Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың IV республикалық жастар форумы өз жұмысын аяқтады. Форум қорытындысы бойынша 6 жас теміржолшының қызметі өсті. 16-ы кадрлар қорына тіркелді. Сонымен қатар, инновациялық жоба жеңімпаздарының еңбегі қанатқақты жоба ретінде өндіріске енгізіледі. Байқаудың барлық номинанттары планшеттік компьютерлерге ие болып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың қаржылық қолдауымен шетелде оқуға жолдама алды.
АҚ-тың IV республикалық жастар форумы өз жұмысын аяқтады. Форум қорытындысы бойынша 6 жас теміржолшының қызметі өсті. 16-ы кадрлар қорына тіркелді. Сонымен қатар, инновациялық жоба жеңімпаздарының еңбегі қанатқақты жоба ретінде өндіріске енгізіледі. Байқаудың барлық номинанттары планшеттік компьютерлерге ие болып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың қаржылық қолдауымен шетелде оқуға жолдама алды.
– Мемлекет басшысы жастар мәселесіне, олардың дұрыс білім алып, оқып-жетілуіне зор көңіл бөліп отыр. Соған сәйкес теміржол саласында да жастардың жан-жақты дамуына барлық мүмкіндіктер жасалған, – деп атап өтті жас мамандар алдында сөйлеген сөзінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин.
– Мен жастық шағымда вагонда тұрдым. От жақтым. Біраз қиындықты бастан кештік. Қазіргі жастар өміріне сүйсіне және қызыға қараймын. Себебі, сіздерге барлық жағдай жасалып отыр, – деді аға ұрпақ атынан сөз алып, толғана сөйлеген теміржол саласының ардагері Әби Сарқыншақов.
Компаниядағы қолға алынып отырған жастар жобаларының басқа салалар бойынша әзірге баламасы жоқ екендігін Ұлттық компанияның персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Асхат Акчурин атап өтті.
Қазіргі таңда теміржол саласындағы еңбеккерлердің төрттен бірі 30-ға дейінгі жастар. Бұл – кадр мәселесі тұрғысынан алғанда зор ресурс көзі. Сондықтан, ҚТЖ-дағы «Жастар» бағдарламасына мол қаржы бөлініп, оның орындалуы қатаң қадағаланбақ.
2009-2013 жылдар аралығында компания жас мамандардың оқуына 175 білім грантын бөлді. 17 еңбеккер ҚТЖ-ның «Магистратура» бағдарламасы бойынша оқыды. 2012 жылы колледждердің 223 студенті қазіргі заманғы дуальдық оқу жүйесі бойынша ҚТЖ-ның көліктегі технологиялар орталығында білімін жетілдірді. ҚТЖ компаниялары тобындағы басшылық қызметтегілердің 1143-і – жастар. Астанадағы локомотив құрастыру зауытындағы еңбеккерлердің 50 пайызына жуығы, яғни 456-сы жас маман болса, электровоз құрастыру зауыты мен «Тұлпар-Тальго» ЖШС-індегі мамандардың денін 30-дан аспағандар құрайды. Жастарға қатысты тиісті қамқорлық шаралары заңды негіздегі дәстүрлі сипатқа ие болып отыр. Мәселен, ҚТЖ тұрғын үй қорының 25 пайызы жастарға беріледі. Биылғы жылдың өзінде 150 жас отбасы пәтер алу қуанышына ие болды.
Ел өңірлерінен Астанаға келген жас теміржолшылар апта бойы қызықты шаралардың куәсі болды. Форум аясында «Жас кәсіби маман» байқауы өткізіліп, әртүрлі саладағы 23 мамандық иесі түрлі марапаттауларға ие болды. Тапқырлар клубының мүшелері болса, өз өңірлерінің намысын лайықты қорғай білді.
Биылғы жылы жастар форумының «Менеджмент жобасы» бағдарламасы бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Бас есептеу орталығының» электрондық инженері, «Ғимаратты дербес жылытудың экономикалық тиімділігі» жобасының авторы Жалғас Сұлтановтың, «Жанғыш-жанармай материалдардың қозғалыс есебін автоматтандыру» жобасының авторы, «Локомотив» АҚ жанармай-жылу техникалық бөлімінің бас маманы Нұрболат Жұмаштың, Павлодар электрмен қамту дистанциясының электромонтері Тимур Баяндиннің түйісу сымындағы мұз қатудың алдын алу еңбегі жоғары бағаланып, жеңіске жетті.
«Болашақ басқарушылар» бағдарламасының жеңімпаздары болып Павлодар жол бөлімшесінің локомотив диспетчері Әлібек Кенжебеков мен «Транстелеком» АҚ филиалы «Астанателеком» АҚ коммерциялық директоры Есенгелді Сәрсенов танылды.
Форум қатысушыларына «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті мен вице-президенттері бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Форумның жабылу салтанатында «Жас теміржолшылар отбасы» сурет пен эссе байқауының қорытындысы шығарылды. Ақмола жол бөлімшесінен Бисаловтар отбасы, Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінен Қожановтар отбасы, Орал жол бөлімшесінен Мүсеновтер отбасы жеңімпаздар деп табылып, Қазақстан теміржолшылары кәсіподағының төрағасы Оразғали Ахметбаевтың қолынан марапаттар мен сый-сияпаттарға ие болды.
Жастар атынан сөз арнаған «Транстелеком» АҚ-тың техникалық құжаттандыру инженері Динара Төлеген Қазақстан Президентінің теміржолшы жастар алдына қойған тапсырмаларын тыңғылықты атқаратындығына, оған жастардың білімі мен қуаты, қажыр-қайраты жететіндігіне ҚТЖ басшылығын сендірді.
2012 жылы Қазақстандағы теміржолшылар отбасында он мыңнан астам бала дүниеге келді. Бұл факт теміржолшылар қауымының болашаққа сенімінің жоғары екендігін аңғартады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».