• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2013

Қызылорданың шет аймағы жол азабын тартып отыр

345 рет
көрсетілді

Біздің мәселе етіп көтергелі отырғанымыз, сол баяғы жыры бітпейтін, әпсанадай әңгіме қылатын тақырыптың бірі болғалы тұр. Біз өмір сүріп отырған қоғамдағы, өскен ортадағы, яки, нақтырақ айтар болсақ, топырағына аунап өскен туған ауылымыздағы түйінді түйткілдердің бірі – жолаушылар жолы.

Әңгіменің желісі, мәселенің мәні былайша сабақталады. Біздің Қаратерең ауылы мен Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылы аралығындағы ұзақтығы 60 шақырымдай тас жолмен (қара жолмен) жолаушылаған адамның күні мүсәпірлікке түскен, бейшараның күніндей. Яғни, мәселеміз нақтырақ болуы үшін ашып айтар болсақ, сонау бір кездері төселген тас жолдың ойдым-шұңқыры шыққан. Сол себепті аудан мен ауылға қатынайтын жолаушылар автобусы белгілі бір жерлерде жайдақ қара жолмен жүруге мәжбүр болып жүр. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында өкпеңді қысатын, қолқаңды қабатын көк – ала шаңы мен қыстыгүні қардың құрсауында қалатын, жаңбыр суымен лайсаң балшыққа айналатын жүруге жарамсыз жолдан ауыл халқының әбден жүйкелері жұқарып, денсаулықтары сыр беріп, осы күнде кімге барып мұңдарын шағарын білмей, әбден дегбірлері қашып, әбіржіп отырған жайы бар. Осы аралықтағы жолмен ауыл халқы қажетіне керекті азық-түлігіне, сондай –ақ басқадай жұмыстарын бірыңғайлау үшін, нарықтан нанын теріп жеу үшін Әйтеке би кентіне таңалакеуімнен тұрып, жол сапарлайды. Бұл күнделікті қайталанатын, жолаушылары бір толастамайтын Қаратерең ауылы адамдарының дағдысы.

Айтпақшы, біз сөз етіп отырған осы екі аралықтағы жолмен, көршілес жатқан Жаңақұрылыс ауылының халқы да ерсілі -қарсылы жолаушылап жатады. Бұлардың да басынан өткерген қиындықтары бізбен бірдей. Осы орайда, қаншама мыңдаған халықтың жол азабын тартып жатқандарын бағамдау қиын емес. Әурелеңге түскен жұрттың тағы бір қорқыныштысы, дарияның арғы-бергі бетіне өтуге арналған Бекарыстан би ауылы маңындағы қалқымалы көпір. Дарияның қақ ортасына орналасқан көпірге жақындаған жұрттың жанарынан үрейлерін аңғару қиын емес. Осы қалқымалы көпірден жолаушылар зәре-құты қашып,шыбын жандарын «шүберекке түйіп», тілдерін кәлимәға келтіріп, «бисмилләсін» айтып, әупірімдеп жүріп өтеді-ау әйтеуір. Сонда ғана барып келесі бетке аман-есен өткен жолаушылардың көңілі жайлана бастайды.

«Бәрін айт та, бірін айт, Жамал апайдың жырын айт»- демекші, біздің ауылдың «жыры», мезгіл мәселесі осы жол және жолаушы мехнаты.Егер де, аталған екі аралықтағы жолға маңыз беріліп, асфальтталатын болса, жолаушыға, жүргізушіге де қиындық туғызбасы анық. Ең біріншіден, уақыт үнемделеді.

Қалай дегенде де бұл тез арада шешім қабылдауды қажет ететін, кезек күттірмейтін, қаратереңдіктердің ең басты проблемасына айналып отырған күрмеулі сауал. Біз алдағы күндерде осы аталған мәселеге қатысты біржақты оң нәтиже күтеміз және де барша ауыл халқы үкілі үмітпен қараймыз.

Қалихан Алмағанбетов,

Қызылорда облысы,

Арал ауданы.

Соңғы жаңалықтар