• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Желтоқсан, 2020

Интернет-алаяқтық белең алды

1161 рет
көрсетілді

СҚО-да соңғы 4 күнде 7 интернет-алаяқтық тіркелді. Оның ішінде 39 жастағы Тайынша ауданының тұрғынына аса көп шығын келтірілген, деп хабарлайды Egemen.kz

Әйел тегін хабарландырулар сайты арқылы жиһаз сатқан. Онымен қаскөй байланысқа шығып, сатып алуға дайын екенін,  ал шоты Ресей банкінде деп төлем жасау үшін ЖСН мен карта нөмірін атауын сұраған. Алушы табылғанға қуанған әйел "жүк тиеушілер" келеді дегенге мекенжайын да айтқан.

Телефонмен сөйлесу барысында жәбірленуші сандар жазылған коды бар sms-хабарлама алған. Ар жақтағы әйел түбіртек толтыру үшін осы сандарды атауын сұраған. Алаяқпен сөйлескеннен кейін жәбірленуші банкке қоңырау шалған. Сөйтсе... Банктегі депозитінен үш кезеңмен 2 миллион 600 мың теңгеден астам барлық жиған қаражаты алынғаны айтылған. Деректерге қол жеткізгеннен кейін, қылмыскер интернет-банкингтің бар мүмкіндіктерін пайдаланыпты. SMS-хабарламадағы кодтар оған жәбірленушінің шотындағы операцияны растауына мүмкіндік берген. Аталған факті Қылмыстық кодекстің "Алаяқтық" бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Ал Петропавл қаласының 54 жастағы әйел тұрғыны банктің қауіпсіздік қызметінен деп қоңырау соққан сұмдардың арбауына түсіп қалған. Алаяқ оның шотынан біреулер барлық ақшасын аударып жатыр деп састырған. Қаражатты сақтап қалу үшін оны басқа шотқа ауыстыру қажет деп соққан. Әйел картасының нөмірі мен sms-хабарлама кодты айтқан, содан кейін шын мәнінде оның депозитінен 700 мыңнан астам теңгесі жоқ болып шыққан.