Қазақстан Халық партиясы мүшелерінің жұртшылықпен кездесуі еліміздің барлық өңірінде жалғасуда. Аталған кездесулер аясында партияның мақсат-мұраты таныстырылып, негізгі бағыттары түсіндірілуде. Мәселен, кеше партия мүшелері Көкшетау және Талдықорған қалаларының тұрғындарымен жүздесті.
Партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров пен аталған партияның атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Олжас Сыздықов Көкшетаудағы Ақмола облыстық ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді. Онда партия бағдарламасының тезистері түсіндірілді. Кездесуде аурухананы техникалық жабдықтау, медицина қызметкерлерінің жұмыс кестесі, қызметкерлердің жалақысы, біліктілік талаптары, дәрігерлер үшін әлеуметтік кепілдіктерді арттыру мәселелері көтерілді. ҚХП отандық медицина деңгейін, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру және осы салада жұмыс істейтін қызметкерлердің мәртебесін өсіру үшін қажетті шаралардың бәрін қабылдап, қолдануға ниетті.
Сондай-ақ Талдықорғандағы «Рухани жаңғыру» ғимаратында аталған партияның өкілі, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, осы партияның атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Ерлан Смайлов, ҚХП Алматы облыстық филиалының бірінші хатшысы Сәуле Биғарова өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде партияның, оның депутаттық фракциясының жұмысы туралы ақпарат берілді.
Діттеген мақсатқа жету үшін партия қойған міндеттердің ерекшелігі сайлаушылардың назарын аударып қана қоймай, электораттың шынайы қызығушылығын оятты.
Қазақстан әлеуметтік бағдарланған мемлекетке айналуға тиіс, деп есептейді ҚХП кандидаттары. Сондықтан медицина мен білімнің қолжетімділігі мен сапасы қалыпты нормаға айналуы тиіс.