Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауына екі айға жуық уақыт қалды. Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылардың тізімін пысықтап, дауыс беру күніне дайындықты бастап кетті.
Сайлаушылар Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс беру үшін ең алдымен өзінің сайлау учаскесін анықтауы қажет. Әдетте тізім азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жасалады. Өзіңнің қай сайлау учаскесіне тіркелгеніңді білу оңай. Жақында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының әкімдігі тұрғындарға сайлау учаскелерін анықтаудың бірнеше жолы бар екенін хабарлады.
Сайлау учаскесі туралы мәліметті бірнеше тәсілмен алуға болатынын цифрландыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқар Таксимов айтып берді. Ең алдымен, қала әкімдігінің astana.gov.kz сайтында қай учаскеге тіркелгеніңді оңай білуге болады. Бас беттегі «Өз сайлау учаскеңді тап» баннерін басып, ЖСН енгізу арқылы сайлау учаскесінің нөмірін, орталығы мен мекенжайын білуге болады екен. Одан бөлек 109 нөмірі арқылы iKomek бірыңғай байланыс орталығына хабарласып білуге болады. iKomek-тің әлеуметтік желідегі парақшаларына да хабарласу мүмкіндігі бар. Сайлаушылар Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы да керек ақпаратты ала алады. Өзіңнің сайлау учаскеңді @smartastana_bot Телеграм чат-боты арқылы да білуге болады екен.
«ЖСН, тегі, аты, әкесінің аты және туған күні немесе сайлаушы тіркелген объектінің (көше, үй) мекенжайын көрсету арқылы сайлау учаскесі туралы онлайн режімде ақпарат алуға мүмкіндік бар. Бұл қызмет учаскенің нөмірі, мекенжайы, байланыс телефондарын көрсетіп береді. Әзірге сайлау учаскелеріндегі телефон нөмірлері бекітілген жоқ, олар дайын болғаннан кейін қосылады. Сондай-ақ сайлау учаскесінің орналасқан жерін картадан көрсетеді», деді А.Таксимов.
Сонымен қатар сайлау учаскелеріне жақын орналасқан аялдамалар мен қызмет көрсететін маршруттардың нөмірлері туралы ақпарат жақында қолжетімді болады екен.
Тура осы секілді Алматы тұрғындары да қай сайлау учаскесіне тіркелгенін оңай анықтай алады. Сайлаушылар үшін ашылған service.almaty.kz сайтында ЖСН енгізу арқылы жылдам өзің дауыс беретін учаскені тауып аласың. Болмаса Телеграм әлеуметтік желісінде қосылған арнайы @sailau_almaty ботын қолдануға болады. Алматы қаласының әкімдігі сондай-ақ шаһар сайлаушыларына арнап байланыс орталығын іске қосқан. Бірыңғай 221-10-01 нөміріне хабарласып, сайлау учаскесіне және сайлауға, дауыс беру күніне қатысты кез келген сұраққа жауап алуға болады. Байланыс орталығы күн сайын сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Азаматтың нақты бір сайлау учаскесінде сайлаушылар тізіміне енуі оның сол аумақта тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуде тұруына байланысты екені белгілі. Ал тұрақты тіркеусіз дауыс берудің екі жолы бар.
Сайлаушы бір ай бұрын, яғни 10 желтоқсанға дейін өзі дауыс бергісі келетін аудандық әкімдікке жазбаша өтініш білдіруі керек. Өтініште сайлау учаскесінің нөмірі көрсетілуі керек. Осы құжат негізінде аудандық әкімдік сайлаушыны өзі қалаған учаскенің тізіміне енгізіп, тіркеудегі тізімнен шығарады. Ал дауыс беру күні қандай да жағдаймен басқа қалада болатын сайлаушылар үшін де оңай жол бар. Ол үшін өзі тіркелген сайлау учаскесінен есептен шығу туралы талон алуы шарт. Бұл құжат 26 желтоқсаннан бастап дауыс беруге бір күн қалғанға дейін, яғни 9 қаңтар кешкі 18.00-ге дейін беріледі. Осы талонмен сайлаушы өзі тіркелген аймақтан басқа еліміздің кез келген өңірінде дауыс беруге мүмкіндік алады.
Осылайша ел азаматтары тұрғылықты мекенжайы бойынша ғана емес, сыртта жүріп те дауыс бере алады. Ол үшін жоғарыда айтылған тәсілдердің біреуін орындаса болғаны. Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы қарсаңында жолдаған үндеуінде халықты сайлау құқығын пайдаланып, белсенді дауыс беруге шақырды.