Кеше онлайн режімде «Қазақстандағы құқық қорғау және сот жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Отырыс барысында еліміздің сот-құқықтық жүйесін дамытудың алдағы бағыты айқындалды.
Отырысқа мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, отандық және шетел ғалымдары, сот, құқық саласының кәсіби мамандары қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары, дөңгелек үстелдің модераторы Игорь Рогов Тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде құқық қорғау және сот салаларының жаңа жүйесі құрылғанын, осы жылдар аралығында аталған жүйе үнемі дамып, алға жылжып отырғанын жеткізді.
– Өздеріңіз білетіндей, кейінгі ірі реформа 2014 жылы жүргізілді. Сол жылы Қылмыстық және Қылмыстық процессуалдық кодекстер қабылданды. Бұл кодекстерді жаңа заман кодексі деп айтуға болады. Себебі осы кодекстер өз кезегінде еліміздің сот-құқықтық жүйесіне алға адымдап қадам басып, еуропалық жүйелерге жақындай түсуіне мүмкіндік береді. Алайда ештеңе бір орында тұрмайтыны белгілі. Сондықтан бүгін біз сот-құқықтық жүйесінің ауқымды қайта жаңғыру, түрлену кезеңін бастағалы отырмыз. Әрине, 2014 жылғы реформа кезінде түрлі жағдайларға байланысты соңына дейін шешілмей қалған мәселелер болды, – дейді И.Рогов.
Оның айтуынша, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқарып жатқан ауқымды жұмысы еліміздің сот-құқықтық жүйесінің бұған дейін жеткен жетістіктерін жетілдіруге және оны алдағы сынақтардан сүріндірмеуге негізделген.
– Сот-құқықтық жүйесінің реформасы тек қана шетелдік озық үлгіні енгізу ғана емес, терең ғылыми зерттеулерге негізделуі керек. Еліміздегі басты мәселенің бірі заң үстемдігін қалыптастыру саналады. Заң бәрінен биік болуы керек. Құқықтық мемлекетте сот жүйесі әділ болады. Ал құқық қорғау жүйесі халық сеніміне негізделуі тиіс. Бұл Бес институционалдық реформа аясындағы ұзақ мерзімді меже болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстанның сот және құқықтық жүйесін реформалаудың басты бағыттарын атады. Ел Тәуелсіздік алғалы бұл екі жүйені жаңғырту жұмысы кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Кейінгі 25 жылда ауыр қылмыстар саны бірнеше есе азайды. 1996 жылы 2600 адам өлімі тіркелсе, 2019 жылы 845 қылмыс тіркелді. Қарақшылық тонау қылмыстары 6 есе азайды. Әлемдегі адамдардың қауіпсіздігі жөніндегі индексте Қазақстан өткен жылы 64-орыннан көрініп, ТМД-ның көптеген елін басып озды, – деді Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев.
Президент көмекшісінің айтуынша, бұл жетістік мемлекеттің көпжылдық жұмысының нәтижесі саналады. Ә.Исекешев қоғам тарапынан, бизнес тарапынан құқық қорғаушылар мен сот жұмысына көңіл толмайтын жағдайлар жиі кездесетінін де жеткізді.
– Биыл Қазақстанда әкімшілік процессуалдық кодекс қабылданды. Бұл құжат келесі жылы күшіне енеді. Бұл – еліміздегі аса ірі реформалардың бірі. Себебі мүлде басқа заң қалыптасады. Әкімшілік жауапкершілікті қабаттастырмай жария құқықтық мәселелерді ғана қарастыратын мүлде бөлек соттар болады. Балтық жағалауы елдері бұл жүйеге бұрыннан көшкен. Посткеңестік елдер енді ауысып жатыр. Украинада бұл жүйе бар. Барлық оңтүстік Кавказ: Армения, Грузия, Әзербайжан осы жүйеге көшті. Орталық Азияда Қырғызстан бірқатар шектеумен, ал Өзбекстан толық ауысып жатыр. Қазақстан да келесі жылы осы жүйеге көшеді, – деді Берлин әкімшілік сотының судьясы, «Орталық Азия елдерінде құқықтық мемлекеттілікті орнатуға септесу» (GIZ) бағдарламасының директоры, аталған ұйымның Қазақстан мен Өзбекстандағы өкілі Йорг Пуделька.
Онлайн отырыста Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев та орамды ойымен бөлісіп, пайымды пікірін білдірді. Агенттік төрағасының айтуынша, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау жемқорлықтан азат әрі бюрократиядан таза инновациялық тиімді мемлекеттік құруды қамтамасыз етеді.
– Сот жүйесі мен құқық қорғау жүйесін реформалаудың алғашқы пакетінде отставка институты және қол астында жұмыс істейтіндердің жемқорлық ісі бойынша жауапқа тартылғаны үшін жоғары лауазым иелері жауап беретіні енгізілді. Реформаның екінші пакетінде жемқорлықпен күрес бойынша жауапкершілікті күшейту мәселесі енгізілді, әсіресе квазимемлекеттік сала бойынша. Оған қоса Ұлттық компаниялардағы жемқорлыққа қарсы заңнамалар бекітілді. Бір ұйымда туыс адамдардың жұмыс істеуіне және сыйлық алуға шектеу қойылды, – дейді А.Шпекбаев.