Тәуелсіздік жылдарында сағынышы байыз таптырмай, атажұртына қоныс аударған сырттағы қандастарымыздың саны бүгінде миллионнан асты. Бұл отандастарымыздың әрқайсысының елге келгені – қазақ баласы үшін елеулі оқиға, үлкен жаңалық. Әсіресе, ұлы көштің алғашқы легімен жеткен қандастарымыздың атамекенінің топырағына табаны тиген кезі ерекше тарихи оқиға саналады.
– Шетте жүргенде атажұртты аңсаумен өмір сүрдік. Әке-шешеден бойға сіңген мұңлы әуен бізді өнер ортасына әкелді. Олар сияқты біз де әнімізбен атамекенге деген сағынышымды бастық. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» заң қабылдады. Жүректі тебіренткен сәт болды, – дейді еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң көп ұзамай атажұртына отбасымен бірге алып-ұшып жеткен Бақыт Қыдырханұлы Бақдәулет.
Осы жылы Елбасы Н.Назарбаев «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялады. Хатта «Атамекенге келемін деушілерге жол ашық, ата-баба аруағы алдарыңнан жарылқасын» деген ақ тілектер айтылған. Осы хат шетелдегі бүкіл қазақты рухтандырды. Баян-Өлгейге, Қобда аймағына келген жүк көліктері ұлы көштің жүгін тиеп, ұшақтар тоқтаусыз ұшып жатты. Еліміздің әр облысынан Баян-Өлгейге келіп, шарт жасап, бәрімізді елге қарай әкетіп жатты.
– Жүрек ауыртқаны – сол жақта қалып бара жатқан ата-баба бейіттері еді. Моңғолдар салт-дәстүрлеріне сай бізді соңымыздан сүт шашып, шығарып салды. Әке-шешемді, әйелімді, бір жарым жастағы Гүлнұр, Нұрболат, Нұргүл атты үшем перзенттерімді, Меңдікөл деген алты айлық нәрестемізді алып, біз де атамекенге қарай жолға шықтық. Дәл сол жылы Өлгейде үй салып бітірген едім. Ештеңеге де қараған жоқпыз. Анамыздың өз қолымен жасаған алты қанат ақ киіз үйін де буып-түйіп алып келдік. Туған-туыс, қалған ағайын да осылай бірімізден соң біріміз көшке ілесе елге жеттік. Бар байлығымыз – қос қартымыз, 4 баламыз, перзенттеріміздің бесіктері, қолөнеріміз, ән-күйлеріміз, киіз үйіміз еді. Біздер үшін 1991-1992 жылдар мәңгі есімізде қалды, – дейді Бақыт бауырымыз.
Содан, Ақсу қаласына қарасты Құркөл ауылына келіп, қоныстанады. Орта толтырып, Моңғолиядан көптеген отбасы көшіп келеді. Ерлер жағы келе сала қой бағуға шығады. Әйелдер үйде отырып ою ойып, сырмақ әшекейлеп, іс тігеді. Бақыттың анасы Күлилә сыбызғышылар әулетінде өскендіктен, сыбызғысымен көне әуендерді әуелетіп, жергілікті халықты таңғалдырады.
Жергілікті халықтың қалаға қарай үдере көше бастаған кезі. Бақыт Қыдырханұлы ауылдың клуб меңгерушісі, әрі отын жағушысы, әрі күзетшісі, әрі еден жуушысы болады. Әйелі Күлән мектепте қолөнер үйірмесін ашып, балаларды осы өнерге үйрете бастады.
– Біз келгенде жергілікті халық, бала-шаға орысша сөйлейді екен. Мектеп орыс тілді. Олар біздің тіршілік ырғағымызға таңырқай қарайды. Шеттегі қазақпен бірге бұрынғы салт-дәстүр, ән-күйіміз, қазақ тілі қайта оралды. Өзім құрған «Атамекеннің» алғашқы қадамы ауыл тойынан басталды. Бірнеше ескі домбыра, баян, дауыс ұлғайтқыш аспаптар, микрофондар сатып алдық. Тойларда ән салдық. Бір күні ауыл әкімі Қаршыға ағамыз: «Біздің ауылға Нұрсұлтан Назарбаев келе жатыр. Апамыздың аппақ киіз үйін құруымыз керек», демесі бар ма. Сол 1993 жылы елімізде шаруа қожалықтары енді құрылып жатқан кез. Біздің облыста алғаш рет Құркөл ауылы жекеменшік шаруа қожалықтарына бөлінген еді. Киіз үйді құрдық. Айнала қалың кісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ата-бабаларымыздың аманатын арқалап жеткен қасиетті киіз үйдің табалдырығын аттады. Анамызға амандасты, бәрімізге арман болған Нұрсұлтан ағамызды көріп, Аллаға шүкір дестік, – дейді Бақыт Қыдырханұлы өткен күндерді еске алып.
Айтпақшы, бұған дейін бұл киіз үйге 1980 жылы Моңғолия басшысы Ю.Цеденбал да кіріп, дәмнен ауыз тиіпті. Баян-Өлгей жағында Серікбай деген Социалистік Еңбек Ері, атақты малшы болған екен. Атқарушы билік адамдар «Серікбаймен кездесуге Ю.Цеденбал келеді» деп Күлилә анамыздан алты қанат киіз үйін сұрап алған екен...
– Біздің киіз үйімізге екі мемлекеттің басшысы, көптеген жақсы мен жайсаң бас сұққан, – дейді Бақыт бауырымыз анасының қолынан шыққан аппақ киіз үйін қадір тұтып.
Баян-Өлгей аймағы, Алтанцөгц сұмыны Цагаантүнгэ деген жерде туып-өскен Бақыт Қыдырханұлы елге оралған соң «Ақсуым», «Жасай бер, елім Тәуелсіз!», «Астанам», «Туған жерім» және тағы басқа да 20-ға жуық ән жазады. Бірнеше күй шығарды. Халқымыздың ұмыт бола бастаған көне ән-күйлерін қайта оралту мақсатында «Атамекен» ансамблін құрды. Ансамбль ауылдық, аудандық, облыстық мәдени шараларға белсене қатысады. Алғашқы жылдары-ақ облыстық «Халықтар достығы фестиваліне», «Ауыл» жылына арналған аймақтық байқаудың бас жүлдесін иеленді. 2008 жылы халықаралық «Түркістанды аңсау» этномәдени байқауында Павлодар облысы атынан қатысып, 2-орын алды. Ал 2009 жылы елордада өткен еліміздің көркемөнерпаздар ұжымдарының байқауында «Атамекен» ансамблі «Халықтық отбасылық ансамблі» атағын еншіледі.
Репертуарларында «Япурай», «Алтынай», «Пай-пай, керім», «Жанайым», «Көкем-ай», «Жеңеше-ай», «Қорғаш-ай» сияқты 50-ге жуық ән, «Ат келді», «Сарыала қаз», «Бейбітшілік құсы», «Сал торы» секілді 10-нан аса күй бар.
Қазір Бақыт Бақдәулет пен Күлән Хойлыбайдың отбасы Үштерек ауылында тұрады. Ауылдағы «Достық» мәдени ойын-сауық кешенінде «Атамекен» халықтық отбасылық ансамблін басқарады. Күлән бастауыш сыныптарға сабақ береді. 1981-1985 жылдары Моңғолия Мемлекеттік университетінің моңғол тілі-журналистика факультетінде оқыған Бақыт та мектепте музыка пәнінен қосымша дәріс жүргізіп, ауыл балаларын өнерге баулуда, ұлттық аспаптарда ойнауға үйретуде.
Бұл ауылдың дені Моңғолиядан ең алғашқы болып елге оралған ағайын. Барлығы да елге оралғандарына, бұл бақытты тағдырларына тәуелсіздік себепкер болғанына қуанады. Атамекендерінде Бақыт пен Күләннің Арай, Нұрайым, Динара, Нұрмұхаммед, Аруоза, Нұрәли, Нұртуған, Ақтілек, Бекасыл деген немерелері өсіп келеді.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы,
Үштерек ауылы