Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңаша даму бағдарын айқындап, нақты мақсат-міндеттерді белгіледі. Ұсынылған реформалардың тиімді орындалуы үшін алдымен жаңа заң нормаларымен бекемделуі тиіс. Осы ретте Президенттің Парламенттегі Өкілдігінің басшысы Бейбіт Исабаевпен сұхбат құрып, Мемлекет басшысы көтерген бастамаларды жүзеге асырудың заңнамалық негіздері хақында сөз қозғадық.
– Бейбіт Өксікбайұлы, Президенттің жүргізіп отырған жаңа реформалары мен бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қалай жүргізіліп жатыр? Мұның алғашқы нәтижелері қандай?
– Мемлекет өмірінің қандай да бір саласында болсын жасалатын өзгерістер, реформалардың мақсат-міндеттері, жүзеге асыру тетіктері мен нормалары заң жүзінде белгіленіп, сарапталып барып жүзеге асады. Осы бағытта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуының қадау-қадау өзекті мәселелері бойынша берілген тапсырмалары негізінде Үкімет, Парламент депутаттары бірқатар заңды жаңа нұсқада қабылдап, қолданыстағы заң нормаларына көптеген жаңа өзгеріс пен толықтыру енгізді. Ширатып айтатын болсақ, оларды бес бағытқа бөлуге болады. Яғни әлеуметтік сала; қаржы – экономика; мемлекеттік басқаруды түбегейлі өзгерту, оның ішінде мемлекеттік қызмет, жемқорлыққа қарсы күрес; сот жүйесін, құқық қорғау органдарын реформалау; азаматтық қоғам қалыптастыру және саяси реформалар.
Былтыр осы салалар бойынша 33 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде 3 заң, 2 кодекс жаңа нұсқада қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында жалпыұлттық іс-шаралар жоспары құрылған. Сол жоспарға сәйкес биыл жыл соңына дейін тағы 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Келесі жылдың шілде айына дейін тағы бірнеше жаңарған заң қабылданады.
– Мемлекет басшысы айтқандай, өзгерістерді билік өзінен бастауы керек. Бұл ретте мемлекеттік басқару жүйесі, мемлекеттік қызмет туралы заңдарға қандай өзгерістер енгізілді және алда жаңа түзетулер бола ма?
– Қазір жаһан елдері күрделі геосаяси, геоэкономикалық, тектоникалық өзгерістер мен тіпті қисынын түсіну қиын қарама-қайшылықты процестерді бастан өткеруде. Мемлекеттер арасында сенім тапшылығы анық сезіледі. Әлемдік, аймақтық қауіпсіздік сақтау мәселелері ушыға түсуде. Жаһандану жағдайында Қазақстан да мемлекеттік дамуының сындарлы жаңа кезеңіне аяқ басты. Заманның осындай жаңа қауіп-қатерлерін ескере отырып, өз ішімізде қол жеткізген табыстарымыздың тасасында қалып қойып, жылдар бойы шешілмей келе жатқан жүйелі кемшіліктерімізден арылу үшін, бәсекесі артып отырған әлемдік көштен қалып қалмау үшін көп нәрсені жаңаша жасауға тура келеді. Сол себепті мемлекетті тиімді басқару міндеті бірінші орынға шығып отыр.
Осы ретте заңнамалық негізде атқарылған жұмыстарға келсек, біріншіден, Президент Жарлығымен мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік өз алдына бөлек шықты. Мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру процесі жүріп жатыр. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл бүгінде үкіметтің ашық жұмыс жүргізуіне, азаматтық қоғам құруға, билік пен қоғам арасындағы диалогты дамытуға серпін беріп отыр. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы тұжырымдамалық ұстанымын әрі қарай дамытып, түпкі мақсат – халық үніне құлақ асып қана қоймай, «дұрыс, әділ шешім қабылдай алатын», «Әділетті мемлекет құру» қажеттілігіне айрықша тоқталды. Президенттің келесі пайымы – «Жауапты мемлекет – Жауапты қоғам – Жауапты адам» формуласына келіп саяды.
Мойындау керек, мемлекеттік қызметті алға бастырмай, беделіне нұқсан келтіретін кертартпа сипаты – биліктің күнделікті жұмысындағы ашықтық пен әділдіктің әркез болмай жатуы, даңғазалық, жауапкершіліктен жалтару, қағазбастылық, бітпейтін жиналыс және т.б. Мұндай жүйелі кемшіліктерімізді рет-ретімен, үздіксіз-үдемелі, кешенді іс-шараларды жүргізіп қана шеше аламыз. Бұл ретте көп мәселе кадрға келіп тіреледі.
Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде алғаш рет Президенттің кадрлық резерві қалыптасып, 300 кадр іріктеліп алынды. Сонымен қатар саяси және әкімшілік қызметкерлерінің ротациясы жөнінде Президенттің Жарлығы шықты. Бұрын мемлекеттік қызметкерлер бір жерде ондаған жыл істеп отыра беретін. Олар басқа қызметке ауысқан кезде өзінің командасымен ауыспауына жол бермеу заңдық негізде меритократия тәртібімен реттелді. Бұған қоса мемлекеттік қызметкерлердің санын биыл 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқарту жөнінде Президент Жарлығы шықты. Пандемия кезінде 60-80 пайыз қызметкерлер қашықтан жұмыс істеді. Одан өртеніп кеткен, құлап қалған ештеңе жоқ. Сондықтан мемлекеттік аппаратты оңтайландыруға толық мүмкіндік бар. Жалпы, елімізде мемлекеттік қызметкерлердің саны 100 мыңға жуықтайды. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы қатардамыз. Ал қысқарту есебінен үнемделген қаржы қалған қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге ықпал етеді. Еңбекақы еңбегіне қарай, факторлық-балдық шкалаға сәйкес төленеді. Бұл жөнінде 2021 жылы Үкіметтің тиісті Қаулысы қабылданады.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заңға енгізілген жаңа нормаларға сәйкес «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауыл-аймаққа мұғалімдер мен дәрігерлер ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер де бара алады. Яғни ауыл әкімдері аппараттарына да білімді жас мамандар керек. Мемлекеттік қызметшілер ауылға барса, аталған бағдарламаның жеңілдіктерін толықтай пайдаланып, көтерме қаржылық көмек, үй мен жер телімдерімен қамтамасыз етіледі.
– Әділдікті басты ұстанымы санайтын Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі, пәрменді күрес, кешенді іс-шаралар қажет екенін әуелден айтты. Осы ретте жемқорлықпен күресу мәселесі заң жүзінде қаншалықты қатайтылғанына тоқталып өтсеңіз?
– Жемқорлық Қазақстанда ғана емес, әлдеқашан әлемдік проблемаға айналған. Заңы, талап-тәртібі жолға қойылған батыс елдерінің өзінде жемқорлық фактілері аз емес. Біздің елде кейінгі ондаған жылдар бұл мәселе, тіпті ушығып кетті. Оған қарсы күресіміз күткендей нәтиже бермей отыр. Соған байланысты Мемлекет басшысы билік тармақтарының алдында жемқорлықпен күрес жай ғана көзбояушылық, қағаздағы үстірт баяндау, жалған нәтиже деңгейінде қалып қалмай, күрестің тиімділігін күшейтуде ең алдымен заңдарды қатайтуға нақты тапсырма берді. Осы ретте жемқорлықпен күресте қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың белсенді атсалысуымен тиісті заңнамаларға бірқатар нақты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біріншіден, мемлекеттік орган басшылығы, оның ішінде бірінші басшы қарамағындағы орынбасарының, ал олар өздеріне тікелей бағынышты қызметкерлерінің жемқорлыққа қатысты қылмысы сотта дәлелденсе, міндетті түрде жұмыстан кетуі тиіс.
Екіншіден, барлық қабылданатын нормативтік-құқықтық акті жобалары алдын ала сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өтеді. Бұл – министрдің бұйрығы, әкімнің шешімі, Үкіметтің қаулысы, Парламенттің заң жобалары, т.б. Аталған іске түрлі институттар, қоғамдық ұйымдар, сарапшылар, ғалымдар тартылып, қабылданатын нормативті-құқықтық құжаттардың жемқорлық тәуекелдерін анықтайды.
Үшіншіден, депутаттарға, соттарға, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне сыйлық беруге, сыйлық қабылдауға заң жүзінде тыйым салынды. Бұған қоса жақын туысқандардың мемлекеттік органдарда бірге, болмаса, бір-бірінің қол астында қатар істеуіне тосқауыл қойылды. Маман жұмысқа орналасып жатқанда ол жерде жақын туысы жұмыс істейтін болса, алдын ала хабар беруі керек.
Төртіншіден, жемқорлықтың субъектісі ретінде квазимемлекеттік сектордың басшылары және тендер өткізетін, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын құрылымдардың жауапты қызметкерлері де ілінді. Бұрын олар бұл санатқа жатпайтын еді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қабылданды.
Бесіншіден, мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда жемқорлық қылмыс жасап, сотталғандар енді өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластатылатын болады. Осы нормалар қазір Парламент Сенатында қарастырылып жатыр. Жыл соңында қабылданады деп күтілуде. Жуырда қабылданатын жаңа норманың бірі – мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік сектор басшыларының қос азаматтығы болса, олар жұмысынан босатылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерге, депутаттарға, соттарға шетелдік банктерде ақша, қымбат заттар сақтауға тыйым салынады.
Алтыншыдан, құқық қорғау органдарының, соттардың, прокурорлардың жемқорлыққа қатысы анықталса, қылмыстық жауапкершілігі қатаңдатылады. Ауыр және аса ауыр жемқорлық қылмыс жасағандар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына мүмкіндік берілмейді. Аталмыш жаңа толықтырулар да – қазір Сенат қарауында.
Мемлекеттік сатып алуда ашықтық принципінің сақталмауы, тендер өткізу тәртібінің жиі ауысуы, адам факторының ықпал етуі – жалпы жемқорлық тәуекелдерін күшейтетін факторлар. Осы мәселелерді реттеу үшін мемлекеттік сатып алулар жөніндегі заң жобасына тиісті өзгертулер енгізілуде. Мемлекеттік сатып алуда тауар, қызмет түрлерін сатып алуда негіздемелік келісімдер жасалады. Электронды дүкен деген ұғым енгізіліп отыр. Ұсақ-түйек заттарды бір көзден сатып алу тәртібі реттеледі. Бұл процестерде ашықтық толықтай сақталады. Бұрын кім төмен баға берсе, солар тендерді ұтып кететін еді. Ал қазір сапасына көңіл бөлінеді. Сондай-ақ жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін техникалық реттеу заң жобасына да жаңа нормалар енгізіліп, жыл соңына дейін қабылданады.
– Жолдауда айтылғандай, азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, олардың құқықтарының қорғалуы, заң үстемдігін қамтамасыз ету қалай жүргізілуде? Құқық қорғау мен сот жүйесіндегі реформалардың халық күткен нәтижесін қашан көреміз?
– Халықтың лайықты өмір сүруі әлеуметтік мәселелердің жүйелі шешілуі арқылы мүмкін болмақ. Індет күшейген кезеңде қаншама қордаланған мәселенің барына көзіміз жете түсті. Біраз саланың, әсіресе жеке кәсіпкерліктің жұмысы тұралап, көптеген адам нәпақасын тауып отырған жұмысынан айырылды. Осынау қысылтаяң шақта әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға біржолғы жәрдемақы беріліп, банктер алдындағы несиесі жабылды.
Парламенттің өткен жылғы сессиясында құқық қорғау, сот жүйесіндегі реформаларды заңнамалық қамтамасыз етуде үлкен жұмыстар атқарылды. Былтыр желтоқсан айында әкімшілік, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстерге, заңнамаларға бірқатар елеулі өзгерістер енгізілді. Жыныстық зорлық-зомбылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилия, мал ұрлығы, браконьерлік, алкоголь ішіп көлік жүргізу, есірткі таратуға қатысты жаза қатайтылды. Бұлар енді ауыр қылмыс санатына кірді.
Заң жүзінде айыптаушы мен айыпталушының құқы бірдей. Қылмыстық процесте қылмыс жасамаған адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқаны үшін айыптаушы тараптың жауапкершілігі күшейтілді. Сондай-ақ азаматты заңсыз ұстаса, қамаса, жалған куәлік жасауға мәжбүрлесе, айғақтарды бұрмаласа – осындай қитұрқылықтарға баратын құқық қорғау қызметкерлерінің жауапкершілігі заң жүзінде қатайтылды. Айыпталушы тараптың арыз-шағымы қараусыз қалдырылса немесе ешқандай әрекет жасалмаса, заң жүзінде жауапкершілік қарастырылды.
Сонымен қатар сот ісін жүргізуде әкімшілік сот ісі деген ұғым енгізілді. Бұл туралы заң былтыр қабылданды. 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Яғни бұл дегеніміз – соттың төртінші жаңа түрі. Сондықтан бұл соттың іске кірісуіне, дайындалуына уақыт керек.
Қылмыс жасауға итермелейтін арандатушылыққа байланысты бап енді. Адам негізсіз сотталмауы керек. Соның бәрін сотқа дейін прокурор қадағалау керек. Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесінің жұмысында айыптауға бейімділік басым екенін қадап көрсетті. Бұған қосымша қазір Парламентте азаматтардың құқығын сақтауға байланысты қылмыстық-процессуалдық кодекске өзгерістер енгізіліп жатыр. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлікке қарсы заңсыздық іс-әрекеттер ауыр қылмыс санатына жатқызылатынын айтып өтті. Осы ретте тиісті заң жобасына кәсіпкерлердің адал ниетінің презумпциясы туралы жаңа норма қосылды. Аталмыш қосымшалар мен өзгертулер биыл жыл соңына дейін қабылданбақ.
– Бүгінде сындарлы қоғамдық диалогқа баса мән беріліп отыр. Алда елімізде азаматтық қоғамның дамуы, билікпен арадағы диалогтың нығаюы қандай заңдық өзгерістермен реттеледі?
– Кейінгі бір-екі жылдың ішінде қоғам өзгерді. Тіпті пандемиядан кейін бірқатар құндылықтарға басқаша қарап, бар мен жоқтың, обал-сауаптың парқына көзіміз жетті, жалпы ұлттық иммунитетіміз үлкен сынақтан өтті. Жұрт қазір қоғамдағы жаңалықтарға сергек қарайды. Ақпараттық заманда көп мәселені қоғамның ашық талқысына салу арқылы шешуге тура келеді. Қоғамның үні анық естіле бастады. Жақында ғана Бозжырада қонақүй салу, Алматыдағы ағаштарды аяусыз кесу қоғамның объективті наразылығын туғызды. Мәселеге Президенттің араласуына тура келді. Бұл – Қазақстанда қалыптаса бастаған азаматтық, ашық қоғамның айқын белгілері.
Қайбір жылдары жер мәселесіне қатысты үлкен дау туғаны белгілі. Содан соң қоғамдық кеңес құрылып, жер жағдайы жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде, жерді сатуға, жалға беруге қатысты мораторий жарияланған еді. Бұл тақырып кейін кеңінен қаралып, кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мән беріле бастады. Айталық, Ұлттық кеңесте Президент пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін ғарыштық мониторинг қолдану қажет екенін айтты. Бүгінде жер мәселесіне қатысты ғарыштық мониторинг жүргізу жөнінде заңға өзгеріс енгізіліп, қазірдің өзінде төрт облыста 8,3 млн гектар жердің бос жатқаны анықталды. Тақауда қолданыстағы заң жобасына Парламент енгізген қатаң өзгертулерге сәйкес пайдаланылмай жатқан жер телімдері үшін оның иесіне тікелей жер салығының 20 есе көлемінде айыппұл салынады. Бұрын бұл көрсеткіш 10 есе болатын. Сондай-ақ айыппұл салынған соң ол жерді игеруге бір ғана жыл (бұрын екі жыл) уақыт берілетін қатаңдату нормасы қарастырылып жатыр. Сондықтан жер иелері, шаруа қожалықтары еселеп айыппұл төлемес үшін және жерінен айырылып қалмас үшін қарекет ете бастайды.
Парламентте ұзақ талқыланып, қоғамның сараптамасынан өткен Экологиялық кодекс биыл желтоқсанда қабылдануы тиіс. Мұнда экологияны бұзғаны үшін айыппұлды 10 есе өсіру жөнінде нормалар, мемлекет тарапынан басқа да заңдық міндеттемелер кәсіпорындарға табиғатты ластайтын қалдықтарын күрт азайту үшін іс-шаралардың кешенді бағдарламасын жүргізуіне, заманауи арнайы қондырғылар орнатуға тікелей ықпал етеді.
Жыл соңына дейін қабылданатын «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасына да айтарлықтай өзгерістер енбек. Осы кезеңде ақпаратқа қол жеткізу туралы заң қабылданбақ. Алдағы жылдың жазында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы айналымға қосылмақ. Бұлардың негізгі мақсаты – қоғам мен билік арасында екіжақты диалог орнату, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету. Қоғамдық кеңестер 2015 жылғы заңмен әкімдіктерде, министрліктерде құрылған. Алайда қоғам тарапынан кеңестердің құрамы бойынша, жалпы жұмысының тиімділігі жөнінде бірқатар объективті сын-ескертпелер, келіспеушіліктер айтылуда. Осыларды ескере келіп, қарастырылып жатқан заң жобасында квазимемлекеттік секторда да қоғамдық кеңес құру ұсынылып отыр. Кеңестің құрамын анықтайтын жұмыс тобы енді қоғамдық ұйымдарға, белсенділерге беріледі. Бұрын бұл жұмыс тобына сол қоғамдық кеңес құрылатын саланың басшысы жетекшілік ететін. Яғни әкімнің немесе министрдің қоғамдық кеңеске өздеріне «ыңғайлы адамдарды» таңдауына тосқауыл қойылады. Жаңа заңмен қоғамдық кеңес мүшелері тендерлік комиссияның құрамына да енеді. Бұл мемлекеттік сатып алудың ашық, әділ жүзеге асуына ықпал етеді.
Биылғы Жолдауында Президент онлайн петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет екенін атап өтті. Петиция шешім қабылдауға заңды тұрғыдан әсер ететін болады. Яғни қоғамдық ұйымдар, ынталы топтар, азаматтар, билік органының қоғамды толғандыратын мәселе төңірегінде шешімдерімен, іс-әрекеттерімен келіспейтін болса, петицияға қол жинап, онлайн режімде билік органдарына ресми жібереді. Өз кезегінде мемлекеттік органдар петицияны қарап, ондағы көтерілген мәселені шешудің ортақ жолын іздестіреді және қабылданған шешім жөнінде ресми түрде жауап беруге міндеттеледі. Бұл жаңа өзгерістер келер жылы қабылданатын «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы шеңберінде қарастырылмақ.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдағы саяси реформалардың барлығы азаматтарды мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек екеніне баса мән берді. Осы ретте заңнамалықтан нендей жаңалықтар күтеміз?
– Алдымен Үкімет жергілікті өзін-өзі басқару концепциясын әзірлеп жатқанын айтып өткен жөн. Мұнымен қатар елімізде азаматтық қоғам қалыптастыру концепциясы да әзірленуде. Жергілікті мәслихаттарға қол жинап, әлеуметтік – экономикалық маңызы бар іс-шаралар бойынша петиция дайындау құқығын берудің заңнамалық негіздері қарастырылуда. Өздеріңізге мәлім, 2021 жылдың шілдесіне дейін «Ауыл әкімдерін сайлау туралы» заң қабылдануы тиіс. Осы өзгерістердің барлығы түптеп келгенде, қоғамның жалпы мәдениетін, саяси сауатын, азаматтық мінез-ұстанымын, әлеуметтік белсенділігін қалыптастыруға ықпал етеді. Қоғамның бейжайлығы, бейқамдығы мен немкеттілігі демократиялық, құқықтық мемлекетке тән емес, оған керісінше теріс әсер ететін факторлар.
Жалпы, қазір билік пен қоғам арасындағы саяси диалог дамып, бірқатар реформалар рет-ретімен жүзеге асырылып жатыр. Соның бір мысалы ретінде «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы» заңды айтар едім. Күшіне енген бұл заңды бұрынғы заңмен салыстыруға мүлде келмейді. Сондай-ақ «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Бұл заңдарда партияларды тіркеуді жеңілдету, парламенттік оппозиция институтын құру, партиялық тізімде әйелдер мен жастардың үлесін көбейту мәселелері қамтылды. Жалпы, саяси партиялық оппозиция мемлекетке, ұлттық мүддеге қарсы күш емес, олар билік тізгінін ұстап отырған басқа саяси әріптес партиялардың шешімдеріне, іс-әрекеттеріне альтернатива ретінде өз ұсыныстарын, мәселені шешу тетіктері мен жоспарларын Парламентте өткізуге күш салады.
Түйіндеп айтар болсақ, жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің бәрін бірден, бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Заң түзелмей Президент жариялаған реформаларды тиімді жүргізе алмаймыз. Заңмен тікелей реттелмейтін бір-ақ нәрсе бар, ол – біздің жалпыұлттық болмысымыз, интеллектіміз және сындарлы пайым-парасатымыз. Мұндай құндылықтардың қалыптасуы мемлекет пен қоғамның, әрбіріміздің азаматтық ұстанымымызға, ортақ жауапкершілікті сезінуімізге байланысты.
– Сайлау демекші, алдағы Мәжіліс депуттарының сайлауы жалпы Парламенттің бойына қаншалықты қан жүгіртеді? Заңдардың сапалы дайындалуын қалай жетілдіруге болады?
Елімізде басталған реформалардың заңнамалық негізін қамтамасыз ету – Парламенттің басты міндеті. Сондықтан Парламентке артылған жүктің салмағы қазір тым ауыр. Мемлекет басшысы айтқандай, «Парламент тың идеялар, озық ойлар, түрлі пікірлер мен көзқарастар талқылайтын, ортақ шешім қабылдайтын алаң болуы тиіс».
Жасыратыны жоқ, қоғам тарапынан депутаттардың жұмысына түрлі сын-пікірлерді де естіп жүрміз. Парламент өз жұмысын ашық режім жағдайында жүргізуі – бүгінгі уақыт талабы. Депутаттар сауалында көтерілетін түйінді мәселелердің шешімін табудың тиімділігі, Үкіметтің заң шығарушылық жұмысында тұрақты тұжырымдамалық ұстаным, мақсат-міндеттердің айқындығы мен оларды жүзеге асыру механизмдерінің нақты белгіленуін жүйелі жоспарлау қажеттілігі айқын сезіліп отыр.
Бүгінде Сенат пен Мәжілістегі Үкіметтік сағаттар, Парламенттік тыңдаулар өзекті мәселелерге арналып, депутаттардың сауалдарында өткір мәселелер көтерілуде. Жүріп жатқан реформаларға негіз болатын маңызды заңдарды Парламент қабылдап жатыр. Өткен көктем-жаздағы індет қаупіне қарамастан, заң шығарушылық жұмыс бір сәт те іркілген жоқ.
Алда Парламент Мәжілісінің сайлауы. Көпшілікті депутаттық корпустың қаншалықты жаңаратыны, қандай партиялардың өтетіні қызықтырады. Жаңа құрам жаңаша жұмыс істейтін болар. Себебі қоғам өзгерді, соған сай талап та басқаша. Экономикалық, саяси реформалар жүруде.
Заңдардың сапасы туралы сөз қозғасақ, қазір Парламентте «Норма шығармашылық туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Аталған заң бойынша заңдар сапалы болу үшін біріншіден, заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның консультативтік құжатты, оған тиісті алдын ала талдамалық материалдарды қоса бере отырып, қалыптастыру міндеті белгіленеді. Заңды жиі өзгерте беруге болмайды. Отто Фон Бисмарктің «Шенеуніктер жақсы болса, нашар заңдармен мемлекетті басқаруға болады. Шенеуніктер нашар болса, жақсы заңдардың өзі көмектеспейді» деген сөзі бар. Сол айтпақшы, сапалы заң шығару үшін ең алдымен оның қажеттілігін сараптап, өміршеңдігіне мән беру керек. Шала туған заң қағаз жүзінде қалып қояды. Қажетті заң халықтың лайықты өмір сүруіне, қоғамның дамуына қызмет істейді. Ал Үкімет, атқарушы биліктің барлық тармақтары жұмылып тиімді жұмыс істемесе, жақсы әзірленген заңның қоғамға пайдасы шамалы болмақ.
Екіншіден, заңның жаңа нормалары, жаңа баптары алдын ала қоғамның кең талқылануына ұсынылуы керек. Осындай сараптамалардан өтіп барып, заң әзірленіп, Парламентке ұсынылады.
Үшіншіден, заң қабылданғаннан кейін оның толық күшіне енуіне уақыт беріледі. Яғни мұны өтпелі кезең дейміз. Өйткені жаңа нормаларды, тетіктерді бірден іске қосу қиын. Бір жыл өткеннен кейін заңның тиімділігі, алғашқы нәтижелері талқыланады.
– Осы заңдардың ең болмаса жартысы мемлекеттік тілде дайындалса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Сізбен толық келісемін. Заңдарымыздың түпнұсқасы ана тілімізде жазылуы тиіс. Қазір Парламенттің тілі – қазақша. Тіпті басқа этнос өкілдерінің ішінде мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, баяндама жасап жүргендері де аз емес. Парламент мінберіне шыққан Үкіметтің кейбір өкілдерінің ана тілін білмегені қынжылтады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»