Қызылқоға ауданындағы Мұқыр орта мектебінің оқушылары ботаникалық бақта тотықұс пен тасбақаны, балық пен гүлдің бірнеше түрін өсіруді қолға алды. Олар бұл іспен бір жылдан бері айналысады.
– Ботаникалық бақ оқушылардың табиғатқа қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Мұнда 6-9-сыныптардың оқушылары тотықұс пен тасбақаны, балықтарды қоректендіреді. Суын ауыстырып, өсімдіктерді баптайды. Оқушылар бақта ғылыми жобаларды қорғауға да дайындалады. Біздің мақсатымыз – балаларды жастайынан қоршаған ортаны қорғауға баулу, – дейді Мұқыр орта мектебінің директоры Венера Мырзағалиева.
Мектептегі «Жас натуралистер» үйірмесінің жетекшісі, биолог Мейрамгүл Медининаның айтуынша, оқушылар зерттеу жобаларын қоса жүргізіп, жүлделі орындарды иелене бастапты.
– Үйірмеде 11-14 жас аралығындағы оқушылар төрт топқа бөлінді. Әр топта 10 баладан бар. Мәселен, оқушыларымыз Нұрай Сисенбай мен Салтанат Жұмабай республикалық «Табиғатты аяла» байқауының облыстық кезеңіне қатысып, «Жасыл оазистер» аталымында бірінші орынды жеңіп алды. Олар сайыстың республикалық кезеңінде үшінші орынды иеленді. Қазір тағы бір оқушы – Елена Беркінғали «Қызыл құлақты тасбақалардың тіршілігі» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмысын дайындап жатыр, – дейді М.Мединина.
Атырау облысы