Бүгін Бразилияда футболдан 20-шы әлем чемпионатының жеребесін тарту өткізіледі. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
«Әлемдік додаға қатысатын 32 құраманы сегіз топқа бөліп шығару жаһандық жарыстың шешуші сәті болмағанымен, маңызды процесс болып табылады. 2014 жылғы 14 маусымда Сан-Паулуда сөреден шығатын турнирге қатысушылардың бұдан арғы тағдыры көп жағдайда осындағы қарсыластарына байланысты болмақ», – деп жазады агенттік осыған орай.
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) осы жеребеге дейін 32 команданы төрт кәрзеңкеге бөліп қойды. ФИФА-ның биылғы қазан айындағы рейтинг-парағына сәйкес, бірінші кәрзеңкеге ең үздік жеті команда, сондай-ақ алаң иесі – Бразилия құрамасы түсті. Ал қалған кәрзеңкелер іс жүзінде қатысушы командалардың географиялық прициптеріне қарай толтырылды.
Сонымен, бірінші кәрзеңкеге Бразилия, Испания, Германия, Аргентина, Колумбия, Бельгия, Уругвай, Швейцария салынды. Екінші кәрзеңке бір топта бір құрлықтың екі бірдей командасы болмауы керек деген қағидатпен Африка және Оңтүстік Америка құрамаларынан құралды. Бірақ бұлардың саны 7 ғана болғандықтан, 8-ші команданы Еуропадан алуға ұйғарым жасалды. Себебі, кәрі құрлықтың 12 командасы толық екі кәрзеңкені толтырғанымен, 13-шісі оған сыймай қалатын. Сондықтан ұйымдастырушылар мұны қазан айында ең төменгі көрсеткішті Францияға бермек болған. Бірақ ФИФА сосын мұның бұдан да күрделі түйінін ойлап тапты. Ол жеребе салу кезінде Еуропаның шары ең соңында қалған құрамасын осы топтың бөлінісіне қоюға шешім етті. Сөйтіп, екінші кәрзеңкеге Алжир, Гана, Камерун, Кот-д`Ивуар, Нигерия, Чили және Эквадор түсті. Үшінші кәрзеңке Солтүстік Америка және Азия құрлығының командаларымен топтасты. Олардың арасында Гондурас, Коста-Рика, Мексика, АҚШ, Австралия, Иран, Оңтүстік Корея және Жапония құрамалары бар. Ал төртінші кәрзеңкеге Еуропаның бірінші кәрзеңкеге кірмей қалған 9 құрамасы жиналды. Жоғарыда айтылғандай, екінші кәрзеңкедегі 7 команданың қатарын осындағы бір «артық» ұжым жеребе салу кезінде толықтырады. Мұндағылар Англия, Босния және Герцоговина, Грекия, Италия, Голландия, Португалия, Ресей, Франция және Хорватия құрамалары болып отыр.
Жеребе тарту кезінде берлық сегіз топтың құрамы анықталып болғаннан кейін, екінші-төртінші кәрзеңкелердегі қатысушылардың реттік сандарын анықтау мақсатында тағы бір жеребе өткізіледі. Тек осыдан кейін ғана турнирдің әзірге цифрлық вариант бойынша жасап қойылған топтық кестесі командалардың аттарымен бірге жария болады.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com