Жаңартылатын энергетиканы дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Бұл қадамдар бүгін Сенаттың жалпы отырысында қабылданған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңында қамтылған, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң жобасы Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді.
"Жаңартылатын энергетиканы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау көзделген. Бұл мақсатта ұсынылып отырған шаралардың қатарында Жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын сатып алуға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайту ұсынылады. Ол инвесторға аукциондық сауда-саттықта неғұрлым төмен тарифтерді ұсынуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді", деді құжат бойынша баяндама жасаған Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов.
Сонымен қатар, заң жобасында жаңартылатын энергия көздері жобалары алдындағы төлемдер бойынша өз міндеттесін орындамаған жағдайда, Үкімет тарапынан қаржы-есеп айырысу орталығына көмек көрсету туралы норма енгізілген. Оның айтуынша, келесі тұжырымдамалық ұсыныс қаржы-есеп айырысу орталығы арқылы тасқындық электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сатуды ендіруге арналған.
"Қолданыстағы "Электр энергетикасы туралы" Заңға сәйкес, гидроэлектрстансалар табиғатты қорғау үшін су жіберу кезеңінде өндірілетін электр қуатын орталықтандырылған сауда-саттықта сатуға міндетті. Бұл ретте, тасқындық электр энергиясы бағасын мемлекет реттемейтін трейдерлер сатып алады. Жүйелік оператордың деректері бойынша көктемгі су тасқыны кезіндегі су тасқыны электр энергиясының жыл сайынғы көлемі орта есеппен 300 млн кВт/с құрайды. Орталықтандырылған сауда-саттықта трейдерлер 1 кВт/сағ үшін 2-3 теңге шегінде тасқын электр энергиясын сатып алады және екі-үш есе қымбат сатады", деді Ш.Өтемісов.
Осыған байланысты, гидроэлектрстансалардың тасқындық электр энергиясын "КЕГОК" компаниясына қарайтын қаржы-есеп орталығына сату міндетін заңнамалық түрде бекіту ұсынылды. Ол өз кезегінде осы қымбат емес тасқындық электр энергиясын елдің барлық тұтынушылары арасында бөледі.
"Заң жобасы маневрлік қуаттар көлемін және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайту үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді деген ойдамыз", деді Мәжіліс депутаты.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенаттың жалпы отырысында аталған құжаттың негізгі тұжырымдамалық жаңалықтары түсіндірілді. Еске сала кетейік, жақында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жаңартылатын энергия көздерін дамыту жоспары туралы айтты.