Биылғы, ежелден күрделі болып келетін кібісе жылы күллі адамзаттың басына бұрын-соңды болмаған, үлкен ауыртпалық түсірген пандемия басталған кезде бәріміз де абдырап қалғанымыз рас.
Іргетасы берік қаланып, бүгініне де, болашағына да уақтылы қам жасаған жас мемлекетіміз ішкі-сыртқы саясаттағы сабақтастықты сақтай білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сын кезеңдегі сындарлы іс-қимылының арқасында аса қатерлі індетті ауыздықтап, экономикадағы дағдарысты еңсеріп, қиын сынақтан абыроймен шығып келеді. Қазір көңіліміздегі кірбің-күдіктің орнын үміт басып, тәуелсіз еліміз барда, елі сүйген, елін сүйген азаматтарымыз бен бірлігі мықты еліміз барда басқа түскен қиындықтың бәрін бірлесе жеңіп шығатынымызға еш шүбәланбайтын болдық.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде «Біз бұл сынаққа төтеп беріп, елімізді жаһандық дағдарыстан алып шығу үшін бар күш-жігерімізді жұмылдырдық. Экономикаға қатысты теріс болжамдарды жоққа шығарып, індеттің зардабын азайттық. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында ахуалды біршама тұрақтандырдық», деп атап өтті.
Сондай-ақ Президент жаһандық дүрбелеңге қарамастан мемлекетіміздің іргесі мығым, тұғыры бекем екенін дәлелдегенімізді, халқымыз жанашырлық пен қамқорлықтың, ұйымшылдық пен береке-бірліктің озық үлгісін көрсеткенін және волонтерлер қозғалысы жалпыұлттық сипатқа ие болғанын баса айтты. Дәрігерлер мен мұғалімдердің, тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілердің күнделікті өміріміздегі рөліне ерекше мән берді. Індетпен күрестің алғы шебінде, бастарын бәйгеге тігіп жүрген және құрбан болған азаматтардың бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталып, оларға айрықша құрмет көрсетілгендігі өте орынды. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақымен салыстырғанда екі есе көбейтілетіндігін де айта кеткен жөн. Бұл халқымыздың басты байлығы – денсаулығының күзетінде жанқиярлықпен еңбектеніп жүрген ақ халатты абзал жандарға лайықты қолдау деп білеміз. Сондай-ақ ұстаздарға, полицейлер мен әскери қызметшілерге көрсетілетін мемлекеттік қамқорлық аясы да ұдайы кеңейіп келеді.
Ел Президенті келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Мемлекет басшысы өткен әрбір он жылдықтың атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұрғанын мәлімдеді.
Коронавирус пандемиясынан тиісті сабақ алып, тойшылдық пен даңғойлық сынды теріс әдет-ғұрпын тыйып, қатаң тәртіпке бағына білетіндігін айғақтаған халқымыз, Президентіміз айтқандай, ұлы Абай өсиетін орындап, білімді де білікті, ұқыпты да жауапты, іскер де еңбекқор жұртқа айналуы тиіс. Ата-бабамыз аңсаған, баға жетпес бақытымыз – Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз да осы.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты