Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ұлттық қауіпсіздік қалқанын қалыптастырып, тиісті заңнамалық актілер мен мемлекеттік органдар жүйесін жасақтады. Олардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік туралы заңы, мүдделі мемлекеттік органдардың құрылуы және т.б. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарған кезеңде аталған жүйе өз миссиясын толығымен орындап шықты.
Ұлттық және экономикалық қауіпсіздік ұлттық қуаттың компоненттері болып табылады. Ұлттық қауіпсіздік әскери, сыртқы, экологиялық, ақпараттық, қоғамдық және экономикалық қауіпсіздіктен тұратын болса, ұлттық қуаттылық стратегиялық ресурстардан, сол ресурстарды тиімді қолдану мүмкіндіктерінен құралады.
Жалпы қуаттылық пен күштің астарында кез келген ұлт пен мемлекеттің тағдыры бар. Қуатты елдер өз күштеріне сеніп, әлсіз елдерге қарсы әскери, экономикалық және ақпараттық соғыс ашады. Сол себептен держава, ұлттық күш тәрізді ұғымдарға назар аударған жөн. Держава дегеніміз келесі ұрпақ алдында аса жауапты, парасатты билігі бар мемлекеттің алға қойған мақсаттарға қол жеткізу және осы жолда мойнына алған міндеттерді тиянақты орындау қабілеті болып табылады. Басқаша айтқанда, әлемде держава мәртебесі бар мемлекеттердің басқа елдер жасай алмайтын іс-қимылдарды жасау қабілеті.
Мемлекеттің басқа мемлекетті басқару қабілеті, оның аса қажетті ресурстарын басқару қабілеті болатыны сөзсіз. Сондықтанда басқа елдерді басқару дегеніміз сол елдердің ресурстарын басқару немесе иелену дегенге саяды. Бұл ресурстарға халық, территория, табиғи ресурстар, экономика, қарулы күштер, ақпараттық кеңістік пен ақпараттық қауіпсіздік, саяси тұрақтылық және басқалары енеді. Демек, шетелдік инвесторларға (резидент емес) стратегиялық ресурстарды жаппай беруден гөрі, оларды отандық инвесторларға (резидент) беріп, одан әрі оларды өзге елдердің ресурстарын иелену, басқару мақсатында жұмылдырған орынды. Сол себепті Тәуелсіздік жылдары экономикалық өсудің қайнар көзі ретінде саналып келген шетелдік инвестиция тұжырымын қайта пысықтаған абзал.
Ғалым Кеннет Вальцтің (Kenneth Waltz, Theory of International Politics) пікірі бойынша, ұлттық қуатты халықаралық деңгейде бағалағанда дәстүрлі болып келген география, жергілікті халық және шикізат сияқты факторлардың маңызы төмендеп, керісінше маңызы жоғары факторлар пайда болуда. Олар – технология, білім және экономикалық өсу.
Сайып келгенде, көрсетілген ресурстардың экономикаға байланысты екендігін назарға ала отырып, ұлттық қуаттылықты арттыруға мүмкіндіктер туатыны анық. Демек, ұлттық қуат немесе ұлттық күш кез келген тәуелсіз мемлекеттің қолда бар ресурстарды пайдалана отырып, басқа елдерге ықпал етудің стратегиялық қабілеті болып саналады.
Ұлттық қуат элементтері қатарына мыналарды қосуға болады: география, табиғи ресурстар, өндіріс әлеуеті, қарулы күштер, жергілікті халық, ұлттың мінез-құлқы, ұлттың рухы және мемлекетті сапалы басқару. Түптеп келгенде, жоғарыда көрсетілген ұлттық күштің элементтерін игеру және сапалы басқару тұрғысынан әлемнің 250 шақты мемлекетін 5 топқа бөлуге әбден болады (1-кесте).
Осы мемлекеттердің барлығы әлемдегі мәртебесін көтеру үшін тыным таппай, үздіксіз даму үстінде, құрлықта да, суда да және әуеде (ғарышта да) де бәсеке күшейе түсті.
1-кесте. Держава мәртебесі бойынша әлемдік елдерді бағалау шкаласы
№
Мемлекеттің жай-күйі немесе әлемдегі мәртебесі
Деңгейлері
(сандық көрсеткіштері)
төмен
орташа
жоғары
1
Өте жоғарғы держава
9
10
2
Ұлы держава
7
8
3
Өңірлік держава
5
6
4
Орташа мемлекет
3
4
5
Шағын мемлекет
1
2
Жапондықтардың пікірінше, ұлттық күш неғұрлым жоғары, мықты болса, мемлекет алға қойған стратегиялық мақсаттарына соғұрлым оңай жетеді. Олардың тұжырымы бойынша ұлттың күші тек қарулы күштермен шектелмейді. Ол әскери емес компоненттерге (экономикалық, дипломатиялық күштер) де байланысты.
Халықаралық байланыстарда ғылыми жетістіктер мен әскери емес әлеуетті кеңінен пайдалану өркениетті елдерге тән үдеріс. Елдің стратегиялық мақсаттарға жетуі үшін ең алдымен, ол аса қажетті әралуан, әрқилы ресурстармен толыққанды қамтамасыз етілуі керек. Кез келген президенттің немесе премьер-министрдің конституциялық міндеттеріне ең алдымен өз ұлтының қуатын дамыту жататыны белгілі. Сондай-ақ дамыту объектілеріне елдің аумағы мен мемлекеттік тіл, азаматтардың тұрмысы, мүдделері, өмір сапасы мен дәстүрлері т.б. енеді.
Шығыс пен Батыстың держава мәртебесіне қол жеткізген елдерде іріктелген доктриналарды зерделей отырып, Қазақстан ұлттық қуаты мен ұлттық күшін үш өлшеммен айқындауға болады:
1) Қазақстанның халықаралық байланысқа үлес қосу қабілеті;
2) Дағдарысты ахуал мен күрделі халықаралық жағдай туғанда Қазақстанның өмір сүру қабілеті;
3) Қазақстанның қолда бар күш-қуат пен ресурстарын пайдалана отырып (қажет болса, қарулы күштер арқылы ықпал етіп), ұлттық мүдделерді басқа елдерде жүргізу қабілеті.
Бірінші өлшем мемлекеттің экономика және қаржы саласындағы көрсеткіштерін, саяси тұрақтылықты, сыртқы сауданы, ғылым мен технологияны және т.б. қамтиды.
Ұлттық күштің екінші компоненті мемлекеттің жағрафиялық орнын, қорғаныс әлеуетін, ұлттық моральді, алтын-валюта (Ұлттық қор) резервтерін, дипломатиялық белсенділігін және тиімділігін ескереді.
Үшінші өлшем әскери күш, жаңа технология, стратегиялық және резервтік ресурстар, экономикалық қуаттылық және дипломатиялық мүмкіндіктерден тұрады.
Өзге елдерге ықпал ету тұрғысынан және ірі мемлекеттер бойынша тиісті деректер мен есептер болғандықтан Қазақстанды қоса алғанда, 2-кесте жасалынды.
2-кесте. Басқа елдерге ықпал етуге қажетті ресурстар мен олардың негізгі индикаторлары
Жапония
АҚШ
Ұлыбритания
ГФР
Франция
РФ
Қазақстан
1
Қарулы күш
0
100
33
23
57
56
12
2
Стратегиялық материалдар мен технологиялар
50
100
11
27
16
59
12
3
Экономикалық күш
43
100
39
45
32
23
13
4
Дипломатиялық мүмкіндіктер
23
100
58
50
51
77
32
5
Сыртқы барлау жүргізу әлеуеті
12
100
62
46
43
65
9
Жалпы орташа баға:
24
100
45
34
42
61
8
Дерек: Comprehensive National Strength: ABasic Study (Summary) мәліметтер негізінде автордың есебі.
Экономикалық күш арқылы пайда болатын қаражат ресурстары болмаса, мемлекет жаңа қару-жарақ түрлерін сатып ала алмайды, қоршаған ортаны қорғауға қажетті іс-шараларды жүзеге асыруы төмендейді, үнемі сырттан қарыз алады.
Кез келген мемлекеттің қаржы ресурстары ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) абсолюттік көлеміне байланысты. Неғұрлым ІЖӨ көп болса, соғұрлым мемлекеттік бюджеттің ауқымы мол болады. ІЖӨ мен қаржы ресурстарын жоғары деңгейде үнемі ұстап тұру үшін Қазақстанға ұзақ мерзімді экономикалық өсу ауадай қажет.
Ұлттық қуат аясында экономикалық күштің басты өлшемі елдің алтын-валюта резервтерінің көлемі болып табылады. Ұлттық банктің ресми деректеріне зейін салсақ, 2011 жылғы мамыр айында Қазақстанның алтын-валюта резервтері $36 млрд-қа жетсе, 2019 жылдың мамыр айында $28 млрд-қа төмендеген. Демек, экономикалық күшіміздің азайғандығы байқалады.
Төлем теңдігі (баланс) шеңберінде қызмет көрсету сальдосы бойынша Қазақстанда ешуақытта профицит болмай, ылғи дефицит болып келді. Яғни қызмет көрсету түрлері аясында сырттан бізге кірген валюталар сыртқа Қазақстаннан кеткен валюталардан өте аз. Сол себепті қызмет көрсету секторында экспортқа бағытталған барлық жобаны кешенді қолдау қажет.
Ұлттық қуат және төлем балансы тұрғысынан заманауи кейс: жақында 20 жастағы қазақстандық Иманбек Зейкенов Remix жанры бойынша әлемнің ең жоғары жүлдесі Грэммиге(АҚШ) үміткер болды. Осы орайда, Иманбектің талантын және Батыс елдерінде оған деген сұранысты ескере отырып, қаржы, мәдениет, ақпарат, сыртқы істер министрліктері, Павлодар облысының әкімі мен Ұлттық Банк бірлесіп, жерлесіміздің өнімін экспорттау, елге валютаны енгізу жөнінде Жол картасын әзірлегені керемет болар еді. Өкінішке қарай, мұндай қадамдар байқалмай отыр. Демек, мемлекеттік қызмет пен мүдделі органдарды одан әрі жетілдіре түсу керек.
Материалдық базис пен елдің басқару құрылымдары ұлттық қуаттылық тұжырымдамасында аса маңызды «қатаң» факторлар болып саналады. Дегенмен де қазіргі заманда халықтың жаңа және озық идеяларды қалыптастыру және қабылдау қабілеттілігі «жұмсақ» факторлары кеңінен таралуда. Басқаша айтқанда, олар – идеялық факторлар.
Сайып келгенде, ұлттық қуат дегеніміз – стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін елдің барлық әлеуетін жан-жақты дамытып, ұлттық қуат стратегиясының шешуші факторлары ретінде стратегиялық ресурстар, стратегиялық мүмкіндіктер және стратегиялық ресурстарға негізделіп қол жеткізген нақты нәтижелер болып саналады.
Шынында ұлттық қуаттылық – елдің стратегиялық мақсаттарын іске асыру үшін өзінің стратегиялық ресурстарын шапшаң жұмылдыру және пайдалану. Жалпы айтқанда, ұлттық қуаттылық қолда бар барлық стратегиялық ресурстарына арқа сүйеп, олар әралуан стратегиялық ресурстардан құралады.
Қорытындылай келгенде, ұлттық қуаттылық пен ұлттық стратегиялық ресурстар мемлекеттің басты стратегиясына аса қажетті компоненттер, олар бір-біріне ауадай қажет.
«Жұмсақ» және «қатаң» факторлар өлшемдерін назарға алып, Қазақстан Республикасы ұлттық қуаттылығының стратегиялық ресурстарын негізгі екі топқа бөлеміз (3-кесте).
3-кесте. Қазақстан Республикасы ұлттық қуатының «қатаң» және «жұмсақ» факторлары
№
Ұлттық қуаттың «қатаң» факторлары
Ұлттық қуаттың «жұмсақ» факторлары
1
Экономикалық ресурстар
Икемді саяси жүйе және саяси тұрақтылық
2
Қаржы ресурстары
Ұлттық мораль мен ұлттық рух
3
Білім, ғылым және технология саласындағы ресурстар
Дипломатиялық және басқа да ықтимал ресурстарды пайдаланып, ұлттық мүдделерді басқа елдерде жүргізу қабілеті
4
Табиғи ресурстар
Халықаралық қауымдастыққа үлес қосу қабілеті
6
Басқару ресурстары
Дағдарысты ахуалдарда мемлекеттің өмір сүру қабілеті
7
Әскери ресурстары
Әлемдік мұхитқа шығу жолы (логистика жолдары)
8
Территория
9
Адам капиталы (ресурстары)
10
Халықаралық қаржылай шығыстар (ресурстар)
Нақтылай айтқанда, «қатаң» факторлармен қоса материалдық емес стратегиялық ресурстар яғни «жұмсақ» факторлар да басшылыққа алынуға тиіс.
Айта кететін жайт, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында ұлттық қуат пен күшті нығайтуға бағытталған көптеген тезисті баяндап, тиісті тапсырмалар берді. Ендігі кезек, сол тапсырмаларды орындаудың сапасына (4-кесте) байланысты.
Осы орайда, мемлекет деңгейінде келесі тұжырымдамалық және бағдарламалық қадамдар жасалғаны жөн болар еді:
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ұлттық қуат мәселесін көтеруі және Үкімет пен Президент Әкімшілігіне тұжырымдамалық құжат жобасын әзірлеу туралы тиісті тапсырма беру. Ұлттық қуатты қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен ғылыми мекемелер тізімін айқындау және олардың өкілеттіліктерін пысықтау. Президент Әкімшілігінде ұлттық қуатпен шұғылданатын құрылымдық бөлімшені құру немесе Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына жүктеу. Мемлекет басшысының №88 Жарлығы аясында жыл сайын «Қазақстан Республикасында ұлттық қуаттың жай-күй туралы» баяндаманы дайындауды көздейтін арнайы тармақтарды енгізу.
4-кесте. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауларында ұлттық қуатты нығайтуға бағытталған тұжырымдары
№
2019 жылғы
Жолдау
2020 жылғы
Жолдау
1
Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін еместігі
Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін жасау
2
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру
Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру
3
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру
Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту
4
Көппартиялылықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамыту
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеу
5
Халықпен тиімді кері байланыс орнату
Балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару
6
Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру
2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту
7
Құқық қорғау жүйесін толық реформалау
2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе арттыру
8
2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізу
Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу
9
Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту
Әділетті мемлекет азаматтардың мүддесін қорғау
10
Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру
Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі
11
Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы
12
Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру
Қайырбек Арыстанбеков,
Экономикалық саясат институтының директоры,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі