• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Желтоқсан, 2020

Нұр-Сұлтан спорт федерацияларына қандай жағдай жасалады?

191 рет
көрсетілді

Алтай Көлгінов спортпен айналысу үшін қосымша орындарды қарастыруды және бөлуді, саябақтарда федерациялар үшін қолайлы инфрақұрылым құруды тапсырды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Жыл сайын спортпен белсенді айналысатын адамдардың саны артып келеді. Қала тұрғындарының спортпен тек хобби ретінде ғана емес, сонымен қатар кәсіби түрде айналысатыны бізді қуантады. Бұған дейін бірқатар спорт федерацияларының басшыларымен кездесіп, спортшыларға спорт нысандарын, спорттық медициналық мекемелерді бөлу, сондай-ақ киім-кешекпен жабдықтау және т. б. мәселелерді талқыладық.

Әр түрлі спорт түрлері бойынша федерациялардың мүдделерін толық қамту үшін коньки тебушілер (мәнерлеп сырғанау, шорт-трек), биатлон, керлинг, шаңғы жарыстары және т. б. федерация басшыларымен кездестім. Спортпен айналысу үшін қосымша орындарды қарастыруды және бөлуді, саябақтарда федерациялар үшін қолайлы инфрақұрылым құруды, оның ішінде киім ауыстыру, керек-жарақтарды сақтау және т. б. үшін арнайы орындарды абаттандыруды тапсырдым.

Биыл "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша бірқатар спорт нысандары жөнделді, 760 мың шаршы метр (аулалар, қоғамдық кеңістіктер) абаттандырылды. Қаланың елді-мекендерінде төрт ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Спорт нысандарын салу кезінде бір ғимаратта бірден бірнеше федерацияның жұмыс істеуі үшін нысандардың спорттың түрлі саласына бейім болуын назарда ұстаймыз", - деп жазды Алтай Көлгінов.