Ресейдің «Чемпионат» интернет-порталы 2020 жылдың жазындағы футболдан айтулы мемлекеттің Премьер-лигасында жасалған ең үздік трансферлердің тізімін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ТОП-10» ойыншының қатарында Бақтияр Зайнутдинов та бар. Бұған дейін «Ростовта» өнер көрсеткен Жамбыл футбол мектебінің түлегі үстіміздегі жылдың тамыз айында ЦСКА-ның жейдесін киді. Ол кездегі оның трансферлік құны – 2 миллион евроны құрады. Мәскеуге келген бетте Бақтияр бірден өрелі өнерімен көзге түсіп, көпшілік назарын өзіне аударды.
Ең бастысы, жерлесіміз әмбебап ойыншы ретінде бірауыздан мойындалды. Әскерилер клубының намысын қорғағалы бері Зайнутдинов алты бірдей позицияда ойнап үлгерді. Қазақстан ұлттық құрама командасының жартылай қорғаушысы ЦСКА-ның сапында 14 рет жасыл алаңға шығып, қарсыластар қақпасын бір мәрте дәл көздеді.
Сонымен қатар, үздік трансферлер тізіміне Герман Онугха («Тамбов»), Даниил Фомин («Динамо»), Хван Ин Бем («Рубин»), Джордже Деспотович («Рубин»), Резиуан Мирзов («Химки»), Денис Глушаков («Рубин»), Артем Тимофеев («Ахмат»), Кэнто Хасимото («Ростов») және Даниил Лесовой («Арсенал») сынды ойыншылар еніп отыр.