Елдегі кәсіпорындардың іскерлік белсенділігі біртіндеп қалпына келуде. Демек, пандемияға байланысты қалыптасқан күрделі жағдайдың көбесі сөгіле бастады деген сөз. FinReview.info сарапшылары бұған кәсіпорын қызметтерінің электронды форматқа көшірілуі әрі мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етті деп есептейді.
Коронавирус пандемиясынан шағын және орта бизнес субъектілерінің айтарлықтай зардап шеккені мәлім. Тіпті олардың кейбірі қызметін қалпына келтіре алмаған күйі жабылып тынды. Тығырықтан жол тауып, тік тұрып кеткендер де жетерлік.
Осы орайда Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексіне назар аударған жөн. Бұл индексті Ұлттық банк әзірлейді. Ол үшін экономиканың үш секторындағы (өнеркәсіп, құрылыс және қызмет көрсету) бизнес өкілдеріне арналған сауалдама негізге алынады. Индекстегі қалыпты мән – 50 пункт. Яғни іскерлік белсенділік индексінің 50 пункттен жоғары болуы елдегі кәсіпкерлікке жасалған жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. Ал индекс 50 пункттен төмен болса, онда кәсіпкерлік секторы қиын жағдайда қалып отыр.
Енді Ұлттық банк ұсынған іскерлік белсенділік индексіне көз жүгіртейік. 2019 жылды жақсы нәтижемен түйіндеппіз. Жаңа жылдан бастап көрсеткіш құлдырай бастаған. 2020 жылдың қаңтарында индекс мәні 50,1 пунктті құраса, наурыз айында бірден 41,5 пунктке дейін төмендеген. Сәуір айында одан әрі құлдырап, 37,2 пунктке жетті. Кейін біртіндеп көтеріле бастады. Мәселен, қазан айында индекс мәні 48,8 пунктке дейін өсті.
Ресми деректер осымен үшінші ай қатарынан іскерлік белсенділік индексінің өсім көрсеткенін дәлелдеп отыр. Демек, бизнес карантиндік шаралардан кейін біртіндеп қалпына келе бастады. Бұл ретте қазан айында қызмет көрсету және өнеркәсіп секторындағы кәсіпорындарда оң динамика байқалған. Ал құрылыс саласы 1,5 пунктке төмендеген.
Осы орайда Қазақстанның іскерлік белсенділік индексі соңғы рет 2017 жылы сәуірде құлдырағанын, осы жылдың ақпанына дейін жақсы көрсеткіш көрсеткенін атап өткен жөн.
Ел экономикасындағы жағдайды бағдарлап отыратын индекстің бірі – бизнес-климат индексі. Мұны да Ұлттық банк әзірлейді. Бизнес-климат индексінде де кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалдама негізге алынады. Атап айтқанда, компаниялардың қазіргі қаржылық жағдайына, сондай-ақ алдағы үш айда олардың қаржылық жағдайы қалай өзгеруі мүмкін екендігіне назар аударылады. Индекстің орташа мәні 0-ге тең. Егер ол теріс мән көрсетсе, онда кәсіпкерлер бизнестің нашарлап бара жатқанын айтып, дабыл қақты деп есептеуге болады. Ал оң мәннің көрсетілуі – жағдайдың жақсарғаны.
Кәсіпорындардың іскерлік белсенділік индексі секілді бизнес-климат индексі де біртіндеп қалпына келуде. 2020 жылдың ақпан айына дейін оң мән көрсетіп келген индекс наурызда -24,5 пунктке дейін төмендеді. Сәуір айында -32,5 пунктті көрсетті. Содан кейін ақырындап қалпына келе бастады. Қазан айының қорытындысы бойынша индекс мәні 0-ге тең болды.
Жоғарыда іскерлік белсенділіктің артуына, индекстердің қалпына келуіне кәсіпорын қызметтерінің электронды форматқа көшірілуі себеп болғанын айттық. Мәселен, халық онлайн саудаға жаппай көше бастады. Әсіресе, коронавирустың екінші толқыны болады деген хабар тарағалы онлайн саудадағы белсенділік тіпті артты. Міне, осыған байланысты аз ғана уақыттың ішінде қызметтерін электронды форматқа сәтті бағдарлай алған кәсіпорындардың табыстылығы ұлғайды. Көрсеткіш орташа есеппен 25 пайызға өскен.
Мәселен, Kaspi.kz қосымшасының қолдаушылары 10 млн-нан асып жығылған. Ал оның жыл басындағы көрсеткіші 6 млн еді. Тұрмыстық техникалар сататын «Мечта» интернет-дүкенінің тапсырыстары 6 есе өскен. Сол секілді Meloman.kz ойын-сауық тауарлары дүкенінің сатылымы 3 есе артқан. Wildberries.kz көпсекторлы маркетінің саудасы 2 есе ұлғайған. Осы жағдайларды ескерсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша электронды сауда-саттық көлемінің өсімі шамамен 40 пайызды құрауы мүмкін. Бұл дегеніміз – 1,4 млрд АҚШ доллары. Өткен жылы онлайн-сауда көрсеткіші 1 млрд АҚШ долларын құраған екен.
«Карантиндік шаралар электронды саудаға оң әсер еткенімен, жалпы шағын және орта бизнес ауыр соққы алды. Аталған секторда 3,3 млн адам шоғырланған. Бұл – экономикалық белсенді халықтың 36 пайызы. Сектордағы табыстың 60 пайыздан астамы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының бестен біріне ғана тиесілі. Демек, субъектілердің 80 пайызға жуығы қаржылық жағынан әлі де дәрменсіз күйде қалып отыр. Ел Үкіметінің бизнесті қолдау үшін тиісті шаралар қабылдауы да сондықтан», дейді FinReview.info сарапшылары.
Экономист Талғат Демесіновтің пікірінше, биыл шағын және орта бизнесті «құтқаруда» банктер маңызды рөл атқарған. Біріншіден, қаржы ұйымдары бизнестің мойнындағы кредиттерді кейін төлеуге мүмкіндік берді. Екіншіден, олар кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер беріп, қолдау көрсете алды. Бұл мақсаттарға мемлекет тарапынан 800 млрд теңге бөлінгені белгілі. Оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің әрқайсысына 3 млрд теңгеге дейін, ал жеке кәсіпкерліктердің әрқайсысына 50 млн теңгеге дейін қарыз алуға мүмкіндік берілді. Оған қазақстандық 12 банк атсалысты. 2020 жылғы 18 қарашадағы деректер бойынша, банктер 567,4 млрд теңгеге 2 311 өтінім қабылдаған. Оның 1 370-сіне жалпы көлемі 455,3 млрд теңге қарыз берілген.
Бұдан бөлек «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Ол әлеуетті жобаларды несиелеуге бағытталған. Бағдарлама талаптарына сәйкес банктер өңдеу секторындағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі және қызмет көрсету саласындағы жобаларға несие береді. Бағдарлама аясындағы сыйақы мөлшерлемесі 5-6 пайызға тең. Несиені 10 жылға дейінгі мерзімге алуға болады.
Деректерге сүйенсек, елде қабылданған қолданыстағы карантиндік шаралар шамамен 1 млн шағын және орта бизнес субъектісіне кері әсер еткен. Олардың қаржылық жағдайы нашарлай түскені мәлім. Олар үшін елдегі жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысудан түсер пайда да шамалы. Қайта қарыздарының көлемі одан әрі ұлғая түспек. Соңғы үш жылда заңды тұлғаларға берілетін несие көлемінің кему тенденциясы сақталған еді. Ал 2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша заңды тұлғаларды несиелеу көлемі жыл басынан бері 318,9 млрд теңгеге өскенін байқауға болады.
– Кәсіпорындардың капиталын арттыруға мүмкіндік беретін тиімді қаржы құралдары көп. Солардың бірі – инвестициялар. Инвестицияны даму банктері, инвестициялық банктер, қор биржалары, венчурлық қорлар арқылы тартуға болады. Мұндай қаржы институттары жаңа жобаларды ғана қолдап қоймай, жұмыс істеп тұрған компанияларға да жәрдемдеседі, – дейді Талғат Демесінов.
Мәселен, «Астана» халықаралық қаржы орталығы іске қосылған екі жыл ішінде Қазақстанға 2,5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты. Ал орталықтың қатысушылары қазақстандық жобаларға 444 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған. Ендеше, осындай тиімді тетіктерді де ұтымды пайдаланған абзал.