Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Біржан Оспанов Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен онлайн-брифинг барысында алдағы мерекелік күндерді ескере отырып, коронавирусты жұқтырып алмау жөнінде кеңестер берді, деп хабарлайды Egemen.kz
"Мереке күндері, соның ішінде жаңа жыл мерекесі кезінде біз әрқашан пациенттердің үлкен ағымын күтеміз. Бірінші кезекте, бұл петардалар, отшашулар және т.б. іске қосу кезінде алатын жарақаттармен байланысты. Тұрмыстық жарақаттар бар. Сондай - ақ, уланып түсетіндердің де саны өте көп", деді Б.Оспанов.
Сонымен бірге, коронавируспен байланысты жағдайды ескере отырып, Б.Оспанов алматылықтарды жаппай шараларды өткізуден бас тартуға, соның ішінде мереке кезінде байланыс жасауды шектеуге шақырды.
"Біз жақындарымызбен, достарымызбен араласып тұрғанды жақсы көреміз, әсіресе мереке күндері олармен бірге болғымыз келеді. Құрметті азаматтар, біз сіздерден байланыстарды шектеуді, осылайша өз туыстарыңызды қорғауды, көп жиналмауларыңызды сұраймыз. Көпшілік іс-шараларды өткізуден аулақ болу керек. Вирустың байланыс жасау және ауа тамшылары арқылы таралатынын есте ұстаған жөн. Бетперде киіңіз, қолыңызды өңдеңіз, бөлмелерді дезинфекциялаңыз", деген бас дәрігер тұрғындарды барлық алдын-алу шараларын сақтауға шақырды.