Қазақ тіл білімінің дамуына бар ақыл-ой қуатын, бар ғұмырын арнаған, қоғамдық сананың кемелденуіне, замана талаптарына сай ұдайы жаңғыруына зор үлес қосып келе жатқан көнекөз ғұламалар мен ұстаз-ғалымдардың жан жағына жарық шашқан жарқын шоғыры бар еді. Оның тобында ақырын жүріп, анық басып келе жатқан қарымды қайраткерлердің бірі Рақыш Сәтұлы Әмір болатын. Бүгінде сол жарық шашқан жарқын шоғырдың тобы селдіреген, көз жетер жерде тоқсаннан жүзге қарай өрлеп келе жатқан Рақыш Сәтұлы көрінеді.
Рақыш Сәтұлы Әмір ғылым мен білім саласында қол жеткізген жетістіктерін насихаттауға, жиналған жұрттың алдында жалаулатып сөз сөйлеуге, замандастарын мақтау мен мадақтауға да, мақтануға да құштар жан емес. Өзін көрсетуге, ел алдында жарқырап көрініп қалуға да құлшынған емес. Абай айтқандай, Рақаң ешуақытта өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артыламын демеді. Бұл – екінің бірінен табыла бермейтін, ал Рақаңның өзінде нұрын шашып, жарығын төгіп, жарасып тұратын тамаша қасиет.
Рақыш Сәтұлы 1946-1951 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқыды. М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ы.Маманов, Е.Ысмайлов секілді қазақ тілі мен әдебиетінің жарқын жұлдыздарынан тәлім-тәрбие алды. Университетті үздік дипломмен бітірген, ғылымға бейімі бар, зерттеушілік қабілеті зор талантты жас ретінде аспирантурада оқуға қалдырылды. 1955 жылы филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Жас ғалым жолдамамен еліміздің Оқу министрлігіне қарайтын Педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтына келді. Осы институтта аға ғылыми қызметкер, бастауыш мектеп секторының меңгерушісі, партия ұйымының хатшысы, директордың орынбасары секілді қызметтер атқарды, қазақ орта мектебіндегі білім мен тәрбие мазмұнын, оқыту әдістері мен құралдарын жетілдіру бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына басшылық жасап, оқу пәндерінің мемлекеттік тұжырымдамаларын, стандарттарын, сондай-ақ бағдарламалары мен оқулықтарының, әдістемелерінің жаңа буынын жасап, өндіріске енгізуді қамтамасыз етті. Жалпы, орта білім беру жүйесін дамыту, орта мектептегі оқу мен тәрбие жұмыстарының сапасын жақсарту бағытында ерен еңбек етті.
Ұлттық ғылым академиясы Тіл білімі институтында қазақ тілінің әлеуметтік маңызы үлкен іргелі ғылыми мәселелерін зерттеп, докторлық диссертация қорғады (1972), ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері, жай сөйлем синтаксисі саласында қол жеткен зерттеу нәтижелері бойынша бірнеше іргелі ғылыми еңбектер жариялады, халықаралық ғылыми конференциялар мен кеңестерде, симпозиумдарда білім мен ғылымның көкейкесті деген өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасады, қазақ тіл білімі саласында жаңа ғылыми қағидалар жүйесін қалыптастыруға қол жеткізді, ғылымның соны жетістіктерін жедел өндіріске енгізудің әдістемелік негізін жасады. Ғалымның басшылығымен және тікелей қатысуымен орындалған, өндіріске енгізілген осы жұмыстардың әрбірінің ғылыми және практикалық маңызы жоғары еді. Олар орта және жоғары мектеп жүйелеріндегі білім мазмұнын байытуға, оқу мен оқыту теориясын жетілдіруге негіз болды.
Рақыш Сәтұлы 1975-1979 жылдары өзі түлеп ұшқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде кафедра меңгерушісі, декан болып еңбек етті. Ол тұстарда филология факультетінің әр кафедрасында білім мен ғылым, шығармашылық әлемінде жеткен жетістіктері бүкіл республикаға жайылған ірі тұлғалар қызмет етуші еді. Ал филология факультетінің ғылыми әлеуеті бүкіл республика жоғары оқу орындарының осы саладағы ғылыми әлеуетінен асып түсетін. Мұндай бай интеллектуалдық ортада басшы болып қызмет атқару Рақыш Сәтұлының жоғары мектеп, жоғары білім беру, жоғары білімді мамандар даярлау ісінің барлық маңызды, басты қырларын жете игеруіне, өмірлік тәжірибесінің баюына, танымының тереңдеуіне ықпал етті. Мұның өзі жігері тасыған қайраткер тұлғаны ұстаздықта, ғылыми жұмыста, жоғары білім беру ісін ұйымдастыру мен басқаруда жаңа биіктерге жетеледі. Білім беру, маман даярлау сапасын ұдайы арттыруға ұмтылған декан филологиялық білім мен филология ғылымдарының дамуына нақты үлес қосты: «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы жанынан араб тілі мамандарын даярлауға қол жеткізді; жоғары білікті ғалым-ұстаз мамандар даярлау ісіне қуатты қозғау салды. Нәтижесінде университет жанынан «Қазақ тілі», «Орыс тілі» ғылыми мамандықтары бойынша ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін қорғататын диссертациялық кеңес ашты. Бұл жоғары білікті мамандар даярлау жүйесіндегі мемлекеттік мәні бар ірі жетістік еді.
Алматы шетел тілдері институтының ректоры әрі кафедра меңгерушісі болып еңбек еткен 1979-1987 жылдары Рақыш Сәтұлы жоғары мектеп қайраткері ретінде білімі мен тәжірибесін, басқару мен ұйымдастырудағы талантын, бар күш-қуатын толық ашып, батыл жұмсауға мүмкіндік алды. Ректордың білім сапасын, маман даярлау ісін шұғыл жақсарту бағытындағы биік мақсаттарына сай белгіленген міндеттерді іс жүзіне асыруға институттың материалдық базасы, жалпы ресурстары дәрменсіз болды. Аз уақыт ішінде тұтас бір іргелі жоғары оқу орнының материалдық, адами ресурстарын қажетті талаптар деңгейіне көтеру айтуға оңай болғанмен, іс жүзінде өте қиын, бұралаңы да, бұлтарысы да бар, сөйте тұра барынша өзекті және жауапты міндет еді. Рақыш Сәтұлы осының бәрін ой таразысына салып, екшеп, атқарылар іс-шаралардың нақты нәтижесіне белгіленген мерзімде қол жеткізуге құлшынды, соған бүкіл ұжымды жұмылдырды. Алғашқы ірі нәтижеге бес жылдан соң қол жетті. Содан соң-ақ жоспарланған іс-шаралар өз нәтижелерін бере бастады. Оқытушы-профессорлардың біліктілігі көтерілді, институттың адами ресурстарының сапасы айтарлықтай өсті, материалдық-техникалық базаны жақсарту күтілген нәтиже деңгейінде жүзеге асырылды. Оқу-әдістемелік жұмыс жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Институт республикадағы шетел тілдерінің мұғалімдерін, оқытушыларын заман талаптарына сай даярлау мен қайта даярлаудың және осы саладағы істерді оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етудің республикадағы бірден-бір басты орталығына айналды, еліміздің мәдени, әлеуметтік, экономикалық дамуын әлемдік кеңістікке шығаруға терезе ашты. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тұсындағы империялық астамшылықтың, қазақ ұлтшылдығы туралы жалалы сойқанның соққысын, қуғын-сүргіннің ызғарын институт ректоры Р.С.Әмір де бастан өткерді, көрмегенді көрді. Ректор 1987 жылы өзін ректорлық лауазымнан босату туралы арыз жазып, бірыңғай ғылыми-педагогикалық жұмысқа ауысты.
1988-1991 жылдары Педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті де, 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, ұстаздық қызметіне, қайта оралды. Жоғары мектептегі ұстаздық қызмет ғалымның ғылыми ізденістерінің арнасын кеңейтті. Университетте ұстаздық қызметі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын тең ұстай отырып, қазақ тілінің іргелі теориялық мәселелерін зерттеп, қазақ тілі пәнінің мазмұны туралы жаңа тұжырымдаманың ғылыми-әдістемелік негізін жасады, жай сөйлем синтаксисі бойынша оқу пәнінің мазмұнын анықтады, оқу бағдарламаларын, лекциялар курсын дайындады. Ғалымның осы бағытта жылдар бойы жүргізген ізденістері мен зерттеулерінің нәтижелері мектеп оқушыларына арналған «Қазақ тілі» оқулықтарында, университеттер мен педагогикалық институттардың филология факультеттері студенттеріне арналған «Жай сөйлем синтаксисі», «Қазіргі қазақ тілі. Құрмалас сөйлемдер жүйесі» оқулықтарында, теңавтор болып жазған академиялық қалыптағы «Қазақ тілінің грамматикасы», «Қазақ грамматикасы» сияқты іргелі еңбектерінде көрініс тапты. 300-ден астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік еңбектер жариялады. Тәуелсіз Қазақстанның халық шаруашылығы, ғылымы мен білім беру жүйесі үшін сан мыңдаған жоғары білімді мамандар тәрбиеледі, жеке өзінің жетекшілігімен 20-дан астам ғылым докторлары мен кандидаттарын даярлады. Ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаздың интеллектуалдық қызметі, жазған оқулықтары, оқу құралдары, зерттеулері, ғылыми-көпшілік еңбектері Қазақстанның бастауыш сынып оқушыларынан жоғары мектеп докторанттарына дейінгі аралықта талай буын білімді, мәдениетті ұрпақтың өсіп-өркендеуіне ықпал етті.
Р.Әмір өзінің көп жылдық және қажырлы ғылыми-шығармашылық, ғылыми-педагогтік, қоғамдық қызметімен Қазақстан Республикасының тіл саясатын іске асыруға, мемлекеттік тілдің дамуына, мәдени, рухани және зияткерлік әлеуетінің артуына үлкен еңбек сіңірді, қазақ тілінің білім берудің барлық деңгейлері бойынша оқу пәні ретінде жетілуіне, ғылым пәні ретінде дамуына, білім беру жүйесінің жаңаруына, жоғары білімді және жоғары білікті мамандар даярлау сапасын арттыруға аса зор үлес қосты.
Ғұлама-ұстаздың түсі игі: бейне бір қақтаған ақ күмістей. Тоқсанға толып, жүзге бет алған түсі игі, жаны ізгі жайсаң жан сырты күміс, іші алтын кісі асылындай болып көрінеді.
Редакциядан: Өкінішке қарай, бет қатталып жатқанда жоғарыдағы мақала кейіпкері белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Рақыш Сәтұлы Әмірдің қайтыс болғандығы туралы жайсыз хабарды естідік. Осыған байланысты марқұмның отбасына ауыр қайғысына ортақтаса отырып көңіл айтамыз.
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор