Қостанайлық полицейлер қызметтік борышын орындау барысында қаза тапқан әріптестерінің отбасына барып, Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап шықты,деп хабарлайды Egemen.kz
Полицейлер алдымен 1992 жылы қызмет үстінде қаза тапқан милиция старшинасы Федор Балановскийдің отбасына кіріп шықты. Федор ішкі істер органдарында 14 жыл қызмет еткен тәжірибесі мол маман еді. 1992 жылғы 7 тамызда милиция старшинасы ұсталған күдіктіні полиция бөліміне әкеле жатқанда, қапыда тәртіп сақшысының табельдік қаруын қолына түсірген қылмыскердің оғынан қаза тапты.
Одан кейін департамент қызметкерлері марқұм Қайыржан Жаппасбаевтың үйіне барды. Жол полициясының инспекторы 2009 жылғы 1 тамызда көлік қозғалысын реттеп тұрған жерінде мас жүргізушінің кінәсінен болған жол апатынан көз жұмды. Марқұмның артында жұбайы мен жалғыз ұлы қалды.
Облыстық полиция департаменті кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Дүйсебаев облыс полицейлері атынан екі отбасына да ақшалай сыйлық табыс етіп, алда келе жатқан еліміздің бас мерекесімен құттықтады.