Бүгін Халықаралық Түркі академиясы өзінің 10 жылдық мерейлі белесіне орай және жылды қорытындылауға байланысты еліміздегі белгілі БАҚ өкілдерімен кездесу жиынын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, «Қазинформ» халықаралық ақпарат агентігіннің басқарма төрағасы Асқар Омаров, «Хабар агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы бірінші орынбасары Ринат Кертаев, «ТРТ» телеарнасының Қазақстан өкілдігінің директоры Мехмед Чалышкан, «Қазақстан» ұлттық арнасының ақпараттық-сараптамалық бағдармалар дирекциясы директоры Жалғас Сәдібекұлы, «Түркістан» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директоры Талғат Қалиев, «Қазақстан тарихы» порталының директоры Арман Сүлейменов, сонымен қатар түркі әлеміне танымал бірқатар БАҚ өкілдері мен белгілі журналистер қатысты.
Келелі кеңес түрінде өткен басқосуда ұйым басшысы Дархан Қыдырәлі Түркі академиясының биыл атқарылған жұмыстары мен басылған ғылыми еңбектерді таныстырып, Академияның 10 жылда қол жеткізген жетістіктері туралы баяндады.
Сонымен қатар, Түркі академиясының жұмыстарымен кеңірек танысқан қатысушылар ұйымның алдағы жоспарлары туралы пікір алмасып, көкейіндегі сұрақтарына жауап алды.
Шара соңында бірақатар БАҚ өкілдері Түркі дүниесінің жетістіктерін насихаттауға және ақпарат саласындағы ынтымақтастық нығайтуға қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды.