Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Нұр-Сұлтанның «Барысы» Қытайдың «Куньлунь» клубымен сырт алаңда өткізді.
Қонақтар бәсекені қарқынды бастағанымен, қарсыластарының қақпа кілтін ұзаққа дейін таба алмады. Керсінше, алғашқы шайбаны айдын иелері соқты. 18-минутта Хантер Шинкарук нысананы дәл көздеді. Одан кейін 35 минут бойы қос команда бір-бірімен ұзақ арпалысқанымен, таблодағы есепті өзгерте алған жоқ. Тек 54-минутта Кертис Волк пен Линус Виделль ұйымдастырған шабуылды Самат Данияр сәтті аяқтады. Осылайша, ойын овертаймға ойысты. Қосымша уақытта Даррен Лиц мергендік танытты. Нәтижесінде бұл матч 2:1 есебімен «Барыстың» пайдасына шешілді.
Қазіргі кезде «Барыс» ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігінің жарыс кестесінде 17-орынды иеленуде. Жерлестеріміз 33 кездесуден кейін 37 ұпай жинады. Елордалық клуб өзінің келесі кездесуін 21 желтоқсанда Нижний Новгородта жергілікті «Торпедомен» өткізеді.