Кәсіпқой бокстың орта салмағында өнер көрсететін қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокс кешінде шаршы алаңға шығып, кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Ресейлік боксшы Илья Баландинмен (4-3-1, 2 КО) жұдырықтасқан отандасымыз бірінші раундтан бастап рингтің ортасында билік жүргізіп, қарсыласын соққының астына алды. Жерлесіміздің үшінші раундтағы сериялық соққыларынан кейін жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталуы да мүмкін еді. Алайда соққы көтере алатынын байқатқан Баландин Нұрсұлтановтың соққыларынан оңай сытылып шықты. Сөйтіп екі боксшы да белгіленген сегіз раундта толық жұдырықтасып, төрешілердің бірауыз шешімімен Мейірім Нұрсұлтанов жеңіске жетті. Бұл – Мейірімнің кәсіпқой бокстағы 14-ші жеңісі.
Айта кетейік, жерлесіміз ең кейінгі жекпе-жегін 2019 жылдың 2 қарашасында Лас-Вегаста (АҚШ, Невада штаты) өткізіп, мексикалық Кристиан Оливастан басым түскен еді.