжымды ширек ғасыр бойы Қазақстанның Еңбек Ері Бағдат Шаяхметов басқарғаны белгілі. Тұлғалы азаматтың қамқорлығын көп көргендердің бірі менмін. Ол кісі Мәскеуге аттанып бара жатқанда мені қабылдап, «Бізге білімді де білікті металлург мамандар керек. Оқуды бітірген соң комбинатқа кел. Жұмыс әрқашан табылады» деген еді. Барлық цехтардағы атқарылатын жұмысты біртіндеп көзіммен көріп, қолыммен ұстап дегендейін, іске кірісіп, тәжірибе жинақтадым. Енді, алған білімімді ел игілігіне жарата алсам, мақсаттың орындалғаны.

1991 жылы қабылданған «Қазақстанның титан-магний өнеркәсібін дамыту бағдарламаларын» іске асыр­ғаннан кейін, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ (бұдан әрі – «ӨТМК» АҚ) жоғары үстеме бағамен шикізатты өндіруден бастап өнімді шығаруға дейін дүниежүзіндегі жалғыз толығымен интегралданған титан өндірушісі атанды. Комбинаттың өнімі дүниежүзінің әуе ғарыштық салаларының барлық өндірушілерімен сертификатталған. «ӨТМК» АҚ экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздігінің сапа менеджменті «ISO 14001» және «OHSAS 18001» халықаралық стандарттарының талаптарына сай. Қазіргі кезеңде «ӨТМК» АҚ титан өнімінің 100 пайызын өнеркәсібі гүлденген елдерге экспортқа шығарады. Дүниежүзілік нарықтағы қазақстандық титанның үлесі шамамен 11 пайыз, ал әуеғарыштық салада 17 пайыздан астам.

Комбинат 2012 жылы «2012-2022 жылдардағы «ӨТМК» АҚ-тың даму бағдарламасын» жасап шығарды және Директорлар кеңесі оны бекітті, оның құрамына өндірісті модернизациялау, созыла түскен дағдарыс жағдайындағы дүниежүзілік нарықта қазақстандық титан үлесін сақтау, сонымен қатар, ішкі нарықта титанды қолдану аясын кеңейту бойынша стратегиялық жоспарлар кіреді.

Президент Н.Назарбаевтың «Бола­шақ» бағдарламасы менің жеке өміріме де әсерін тигізбей қойған жоқ. МИСиС-те оқуда жүріп, өзімнің жерлесім Гүлфат Ақылжанқызымен танысып, оқуымызды бітірген соң үйлендік. Ол да магистратураны ойдағыдай аяқтады. Қазір екеуміз де ТМК-да еңбек етеміз. Сұлтана атты қызымызды тәрбиелеудеміз.

Мұхаметжан МӘЛІКОВ,

Мәскеудегі болат және қорытпа институтының магистранты, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-тың жетекші инженері.

ӨСКЕМЕН.

Соңғы жаңалықтар