Бәріміз ұмыта қойған жоқпыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев итбалықтарға тас лақтырған балалардың әрекетіне алаңдап, жас ұрпаққа экологиялық білім беру ісін жолға қоюды тапсырған еді. Содан бері орта білім бағдарламасына экологиялық білім беретін жаңа пән енгізу туралы мәселе көп көтерілді. Алайда бұл білімнің негіздері балалардың бойына балабақшадан бастап берілуі керек. Өйткені, ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, адам өмірінде пайдаланатын ақпараттың 90 пайызын 5 жасқа дейін санасында сақтайды екен.
Экологиялық білімнің маңызы өте тереңде жатыр. Табиғат – бізге берген ең құнды қазынамыз, бірақ табиғаттың байлығы өлшеусіз емес. Оны аялап, қорғау керек. Ең алдымен осыны өскелең ұрпаққа түсіндіруге тиіспіз. Дәл осы мақсат тәрбие мен білім беру ісінде айқын көрініс табуы қажет.
Соңғы уақытта экологтар педагогтермен бірлесіп «Үздіксіз экологиялық білім беру» бағдарламасының жобасын көпшілікке белсенді насихаттап жүр. Мен бұл бағдарламаны қолдаймын. Себебі адам баласы өзін табиғаттан тыс елестете алмайды. Туғаннан өмірден өткенше табиғаттың мол ырзығын пайдаланамыз. Сол себепті табиғат-ананы аялау, қамқорлық көрсетуге бағытталған экологиялық білім үздіксіз беріліп отыруы керек. Әрине, білім берудің барлық сатысында маңызды, дегенмен тақырыпқа арқау болып отырған экологиялық білімнің балабақшадан бастап берілуі – өте өзекті. Өйткені мектепке дейінгі білім – барлық білім беру жүйесінің бастау бұлағы.
Енді осы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында балаларға экологиялық білім берудің тиімді ерекшеліктеріне тоқтала кетейік. Балабақшадағы экологиялық білім балаларға табиғатты аялап, оны қамқорлыққа алып күту, табиғат жөнінде қарапайым білім бере отырып, тірі және өлі табиғаттағы құбылыстар жөнінде қарапайым ұғымдар қалыптастыруға бағытталады. Шынында табиғат – мектеп жасына дейінгі балалар үшін түрлі табиғи құбылыстарды танудың таптырмас жолы ғана емес, сөздік қорын байытудың көзі. Сондықтан экологиялық тәрбие мен білім беруді тіл дамыту мен сауат ашу оқу қызметтеріне кіріктіріп отырған жөн. Бір жағынан бұл маңызды оқу қызметтерін түрлендіреді, екінші жағынан экологиялық тәрбие мен білім беріледі. Жалпы экологиялық тәрбие мен білім беру міндетін балабақшадағы кез келген сабаққа кіріктіріп жіберуге әбден болады. Мұндай жұмысты нәтижелі жүргізу тәрбиешінің тәжірибесі мен біліктілігіне байланысты.
Дегенмен экологиялық білім беруді негізгі оқу қызметтерінің мазмұнына кіріктірумен ғана шектемеген дұрыс. Мектептерде арнайы экологиялық білім беруге арналған пән енгізілгелі жатыр. Ал бұл негізінен мектепке дейінгі білім беру жүйесінде әлдеқашан орнын тауып, қалыптасып қойған. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандартында белгіленген экология мен қоршаған орта оқу қызметтері – соның айғағы. Осы арқылы біз балаларды табиғатпен танысып, айнала қоршаған ортасына деген қамқорлықты қалай көрсететінін үйретіп, үйдегі, ауладағы өсімдіктер мен жануарларды күтіп-баптауға баулимыз.
Иә, экологиялық білім беру ісі балабақшада арнайы құжатпен, оқу бағдарламасымен жолға қойылған. Бірақ бізге бұл да жеткіліксіз. Себебі балалар көзбен көріп, қолмен ұстап, өздері сезінген нәрсені есінде сақтап қалады, ұмытпайды. Жалпы мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшелігінде бір нәрсені үйрету үшін оны бірнеше мәрте қайталап айтуға тура келетінін ескерсек, көрсетудің маңызы өте зор. Сондықтан кішкентайларға экологиялық тәрбие мен білім беруді түрлендіріп отырған абзал. Түрлендіруді табиғатқа саяхат, мұражайларға бару, мақсатты серуен, телебағдарламалар, бейнефильмдер, табиғат туралы көркем әдебиеттер, суреттерді, фотосуреттерді, иллюстрацияларды тамашалау арқылы жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ тәрбиеленушілермен бірге түрлі қызықты эксперименттер жасау да ерекше әсер қалдырады.
Бұдан бөлек экологиялық тәрбие беруде халықтық педагогика негіздерін пайдалану да оқу-тәрбие жұмысын өнімді етеді. Мәселен, табиғат құбылыстарына қатысты түрлі қазақы болжамдарды, қоршаған ортаны қорғауға үйрететін мақал-мәтелдер мен танымдық қабілетін арттыруға септігін тигізер жұмбақтар, тақпақтар жаттатуға болады.
Бәрі де тәрбиешінің шеберлігіне келіп тіреледі. Бастысы мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеумен, жас ұрпаққа білім берумен айналысатын педагог балабақшадағы білім нәрінің бала өмірі үшін уызына жарығанмен тең екенін ұмытпауы қажет.
Жұлдыз БҰХАРБАЙ,
«Бегім ана» балабақшасының бірінші санатты тәрбиешісі
ҚЫЗЫЛОРДА