Биыл философ және ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ЮНЕСКО-ның аясында атап өтіп жатқан 1150-жылдық мерейтойы Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) астанасында аталып өтті. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Тәуелсіздік мерекесіне орайластырып өткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz
Ашылу салтанаты барысында Қазақстан Елшісі Қанат Тұмыш пен ОАР Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің бірінші орынбасары Элвин Ботес сөз сөйледі.
Отандық дипломат жиналғандарды Қазақстан мен Оңтүстік Африка арасындағы екіжақты қатынастардың негізгі бағыты және тұстарымен, өз елінің сыртқы және ішкі саясатының жетістіктерімен таныстырып, Қазақстан басшылығының маңызды бастамаларын тілге тиек етті. Ол сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарына және 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін парламенттік сайлауға дайындық барысына ерекше тоқталып өтті.
Э. Ботес өзінің сөйлеген сөзінде: "Мәдени дипломатия Қазақстан мен Оңтүстік Африка арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуында маңызды тетіктерінің бірі болып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі іс-шара уақыт, ұрпақтар мен құрлықаралық сабақтастықты қамтамасыз етумен бірге, жас буынға лидерлік қасиеттерді таныта отырып, оларға қолдауын көрсетуде", деп айтты.
Іс-шара барысында Қазақстан Елшілігінің бастамасымен "Әл-Фараби мұрасы" тақырыбында өткізілген шығармалар байқауының жеңімпаздары марапатталған болатын. "Қазақстан-Оңтүстік Африка" халықаралық қоры, "Халықаралық білім қоры", Юнус Эмре атындағы Түрік тілі және мәдениеті институты, "Тембекиле Мандела қоры", "Әл-Ғазали колледжі", "Diplomatic Informer" журналымен серіктестікте өткізілген байқау келесі айдарлар бойынша болып өтті: 1) "Әл-Фараби мен Нельсон Манделаның гуманистік идеяларының сабақтастығы", 2) "Қазақстан тарихы мен оның заманауи дамуы", 3) “2020 жылғы Қазақстан Президентінің Қазақстан халқына жолдауы”, 4) "Орталық және Оңтүстік Азия макроөңірінің әлемдік өркениеттің маңызды орталықтарының бірі ретіндегі рөлі". Байқауға ОАР бес әкімшілік-аумақтық бірліктен, атап айтқанда, Солтүстік Кейп, Батыс Кейп, Шығыс Кейп, Гаутенг және КваЗулу-Наталь провинцияларындағы мектеп, лицей мен колледждерінің жоғары сынып оқушылары қатысты. Бас жүлделерді келесілер иеленді: 1-ші орынды – Фатима Каримова (Тәжікстан / ОАР, Гаутенг провинциясы), екі 2-ші орынды Набил Аюб (ОАР, Цване қ.) және Асипе Магайияна (ОАР, Шығыс Кейп провинциясы), ал екі 3-ші орынды Зақия Тоқан (ОАР, КваЗулу-Наталь провинциясы) және Тазқия Ысмайыл (ОАР, Цване қ.) иеленді. Олар әл-Фарабидің бейнесі бар медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстанның Оңтүстік Африкадағы Елшілігі төрт тілде – арабша, ағылшынша, қазақша және орысша – басып шығарған әл-Фарабидің "Мінсіз мемлекетке ұмтылу қажеттілігі туралы ғақлия" атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Басылым Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашы болған "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру аясында жарық көрді.
Іс-шара қонақтарының бірі Ндилека Мандела ханым: "әл-Фарабидің еңбектері маған үлкен әсер етті, әсіресе ол сипаттаған мінсіз мемлекет басшысына қажет қасиеттерге қатысты зерттеулері. Біз әл-Фарабидің және Нельсон Мандела мирасының үйлестігі мен гуманистік идеяларының сарындастығын көреміз”, деді.
Жаңа басылымда аталған трактаттың өзімен қатар Қазақстан, ОАР, Түркия, Франция, Йеменнің ғылым мен мәдениет салаларының көрнекті өкілдерінің пікірлері де жарияланды. Кітаптың даналары ОАР Ұлттық кітапханасына, жетекші университеттеріне, мектеп, лицей мен колледждеріне сыйға тартылды.
Іс-шараға 50-ге жуық ОАР азаматы, соның ішінде ұлттық және аймақтық парламенттердің депутаттары, СІМ, ғылыми және іскерлік топтардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, және елде тіркелген дипломатиялық корпус қатысты. Оның қорытындысымен Елші Қ. Тұмыш оңтүстік африкалық "ITV" телеарнасына сұхбат беріп, өткізілген шараның басты идеялары туралы баяндап, Қазақстан мен ОАР арасындағы екіжақты ынтымақтастығының, соның ішінде мәдени-гуманитарлық саладағы қарым-қатынастары туралы баяндап берді.