Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы өтіп, онда еліміз үшін маңызды бірқатар заң жобасы мақұлданды.
Цифрландыру үдерісіне сәйкес қадам
Тарқата айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Парламент депутаттары әзірлеген бұл заң жобасы жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Қанат Мусин: «Құжатта Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жүргізушінің өзімен бірге алып жүруге міндеттейтін нормаларды алып тастау көзделген және де аталған нормаларды сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау ұсынылады. Сонымен қатар заң жобасында жол салушыларды жолға байланысты құрылыстарды алдын ала келісуге және оларға сараптама жүргізуге міндеттейтін нормалар көзделеді. Сондай-ақ шығарылған уақыты 10 жылдан асқан автобустарды бастапқы мемлекеттік тіркеуге тыйым салу ұсынылады», деді.
Талқылау барысында депутат Фахриддин Қаратаев: «Жасыратыны жоқ, кейбір аймақтарда жолаушыларды ескі автобустармен тасымалдайды. Тіпті өткен ғасырдың 80-жылдары шығарылған автобустар да кездеседі. Осы норманы қабылдау ескі автобустарды пайдалануға болмайтын жағдайға алып келмей ме?» деген сұрақ қойды.
Әріптесінің сауалына орай Қанат Мусин әлгі өзгеріс еліміздегі жолаушылар тасымалына ешқандай кедергі келтірмейтінін айта келіп, «Бұл қазір пайдаланылып жүрген автобустарға қатысы жоқ. Аталған өзгеріс Қазақстанға тек бірінші рет әкелінген, алғаш тіркеуге қойылатын автобустарға байланысты. Себебі автобустардың көбісі ескі, осының салдарынан апаттар жиілеп кетеді. Сондықтан тиісті норма енгізіліп отыр», деді.
Айта кетейік, аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында жүргізушілердің көлік құралына Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен тіркеу құжаттарын өзімен бірге алып жүрмегені үшін әкімшілік жауапкершілігін алып тастау туралы берген тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Көрсетілген құжаттар ішкі істер органдарының дерекқорында бар және қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері олардың бар-жоғын дерекқорға қосылу арқылы тексере алады. Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулиннің пікірінше, қазіргі ақпараттық технологиялар кеңінен дамыған цифрлы кезеңде жүргізушілерден тиісті құжаттарды талап ету, ол – қажетсіз. Себебі полиция жүргізуші мен оның көлік құралы туралы барлық қажетті ақпаратты жеке куәлік негізінде электронды мәліметтер қорынан таба алады. Айта кету керек, түзетулер шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды.
Ғылыми әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігі артады
Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы туралы баяндама жасаған депутат Жәмила Нұрманбетова құжатта ұлттық ғылыми кеңестерге коммерцияландыру жобаларын мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру бөлігінде функциялар беру көзделетінін жеткізді. Сондай-ақ ол құжатта конкурстық рәсімдердің ашық болуы мақсатында Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығына ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың, ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларының сараланған тізімін қалыптастыру және ұлттық ғылыми кеңестерге жіберу қарастырылғанын, ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың орындалған жобаларының нәтижелерін бағалау және нәтижелілігіне мониторингті жүзеге асыру жөніндегі функцияларды беру ұсынылатынын айтты. Бұдан басқа құжат бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілері ғана қатысады деп белгіленеді. Үздік ғылыми қызметкерлерге «Үздік ғылыми қызметкер» атағын беру және 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант беру арқылы оларды материалдық көтермелеу шаралары көзделіп отыр. «Тұтастай алғанда, заң жобасын қабылдау ғылымның ел экономикасын дамытуға қосатын үлесін жақсарту, ғылыми әлеуеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажетті жағдайлар жасайды деп есептейміз», деді депутат.
Конвенция ережелері заңнамалық актілерге енгізіледі
Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының негізгі мақсаты – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерін еліміздің бірқатар заңнамалық актілеріне енгізу.
Заң жобасына қатысты баяндама жасаған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «2018 жылғы 12 тамызда VI Каспий саммиті барысында қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны Қазақстан 2019 жылғы 8 ақпанда ратификациялады. Конвенция құқықтық реттеуді қажет ететін әрбір мәселе бойынша табанды әрі қағидатты пікір-таластармен қоса, 20 жылдан астам уақыт алған ұзақ және күрделі келіссөздер үдерісінің нәтижесі болды. Каспий жағалауы мемлекеттері акваторияны әртүрлі режімге, аумақтарға, ішкі суларға, ені 15 теңіз милі болатын аумақтық суларға, 10 мильдік балық аулау және ортақ теңіз кеңістігіне бөлу туралы консенсусқа қол жеткізді», деді Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Құжатта «балық аулау аймағы», «балық аулау аймағының режімі» деген ұғымдар енгізілген. Сондай-ақ балық аулау аймағында су биологиялық ресурстарына кәсіпшілік жүргізуге Қазақстан Республикасының айрықша құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі мемлекеттік органдардың құзыреті және олардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі бекітіледі.
Оңтайлы өзгерістерге қолдау білдірді
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да мақұлдады. Онда уран өндіру кезеңін ұзарту рәсімін жетілдіру, жер қойнауын пайдаланушыларға уран өндіру кезеңінде геологиялық құрылымдарды және уран кен орны қорларын нақтылау мақсатында өндіру учаскесін жете зерттеуді жүргізу мүмкіндігін беру қарастырылған. Сондай-ақ уран өндірудің тәжірибелік-өнеркәсіптік жобаларына қойылатын талаптар, уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарына мемлекеттік сараптама жүргізу тетігін айқындау көзделген. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында жұмыс тобының мүшелері жобалау құжаттарына және игеру талдауларына тәуелсіз сараптама ұйымдастыру және жүргізу шығындарын өтеуге, уран кен орны қорлары көлемінің өсімі бастапқы көлемнен 30 және одан да көп пайызға артқан жағдайда, жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаны іске асыру жөніндегі қосымша міндеттемелеріне қатысты түзетулер бар.
Одан әрі палатада «Нотариат туралы» заң жобасы талқыланып, мақұлданды. Бұл заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты – нотариат туралы заңнаманы, сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық жүйесін жетілдіру. Түзетулердің бірінші блогы – нотариат жұмысындағы цифрлы технологияларға арналған. «Түзетулердің бірінші блогы нотариат жұмысындағы цифрлы технологияларға арналған. Нотариаттық қызметті одан әрі цифрландыру – жасалатын іс-қимылдардың жеделдігін, ашықтығын және заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, нотариаттық құжаттарды ресімдеуді жеңілдетеді. Бұл үшін электронды нотариаттың жекелеген ерекшеліктерін заңнамалық реттеу қажет», деді депутат Балайым Кесебаева. Оның айтуынша, заң жобасында «нотариаттық құпия» ұғымы енгізіледі. Нотариаттық құпия – нотариаттық қызметтің негізгі принциптерінің бірі және кепілі болып саналады. «Тәртіптік іс жүргізуді объективті және жан-жақты қарау мақсатында шағымдарды республикалық деңгейде қарайтын Республикалық нотариаттық палатаның тәртіптік комиссиясын құру заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Заң жобасында электронды құжаттың қағаз жеткізгіштегі құжатпен тең мәнділігін куәландыру және қағаз түріндегі құжаттың электронды құжатпен тең мәнділігін куәландыру сияқты екі жаңа нотариаттық іс-әрекет енгізіледі», деді депутат.
Сонымен қатар депутаттар Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері елшіліктерінің қажеттіліктеріне Нұр-Сұлтан қаласында және Әбу Даби қаласында жер учаскелерін өтеусіз пайдалануға өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Келісімде Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің аумағында екі мемлекеттің елшілік объектілерін салу қажеттілігі үшін жер учаскелерін өзара алмасуды құқықтық қамтамасыз ету қарастырылған. Осыған байланысты, өтеусіз жер пайдалану шартымен 49 жылға, кейіннен осындай мерзімге ұзарту мүмкіндігімен, біздің елімізге Әбу Даби қаласынан алаңы 1,2 гектар болатын жер учаскесі беріледі.
Отырыс барысында Мәжіліс екінші оқылымда «Мақта саласын дамыту туралы» заңның күші жойылды деп тану және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» және ветеринария мәселелеріне қатысты заң жобаларын мақұлдады.
Жиын барысында Мәжіліс депутаттары «Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы», сондай-ақ «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын жұмысқа алды.
Отырыс соңында Н.Әшімбетов, Ш.Хахазов, Д.Еспаева және А.Перуашев құзырлы орындарға депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Н.Әшімбетов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында халықтың табысы төмен бола тұра, азық-түлік құнының өсуі жалғасып отырғанын, жыл басынан бастап азық-түлікке деген инфляция 10%-дан асқанын, бұл – ЕАЭО деректері бойынша осы ұйымға кіретін елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш екенін жеткізді.
Депутат Дания Еспаева Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында ««Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы Үкіметке шұғыл түрде «Дәрігер мен медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп, енгізуді ұсынады», деді.