Қарағанды облысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, маңызды мереке лайықты деңгейде аталып өтті деп, хабарлайды Egemen.kz
Сондай игі іс-шараның бірі Тұңғыш Президент - Елбасының еңбек отаны Теміртау қаласында жоғары деңгейде өтті. Кездесуге Нұрсұлтан Назарбаевтың серіктестері, этномәдени бірлестіктердің белсенділері, қоғам өкілдері қатысты. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты қатысушылардың көпшілігі қашықтан онлайн режімінде байланыста болды. Ал құрметті ққонақтардың біразы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында бас қосты.
Тағылымы мол кездесуде сөз сөйлеген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Тұңғыш Президент күнінің барша қазақстандықтар үшін айтулы мереке екенін ерекше атап өтті.
– Бірінші болу қашанда қиын, әрі орасан зор жауапкершілік. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазіргі заманғы жаңа мемлекеттің негізін қалаушы ғана емес, ол нағыз ұлт Көшбасшысына, Тәуелсіздігіміздің символына айналды. Халқымыз оған жаңа Қазақстанды жобалап, құруды сеніп тапсырды, – деді ол.
Сонымен қатар өңір басшысы Тәуелсіздік жылдарында ұлттық дамудың табиғи жолын қалпына келтіру, мәдениетіміз бен тарихымызды қайтару және сақтау үшін көп шаруа жасалғанын тілге тиек етті.
Бұл ретте Қазақстан этностық әралуандықты артықшылыққа айналдыра отырып, өзінің ұлттық бірлігінің бірегей стандартын жасай алды. Бұл үдерісте Қазақстан халқы Ассамблеясының басты рөл атқарып отырғанына айрықша назар аударылды.
Кездесу барысында қонақтар облыс театрларының әртістері дайындаған Тәуелсіз мемлекеттің Елбасының басшылығымен қалыптасуы мен дамуы туралы бейнероликті тамашалады.
Сонымен бірге Тұңғыш Президенттің серіктестері естеліктерімен бөлісіп, жиналғандарға қызықты да мазмұнды оқиғаларды айтып берді.. Теміртаудың Құрметті азаматы, металлург Қуаныш Омашев Елбасының металлургия өнеркәсібін дамытуға қосқан үлесі туралы пікірін білдірді.
Еңбек ардагері, Теміртаудың Құрметті азаматы Нина Вахитова Теміртаудың дамуын тікелей Елбасының еңбегімен байланыстырады.
– Біз Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында қаламыздың болашағы бар деп есептейміз. Тұңғыш Президентіміз әрқашан да адамдарға деген ілтипатты көзқарасымен ерекшеленетін. Ол қазақстандықтарға қамқорлық көрсетуді, игі істер жасауды жалғастыруда, – деп сыр ақтарды еңбек ардагері.
Кездесуде болашақ Тұңғыш Президент оқыған мектеп туралы бейнеролик көрсетіліп, Елбасының сыныптасы Күләш Әмірова мектептегі жылдар туралы қызықты естеліктер айтып берді.
Сондай-ақ, кездесуге қатысқан балалар үйінің бұрынғы түлегі Бақытгүл Ғабдуллина өзінің өміріне тікелей қатысы бар жан тебірентерлік оқиығаны баяндап берді. Басында баспанасы жоқ жетім қыз Елбасына хат жолдап, көмек сұраған екен. Оның хаты назардан тыс қалмай, тұрғын үй мәселесі оңынан шешіліпті. Бүгінгі күнде Бақытгүл Қабдуллина тасы өрге домалаған кәсіпкер және бақытты ана екен.
– Бұл Тұңғыш Президенттің дана саясатының, бастамалары мен бағдарламаларының, сондай-ақ әрқайсымыздың өмірімізге жанашырлық танытуының арқасында мүмкін болды. Бірінші желтоқсан мен үшін Нұрсұлтан Әбішұлына деген құрмет пен алғыстың күні, – деп тебіренді Бақытгүл.
Мазмұнды және ғибратты жағдайда өрбіген басқосуда әртүрлі мамандық иелері мен ұрпақ өкілдері Елбасына арналған алғыс сөздерін айтты. Ұлытау ауданының жас ақыны Мұқағали Сейтқазы да өз шығармасын осы тақырыпқа арнады. Сондай-ақ, дәрігер Нұрқаси Аббатов барлық тұрғындарды денсаулық шараларын сақтауға шақырды.
Кездесудің соңы Жезқазған балабақшасы тәрбиеленушілерінің кешке жиылған қонақтарды мерекемен құттықтап, өлең оқып, сыйлықтар ұсынуымен түйінделді.
Қарағанды облысы