Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қарастырылып отырған кезеңдегі экономика дамуының оң қарқынын атап өтті. Құрылыс индустриясы мен өңдеу өнеркәсібі жақсы дамып келеді. Сондай-ақ қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік жақсаруда, ұзақ мерзімді тауарларға сұраныс қалпына келтірілуде. «Нақты сектордың өсуі 2%-ға дейін жеделдеді. Қызмет көрсету саласының өсу қарқыны минус 5,9%-ға дейін жақсарды. Осы жағдай ықпалымен ішкі жалпы өнімнің өсуі минус 2,8% деңгейінде қалыптасты», деді Р.Дәленов.
Жағдайдың жақсаруының негізгі себептері – өндіруші емес секторларға тартылған инвестициялар, экономиканы кредиттеу, нақты сектордың өсуі және қызметтер саласының жандануы, сондай-ақ экономиканы қолдау бойынша іске асырылып жатқан шаралар. Тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялар 17,3%-ға өсті.
Қарашаның көрсеткіштері қызмет көрсету секторының жанданғанын көрсетті. Министрдің айтуынша, сауда 17,1%-ға, өнер, ойын-сауық және демалыс 17%-ға, техникалық қызмет 15,9%-ға, тұру және тамақтану бойынша қызметтер 10,5%-ға, білім беру 7,6%-ға, байланыс 4,5%-ға, техника мен бұйымдарды жөндеу 3,5%-ға ұлғайды. Осылайша, қызмет көрсету саласының қалпына келуі жалғасуда. 10 айда сыртқы сауда айналымы 70,5 млрд долларды құрады. Экспорт 39,2 млрд, импорт 31,3 млрд болды. Осылайша, 7,9 млрд доллар деңгейінде сауда теңгерімінің оң сальдосы сақталды. «Өңдеу өнеркәсібінде 3,3% деңгейінде өсім сақталуда. Бұл ретте тау-кен өндірісі өнеркәсібі 3,4%-ға төмендеді. Соның салдарынан өнеркәсіптің нақты көлем индексі 99,2%-ды құрады», деді Р.Дәленов.
Министрдің айтуынша, құрылыс секторы өте жоғары өсімді көрсетіп отыр. Орындалған жұмыстардың көлемі 12,1%-ға өсті. Белсенді құрылыс жұмыстары Түркістан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалады. «12,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға жоғары», деді Р.Дәленов.
Ведомство басшысы іскерлік белсенділікті қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі мәселелерге назар аударуы қажет екенін атап өтті: Өңірлік тұрақтандыру қорларын пайдалану арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық өсуіне жол бермеу. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыста қол жеткізілген өсу қарқынын төмендетпеу. Жергілікті атқарушы органдардың инвестициялық жобалар пулын сапалы іске асыру. Дағдарысқа қарсы шаралар бойынша қаражаттың тиімді игерілуін және жыл қорытындысы бойынша өсудің нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету. Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде тұрақты жұмыс орындарының үлесін ұлғайту. Қаржы жылын толыққанды аяқтау және экономикаға қаражатты жылдам енгізу үшін келесі жылға арналған рәсімдерді дайындау.
Іскерлік белсенділік индексі өсті
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстанда биыл қарашада іскерлік белсенділік индексі 48,8-ден 49,4-ке дейін өскенін, бұл құрылыстың оң көрсеткішке жетуімен түсіндірілетінін, көрсеткіш 52,5 тармаққа дейін, яғни 4,9 тармаққа өскенін айтты. Өнеркәсіпте және қызмет көрсету саласында жағдай өзгерген жоқ, индекстер тиісінше 49,6 және 48,7 болды. Қарашада жылдық инфляция бір ай бұрынғы 7,1%-бен салыстырғанда 7,3%-ға дейін жылдамдады. Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне ең көп үлес қосып, 10,8%-ға дейін ұлғайды. Азық-түлікке жатпайтын инфляция киім бағасы өсуінің 5,6%-дан 5,7%-ға дейін үдеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реттелетін қызмет және мәдениет пен демалыс саласындағы қызмет бағасының өсуінен ақылы қызмет инфляциясы 3,7%-дан 4,1%-ға дейін өсті.
Бизнестің кредиттік портфелі жыл басынан бері 7,3 трлн теңгеге дейін 1,1%-ға ұлғайды. Жыл басынан жеке кәсіпкерлік субъектілерін қоса алғанда халықтың кредиті 7,2 трлн теңгеге дейін 7,5%-ға ұлғайды. Оның құрылымында тұтынушылық қарыздар 4,3 трлн теңгеге дейін, 1,4%-ға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен ипотекалық қарыздар 2,2 трлн теңгеге дейін, 22,6%-ға өсті.
Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштері туралы баяндаған Қаржы министрі Е.Жамаубаев аталған кезеңде мемлекеттік бюджетке 8 трлн теңге кіріс кіріп, жоспар 104,7%-ға атқарылғанын айтты. Соның ішінде республикалық бюджетке 5 трлн 224 млрд теңге кіріс түсті, жоспар 101,4%-ға орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,8%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 98,9%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,2%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 12 трлн 503 млрд теңгені құрады. 137 млрд теңге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 15 млрд теңге, игерілмегені – 122 млрд теңге.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылдың 11 айының қорытындысында өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталғанын, саланың барлық секторында өсім бар екенін, соның ішінде жеңіл өнеркәсіп өндірісі 15,5% өскенін айтты. Бұл тоқыма бұйымдары өндірісі, киім және былғары өнімдердің ұлғаюына байланысты болды. Қағаз және қағаз өнімдері өндіріс көлемінің өсімі 14,6%-ын құрады. Ағаш және тығын бұйымдары өндірісі көлемінің өсімі 47,3%-ды құрады.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, биылғы 11 айдың қорытындысында мұнай және конденсат өндіру көлемі 78,5 млн тоннаға жетіп (жоспарға 101%), 62,9 млн тонна мұнай экспортталды, жоспар 100% орындалған.
Негізгі салаларда өсім бар
Мәселені Үкімет басшысы қорытындылады. Оның айтуынша, биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша экономиканың базалық салаларында оң өсім байқалады. «Елдегі эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ оны одан әрі сақтау экономиканың өсуін жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы Павлодар, Түркістан, Ақтөбе облыстарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқынының артқанына назар аударды. Бағаның ең төмен өсімі Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. «Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен тарифтердің бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Бұл жұмысқа қажетті құралдар бар. Баға мәселесі тұрақты бақылауда болғаны жөн», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды 100% орындау, сондай-ақ қаржы жылының соңына дейін бюджет қаражатын толық әрі тиімді игеру қажет екенін атап өтті.
Ағаштарды заңсыз кескендерге жаза күшейтіледі
Сондай-ақ Үкімет отырысында орман ресурстарын қорғау және қалпына келтіру мәселелері қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, Қызылорда облысының әкімі Г.Әбдіқалықова, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов баяндама жасады.
Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы ел аумағының 11%-ын құрайды (30 млн гектардан астам). Республиканың ормандылық көрсеткіші – 4,8%. Мемлекет басшысы бес жыл ішінде орман қорында 2 млрд ағаш және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл Қазақстан 2018 жылы қосылған «Бонн шақыруы» жаһандық бастамасы аясында ормандылық деңгейін арттыруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Жасыл» қордың айтарлықтай өсімін қамтамасыз ету үшін желтоқсан айында Үкімет өсімдік әлемі объектілерін сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізеді. Бұл жасыл желектерді пайдалану кезінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ қатынастарды реттеуге бағытталған. Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілікті күшейтетін түзетулер әзірленді. Сонымен бірге кесілген ағаштардың орнына өтемдік ағаш отырғызу нормаларын ұлғайту көзделген.
Премьер-Министр экология, ауыл шаруашылығы, индустрия, қаржы министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, екі ай мерзімде Ормандарды қалпына келтірудің және ағаш өсірудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Өңір әкімдіктеріне елді мекендер мен мемлекеттік орман қорындағы жасыл желектерді мониторингілеу, түгендеу, жай-күйі мен пайдаланылуын бақылау, орман қорғау қызметтерін материалдық-техникалық және кадрлық жарақтандыруды нығайту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.