• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Елбасы 10 Желтоқсан, 2020

Ел мерейін өсірген Елбасы бастамалары

627 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Тәуелсіздік күніне арналған «Назарбаев моделі: стратегиялық ынтымақтастық және жаһандық келісім» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті.

Халықаралық ұйымдардың өкілдері, қазақстандық және шетелдік белгілі ғалымдар, шет мемлекеттердің елшілері қатысқан халықаралық конференция­ны іс-шараның модераторы, Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашып, «Қазақстан жолы: бі­ре­гей қалыптасу және үдемелі даму» та­қы­рыбында баяндама жасады. Пленарлық бөлімде: жаңғырту үдерістеріне жан-жақ­ты көзқарас, Қазақстанның эволюциялық жолы дамуының квинтэссенциясы болып табылатын теңгерім, жаһандық әлеу­мет­тік-мәдени, технологиялық прог­рес­ті ұстануда көрінетін үзіліссіздік, сабақ­тас­тық, жаһандық секілді «Қазақстандық жолды» құрайтын бес негізгі санат атап көрсетілді.

«Қазіргі Қазақстанның дамуы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен және оның қызметімен тығыз байланысты. Елбасының кемеңгерлігі мен көре­гендігінің арқасында біз небір тар жол, тайғақ кешуден де, неше түрлі сыннан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман өттік. Тұңғыш Президентіміз ұстанған саясат Қазақстанның бүкіл әлем мойындаған өзіндік, «Қазақстандық жол» деп аталатын ерекше жолмен дамуына мүмкіндік берді», деді Ә.Рахымжанов.

Қатысушыларға Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының Бас хатшысы Вла­димир Норов бейнеүндеу жасады. «Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар­баев әзірлеген және дәйекті түрде іске асы­рылатын елдің моделі, саяси және әлеу­меттік-экономикалық реформалар­ды жүзеге асыру, қоғамдық келісім мен ұлт­тық бірлік тұжырымдамасын іске асыру, мемлекеттік және қоғамдық инсти­тут­тарды дамыту әлемнің көптеген елінде үлкен қызығушылық тудырады. Оның беделді әрі шынайы үніне БҰҰ-да және қазіргі заманның өзекті мәсе­лелері талқыланатын басқа да ауқымды алаңдар да мұқият құлақ асады. Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның бастауында тұрды және ұйымның дамуы мен нығаюына, оның халықаралық аренада мәртебесі мен беделін арттыруға зор үлес қосты», деді В.Норов.

Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Дархан Қыдырәлі «Түркі интеграциясының архитекторы» тақырыбын тарқатып айтты.

«Көп түріктің атажұртында жаңа мем­лекеттің іргесін қалаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі әлемінің ынты­­мақтастығына әу бастан айрықша мән беріп, туыс жұртты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғады. Түркі­тілдес мемлекеттердің алқалы басқо­суларына ұйытқы болып, Түркі Кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Түркі Ақса­қал­дар кеңесі, Халықаралық Түркі акаде­миясы сынды іргелі ұйымдардың негізін қалап, маңызды идеяларға бастамашы болды», деп атап өтті Д.Қыдырәлі.

Джордж К.Маршалл атындағы қауіп­сіздік мәселелерін зерттеу жөніндегі Еу­ро­­­палық орталығының профессоры Гре­гори Глисон «Қазіргі уақыттағы стра­­те­гия­лық ынтымақтастық және жаһан­­­дық келісім – Назарбаев моделінің мәні» тақы­ры­­бына тоқталды. Ғалым өз баян­дама­­сында: «Назарбаев моделі» соңғы 30 жылда көрсетілген ең табысты да­му бағ­­дар­­ламасы екенін атап өтті. Бұл модель пост­­­ке­ңестік кеңістікте ғана емес, бүкіл әлем­де табысты. Бұл көпшілік мойын­даған үлкен жетістік. «Назарбаев моделі» жаһан­­дық маңызға ие, әсіресе қазіргі әлем­дік тәртіптің өзгеру кезеңінде», деп ой бөлісті.

Ресей ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалары жөніндегі директоры Юрий Солозобов атап өткендей, «Назарбаев моделі» Қазақстанға бірегей тарихи мүмкіндікті – халықаралық қатынастарда табысты әрі беделді мемлекет  болуға мүмкіндік берді».

«Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары үнемі тосын және өзекті. Олар жаһандық қарқынымен және дөп түсетін саяси болжамымен таңғалдырады. Әлемдік саясатта «Назарбаев моделі» терминінің пайда болуы бекер емес. Мен оны тиімді және кейде тосын страте­гиялардың жиынтығы ретінде анықтай­мын. Бұл Елбасының әлемдік табысты саясаткер және реформатор, дана бітімгер және еуразиялық интеграцияның бастамашысы ретіндегі авторлық моделі», – деді Ю.Солозобов «Назарбаев моделі: жаһандық келісім үшін жаңа стратегия» тақырыбындағы баяндамасында. 

Конференцияға Өзбекстан Респуб­ли­касының Қазақстан Республика­сын­дағы Төтенше және өкілетті елшісі С.Нияз­ходжаев, Мажарстанның Қазақ­стан Рес­публикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Галошфаи, Әзербай­жан Мемлекеттік басқару академия­сы жанындағы Саяси зерттеулер инсти­тутының директоры Э.Насиров, Қазақ­стан Сыртқы істер министрлігі жанын­дағы Сыртқы саяси зерттеулер инсти­туты Халықаралық ұйымдар мен инте­гра­циялық бірлестік бөлімінің басшысы М.Жарбосынова қатысты.

Конференцияда Қазақстанның көп ­век­торлы бейбітсүйгіш саясаты, Елба­сының сыртқы саяси бастамаларына байланысты саяси, экономикалық, құқықтық, тарихи, мәдени, әлеуметтік және басқа да аспектілері талқыланды.