• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 01 Желтоқсан, 2020

Алтайға ат басын бұрған сәт

453 рет
көрсетілді

Көпшілікке мына тарихи суретті ұсынуды жөн көрдім. Бұл тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Елбасымыздың Катон­қарағай ауданына алғаш келген кездегі Берел ауылының ма­ңында, сол кездегі аудан басшылары мен Катонқарағай марал кеңшарының еңбеккерлерімен түскен суреті. Әрине, Елба­сымыз шырайлы шығысқа, оның ішінде жер жаннаты атал­ған Катонқарағай жеріне одан кейін де сан мәрте ат басын бұр­ғаны белгілі. Соның ішінде ауданымызға Елбасының алғаш ке­луі жерлестеріміздің жадында қалып, әлі күнге тамаша бір сезім­дермен еске алып отырады.

Сол жылы жаз ерте шықты, алғашқы күндерінен бастап жауынды болды. Сондағы жауған жауын ерекше есімізде қалыпты. Неше күн күндіз-түні жауған жа­уын­ның әсерінен Бұқтырма өзені ат құлағына шыға тасып, Катонқарағай жұртшылығын бір­­­талай әбігерге түсіргені де есі­­­мізде. Ауа райының қолайсыз­ды­ғына бай­ланысты тікұшақтың ұшуы­ мүм­кін болмағандықтан Н.Ә.Назар­баев бастаған делегация­ Рахман қайнарларына дейін автомобильмен жүріп өтетінін ес­тіп-біліп отырдық. Делегация мін­­ген автомобильдер кортежі Ка­тонқарағай – Аққайнар (сол кезде Черновая) – Жамбыл – Рах­ман қайнарлары бағытындағы ас­фальті жоқ жолмен жүріп өтті.

Жол бойындағы ауылдардың тұрғын­дары Президент мінген көліктерді алыс­тан болсын көріп қалу үшін сорғалаған жауы­нның астында сағаттап тұрған еді. Ертеңгі күні таңертең күн шайдай ашылып Н.Ә.Назарбаев бастаған делегация тікұшақпен Берел ауы­лының маңындағы марал қыс­тағының жанына келіп қонып, Катонқарағай марал кеңшарының еңбеккерлерімен кездесті. Мына сурет сол кезден қалған естелік.

Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Рес­публика­сының егемендігін жариялап, тәуелсіздік алғаннан бастап, тәуелсіздікті алудан гөрі оны қорғап, сақтап қалу аса қым­бат екендігін баса айта отырып, оны дұрыс даму жолына түсіре білді. Нәти­жесінде, Қазақстан Рес­публикасы өзін бүкіл әлемге паш етті, өркениетті мемле­кеттер қатарына қосылды. Басқа жетіс­тік­терімізді айтпағанның өзінде, ішкі тұрақ­тылықтың арқасында сыртқы сая­саты­мыз бекіп, әлем мем­лекеттері арасында беделі ар­та түсті. Өткен жылдар ішін­дегі Ел­­басының еліміз үшін жасаған ерен еңбектері ел жадында мәңгі қа­лары сөзсіз.

Тоқсаныншы жылдардағы то­қырау кезеңінің ауыртпалығы аз болмады, осы ауыртпалықтарды халықпен бір­лесе отырып еңсеріп, алдымен мем­лекеттік рәміздеріміз аспан түстес көк Туымызды, ортақ шаңырақ бейнеленген Елтаң­бамызды, шырқағанда жү­регіңді жігерлендіретін Гимн­ді бекітіп, бар әлем­ге паш етті. Ұлт­тық валютамыз – тең­ге ай­­на­лымға шықты. Ре­­сей, Қытай, Өз­бек­стан, Түрікменстан және Қырғызстан ел­дерімен арадағы шекарамыз бекітілді.

Иә, бір қарағанда бұл игілік­терге оп-оңай қол жеткен сияқ­ты болып кө­рінуі мүмкін. Ал шын­дығына келгенде, бұл – на­ғыз жанкешті ерлікке тұратын Ел­басының сұңғыла да сындарлы сырт­қы саясатының жемісі екендігінде күмән жоқ. Бұлайша айтуға үлкен негіз бар.  Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Оңды өзгерістерді әр облыс пен аудан өмірінен көруге болады, өйткені, тәуел­сіздік шұғыласы кең-байтақ қазақ даласын қамтыды. Айтуға ғана оңай осы жа­ңару­лар мен дамулардың астарында ел бірлігі мен тірлігінің, Елбасымыздың еселі еңбегі мен маңдай терінің қаншама сыры жатыр десеңізші...

 

Дүйсен БРАЛИНОВ

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы