• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Желтоқсан, 2020

Токарьға келгенде тоқырап тұрмыз

823 рет
көрсетілді

Бүгінгі тақырып осыдан оншақты жыл бұрын «Шаншар» әзіл-сықақ театрындағы сал-сері туралы қойылымды еске түсіріп отыр. Белгілі актер Уәлибек Әбдірайымов конферансьенің, Нұржан Төлендиев сал-серінің рөлін ойнайтын сол қойылымда Нұржан-Туканың қазақ-қырғыздың басын қосқан үлкен ас жайлы «Пой-пой, несін айтасың, 60 мың үй тігіліп, 40 мың адам шақырылды» дейтіні бар еді ғой. Осыны естігенде күлгенбіз, ал қазір біздегі мамандар даярлау мәселесінің осындай халде тұрғаны ойландырып отыр.

Қызылордада «Квант» дейтін мекеме бар. Кезіндегі целлюлоза-картон зауыты құрамындағы бір цехтың негізінде құрылған кәсіпорын қазір Қазақстандағы темір бұйымдарын жасайтын үлкен өндіріс орнына айналған. Мекеменің тұтынушылары еліміздің әр түкпірінен табылады. Осындай үлкен кәсіпорындағы проблеманың бірі – маман тапшылығы.

– Кезінде осы Қызылорданың өзінде ғана механикалық бағыттағы 5 зауыт жұмыс істеп тұрды. Кешегі қиын-қыстау кезеңде осы өндіріс орындары тоқтап, ондағылар жан-жаққа кеткені ешкімді ойландыра қоймады. «Балапан баcына, тұрымтай тұсына» дейтіндей мезгілде оған қиналған да ешкім болған жоқ. Міне, осы сәттен бастап бізде жылдар бойы жалғасып келе жатқан мамандар легі үзілді, – дейді «Квант» ЖШС директоры Жаңабай Бекішев.

Ауызды қу шөппен сүртуден аулақ­пыз, қазір жұмысшы мамандықтарды даярлау бағытында жақсы бастама бар. Бірақ еңбек нарығы ескерілмегендіктен бұл істе жүйесіздік басым. Мысалы, дәл осы мекемеге 30 жыл бойы токарь, фрезерші маман мен оператор келмеген. Қазір өндіріс орнындағы 25 токарьлық станокта 9 шебер жұмыс істеп жатыр.

Жалпы саны 100-ден асатын құрыл­­ғының көбі «тілін» білетін ма­манның тапшылығынан қаңтарылып тұр­ғаны тағы бар. Сонда мемлекеттің жыл сайын миллиардтаған қаржы жұм­­сап, даярлаған мамандары қай­да?! Әрине, қағаз жүзінде бәрі керемет. Жыл сайын мыңдаған адам жұмыс тапқаны туралы есеп беріледі. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше болып тұр.

Осы мәселеге байланысты облыс­тық білім басқармасының мәліметі қолымызға тиді. Онда соңғы 3 жылда оқу орындарының қолданыстағы лицензияларына сараптама жүргізе отырып, еңбек нарығының сұранысы негізінде 26 жаңа мамандық, 111 жаңа біліктілік бойынша мемлекеттік тап­сырыс орналастырылғаны айтылады.

– Сыр өңірінде өндіріс орындары да аз екенін осы аймақтың тыныс-тір­ші­лігінен хабардар әркім-ақ біледі. Оның ішінде біздің серіктестік елі­міз бойынша бәсекелесі жоқ кәсіп­орын саналады. Осындай санаулы өндіріс орындары үшін жыл сайын жүздеген маман даярлаудың қандай қажеттілігі бар? Жарайды, даярланды делік, сол мамандар өндіріске келмей қайда жүр? – дейді Жаңабай Бекішев. – Мысалы, қазір мен 64 жасқа келдім. Сенсеңіз, осы істі тапсырып, орныма тастап кететін адам таппай отырмын. Біздегі цех басшысы 74-тен асты. Ол кісінің де орнын басатын маман жоқ.

Мамандар тапшылығы облыстық кәсіпкерлер палатасында да талай мәрте талқыланған мәселе. Палатадағы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес төрағасы Болат Нұр­қожаев лицензия алған кейбір оқу орындарында болашақ мамандарды даярлауға жеткілікті көңіл бөлінбей отырғанын айтты.

– Мысалы, ертең токарь, дәнекер­леуші, фрезерші секілді сұранысқа ие кәсіп иелері болатын жастарды педагогикалық, техникалық білімі бар, бірақ өндірісті көрмеген қыз-келіншектердің оқытып жатқанын да көріп жүрміз. Әрине, әйелдердің қай саланы да игеріп кете алатынына таласымыз жоқ, бірақ техникалық мамандықты ер адамдардың оқыт­қаны және баланың білімін өндіріспен ұштастырғаны құба-құп болар еді. Мамандар даярлауға жылына бір кішігірім ауданның бюджетіне пара-пар қаржы бөлініп отыр. Осы қара­жаттың бір бөлігін өндіріс орындарына бұрып, оқу орындарынан оқытушы бөліп, мамандарды сол кәсіпорын базасында даярлау әлде­қайда тиімді. Әйтпесе, студентке он ай стипендия төлеп, соңында бір дип­­ломды ұстатып жібергеннен ештеңе ұтпаймыз, – дейді кеңес төрағасы.

Мәселені зерттегендер мектептерде баяғы оқу-өндірістік комбинаттары жүйесін де қайта қалыпқа келтірген жөн деген пікірде. Осы­лай еткенде ғана бала мектеп қа­быр­ғасынан жанына жақын мамандықты меңгеруге дайын болып шығады. Болат Нұрқожаевтың айтуынша, қазір түрлі тренингтер өткізуге машықтанып алған жастар өндіріске бет бұруы қажет. Екінің бірі асаба, әнші, қаржыгер немесе заңгер болғысы келетін кейінгі толқын арасынан шаруаға да ебі барларды бейімдеу керек. Заңгер демекші, облыстық кәсіпкерлер палатасының осы саланы жетік білетін маман іздегеніне жылдан асты. Қолтығына диплом қысқанның талайы кәдеге жарамай, конкурстан өте алмай жүр.

Облыстық білім басқармасы мамандары Білім және ғылым министр­лігі тарапынан «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін­гі білімнің мамандықтары мен білік­тіліктерінің сыныптауышын бекіту туралы» 2018 жылғы 27 қыркүйектегі №500 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, жаңа мамандықтардың жіктеуіші 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап қолданысқа енгізілгенін айтты. Осыған орай, оқу орындарында зер­делеу жұмыстары жүргізіліп, мем­лекеттік тапсырыс орналастырылмайтын, білім беру үдерісі жүр­гізілмейтін 100-ден астам маман­дық біліктіліктерінің лицензиялары кері қайтарылыпты. Сонымен бірге кол­ледждер жыл соңына дейін қол­даныс­тағы мемлекеттік лицензияларын жаңа жіктеуішке сәйкес қайта рәсім­дейтін болыпты. Бұл ретте келешекте қандай мамандық иелеріне сұраныс артатыны ескеріліп, соларды даярлауға баса көңіл бөлінбек. Басқарма мамандарының дерегінше, 2014 жылдан бастап оқу орындарына енгізілген дуальды оқыту жүйесі бітірушілердің жұмысқа орналасуына өз ықпалын тигізіп келеді. Мысалы, 2015 жылы бұл көрсеткіш 48 пайыз болса, мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының мәліметі бойынша 2019 жылы бітірушілердің 71,3 пайызы жұмысқа орналасыпты.

Өткенде аудандардың бірінде салынып жатқан мектеп құрылысына барғанбыз. Учаске бастығы бізбен әңгімеде қазір өздері үшін мамандар мәсе­лесі өзекті болып отырғанын айт­қан еді. Бұлардың краншы іздегеніне көп болыпты. Дипломмен келіп жатқан жастардың көпшілігі тым болмағанда биікте жұмыс істей­тін­дерге жерден беріле­тін ым-ишараны түсіндіріп бере алмайды.

Уақыт өткен сайын кәсіптің де түрлене берері түсінікті. Әйткенмен де, техникалық және елге аса қажетті өзге де сала өкілдерін даярлаудың жүйе­сіне барынша мән беруіміз қажет. Еңбек нарығындағы қазіргі ахуал миллиардтап қаржы жұмсап, сайда саны, құмда ізі жоқ «мамандарды» даярлаудың пайдасы шамалы екенін көрсетіп отыр.

 

Қызылорда