• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Желтоқсан, 2020

Педиатрия орталығының дәрігерлері 160 литр қан тапсырды

355 рет
көрсетілді

Қан тапсыру ағзаға пайдалы ма? Өйткені қан тапсырудың пайдасы мен зияны қоғамда көп талқыланады. Ал медицина мамандары мұндай сауапты қадамның донордың зіне де бірқатар пайдалы тұстары бар екенін алға тартады.

Жылына бірнеше рет Алма­ты­дағы Педиатрия және балалар хи­рургиясы ғылыми орта­лығында «Қан тапсырып, өмір сыйла!» атты науқан аясында қан тапсыру акциясы өтеді. Жуырда өт­кен ке­зек­ті акцияға 230-дан аса дә­рі­гер қатысып, нау­қас жандар үшін 160 литр қан тапсырды.

Педиатрия орталығының дә­­рі­­­герлері мен қызметкерлері до­­­нор ре­тінде қан тапсыруды әд­ет­ке ай­налдырған. Соңғы қа­йы­­­рым­ды­лық шараға 80-нен аса ері­кті қатысты. Солардың бі­рі, Ме­­ди­циналық статистика бө­лі­мінің қызметкері, ор­та­лық­тың тұрақты доноры – Құ­ра­лай Смағұлова. Ерікті осы­мен 22 жыл қатарынан дона­ция­­ға қа­ты­сып жатыр. Акцияға қаты­су­шы­лардың әрқайсысы 450 мил­лилитр қан тапсырды. Бұл істі игі дәстүрге айналдырған ақ ха­лат­­тылар кезекті рет бір кісідей ак­ция­ға атсалысып, талай бала мен адамдардың өміріне араша тү­­с­іп отыр.

Шараның тұрақты түрде ұйым­­дастырушысы, клини­ка­лық транс­­фузиология бө­лі­мінің мең­ге­рушісі Қуаныш Үмбе­товтің ай­уынша, «Қан тапсырып, өмір сыйла!» ұранымен өтетін шара жы­лына екі рет ұйымдастырылса, биыл үшінші рет өткізілген.

«Қан тапсырмас бұрын, до­нор­­лар алдымен медициналық са­уал­дама толтырды. Соның қо­ры­тындысы бойынша ғана қан тап­сыруға рұқсат алды. Ақ ха­лат­ты­лар тапсырылған қан көлемі мен оның мінсіз сапасына баса назар аударады. Педиатрия және ба­лалар хирургиясы ғылыми ор­та­лығында қан тапсыру 2013 жыл­дан бас­тап өткізіліп келеді. Жы­лына 2-3 рет қан өткізіп тұ­ра­тын тұ­рақты донорлар бар. Соң­ғы екі жыл ішінде орталық қыз­мет­керлері шамамен 180 литр­дей қан тапсырды. Бұл игі іске орталық қызметкерлерімен қоса орталықта ем алып жатқан ба­ла­лардың ата-аналары да қаты­сып келеді.

Орталықтан жылына шамамен 130-160 адам қан тапсырады. Медициналық тексерістен өткен адамнан стандарт бо­йынша 450 миллилитр қан алынады. Жыл сайын донацияға қатысушы қызметкерлер саны артып келеді. Біздің орталықта қан және оның компоненттері осы­ орталықта ем алып жатқан нау­қас балаларға қолданылады. Кли­­­никада қатерлі дертке шал­­­дық­қан, жүрек ақаула­ры­мен туған балалар, ауыр хи­рур­гиялық ота қажет болған науқас балалар мен жаңа туған нә­рес­телер ем алады. Ота кезін­де, сүйек кемігінің қа­тер­лі ісік­­терінде, оған қоса сү­йек­тің кемік майын трансплан­та­ция­лау кезінде және басқа да жағ­дай­ларда дәрігерлердің та­ға­йын­дауымен қан және оның құ­рам­дас бөліктері құйылады. Нау­қас­тарға қолданылатын бар­лық медициналық құрылғылар бір реттік. Бұл бұйымдардың барлығы балалардың ата-ана­ларының қатысуымен ашы­лады. Қан құю барлық медициналық талапқа сай жүргізіледі», дейді Қ.Үмбетов.

Дәрігердің пікірінше, қан тап­сыру ағзаға пайдалы. «Қан тап­сырудың пайдасы мен зияны қоғамда көп талқыланады. Ме­дицина маманы ретінде қан тап­сырудың негізгі пайдаларын атап өткім келеді. Біріншіден, ең бастысы – қан тапсырған әр адам 3 адамның өмірін сақ­тап қалуға тікелей көмегін тигі­зе­ді. Екіншіден, ағзаңыздың қан құрамы жаңарады, қан құ­ра­мы­ның жаңаруы теріге өте пайдалы. Үшіншіден, қан тапсыру арқылы адам бойындағы қан қы­сы­мы реттеледі. Төр­тін­шіден, қан тап­сы­рудың семіз­діктің алдын алуға сеп­тігі бар. Бесіншіден, адам өмі­рін ұзартады. Сонымен қатар Сіз қан тапсыра отыра, ағзаңыз туралы ақпаратты ала аласыз. Қан тапсырудың ағзаға еш зияны жоқ. Үлкен адам ағзасында шамамен 4,5-5литрдей қан болады, қан тапсыру барысында әр адам 450 миллилитрден аспайтын қан тапсырады. Бұл ағзаға зиянын тигізбейді», дейді Қ.Үмбетов.

Балалар дәрігерлерінің ішін­­де жүйелі түрде қан тапсырып отыруды әдетке айнал­дырған белсенді донорлар да бар. Солардың бірі – анес­тезиолог дәрігер Гүлжахан Абдуллаева.

«Қан тапсыруды азаматтық міндетім деп білемін. Бір донор – бір өмір. Біздің игі ісіміз көптеген адам­дардың өмірін құтқаруға сеп­тігін тигізеді. Осы көмек ар­қы­­лы біз біреудің ана­сының, әке­сінің, баласы мен бауырының өмірін сақтап қаламыз. Педиатрия орта­лы­ғындағы балаларға да көме­гі тиюі мүмкін. Осы әреке­ті­­мізбен аза­маттарды қан та­п­­сы­рып, көмек көр­сетуге ша­­қы­рамыз. Қан тапсырып – өмір сыйлайық!», дейді Г.Абдул­ла­ева.

«Донор» сөзінің латын ті­лі­нен аудармасы «Өмір сый­лаушы» деген мағынаны біл­ді­реді. Көптеген науқас үшін бұл екінші өмір секілді. Қа­зіргі кезде орталықта осындай жандарға қол ұшын созып жүргендердің саны 200-ден асады. Қайырымдылық шарасына ұдайы қатысатын ақ халаттылар ішінде алғаш рет қан тапсырып, донор атанған қызметкерлер де бар. «Донор қаны – өмір нәрі. Шынымен елімізде сан мыңдаған адам қанға мұқтаж. Кез келген оқыс жағдайда, немесе ота кезінде өмір нәрі ауа­дай қажет. Қан құюға мұқтаж жандарға көмегім ти­се болғаны. Осында өзімнің бір адамға болсын септігімді тигізуге келіп отырмын», дейді алғаш рет қан тапсырған орталық қыз­мет­кері, телемедицина координаторы Ұлжан Әлмен.

Бүгінде орталықтың аферез бөлі­мінде 68 литр қан сақтаулы, бұл дегеніміз – 227 доза. Қор үне­мі толықтырылып отырады, ма­те­риалдың сирек түрлерінің болуы бақыланады. Осындай шара­лар­дың нәтижесінде орта­лықта кез келген уақытта ауыр науқасқа қажетті қан табылады.

Елімізде жасы 18-ден асқан, медициналық көрсеткіші нәти­желі кез келген азамат донор бола алады. Ерлер жылына 6 рет, әйелдер 4 рет қан тапсыруға мүмкіндігі бар. Айта кетерлік жайт, орталықта жылдан-жылға ерікті қан тапсырушылар саны артып келеді. Акцияға қатысқан әрбір донор қан тапсырып, біреудің өміріне араша болып қана қоймай, өзінің денсаулығы туралы да көп ақпарат ала алды. Атап айтқанда, ол өзінің ге­мог­лобинінің деңгейін, түрлі инфекциялық аурулармен ауыр­ған, ауырмағанын, сондай-ақ қан тобын біле алды.