• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Желтоқсан, 2020

Қазақты ерекше құрметтейтін халық немесе біздің ауылдың немістері

807 рет
көрсетілді

Кең пейілді халқымыз әуел бастан достыққа, тату көршілікке ерекше мән берген, қолындағы барын бөлісіп, ризығын асырған. Қазақтың бұл дархандығы талайлы тағдыр айдап қазақ даласын паналаған көптеген этноспен қарым-қатынасында ерекше көрініс тапқан. Бұл әсіресе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін анық көрінді.

Түркістан облысының бұрынғы «Қазақстанның 40 жылдығы» (қазір Алпамыс батыр) кеңшары кезінде бірнеше этнос өкілі тұратын үлкен шаруашылық-тын. «Қапланбек» шарап зауытының қосалқы шаруашылығы ретінде ашылған кеңшарда шарап зауыты, тауарлы-сүт фермасы болды. Жеміс-жидек, көкөніс өсіретін.

1981 жылы іргедегі ауылдан кентке көшіп келгенде Андрей Сандэрдің отбасымен көрші болдық. Ұлты неміс Андрей көке де, Зина тәтей де қазақшаға судай. Бригадир Андрей аудандық «Мақташы», «Келес таңы» газетін оқып отырушы еді. А.Сандэрдің 6 баласы бар. Бір қызы Жетісайда, 4 ұлы Ташкентте тұрады, үйлі-баранды. Біз көшіп келгеннен кейін кенжелері Сашка әскерден келді. Зина тәте менің апама ұл-қыздарының Ташкенттегі авиация зауытында мықты маман екенін айтып, Мишам – инженер, Витям – токарь, Маришам бухгалтер деп марқайып отырушы еді.

Андрейдің Ташкенттегі ұл-қыздары жұма күні кештетіп қара шаңыраққа ат басын тірейді. Сенбі күні барлығы жабылып бар шаруаны бітіріп тастайды. Содан үш үй әріде тұратын жалғызбасты Берта тәтенің шаруасын тап-тұйнақтай тындырады. Жексенбі күні балыққа барады, монша жағып, кішігірім отбасылық мереке ұйымдастырады. Көрші үй жақтан әуелеген гармонның әуезді үні еліктірмей қоймайтын. Неміс көршілеріміз жиын-терім кезіндегі қол күшін талап ететін жұмыстарға қолғабыс етуде аянбайтын. Өте еңбекқор отбасы. Тақымында бір-бір «Волга», «Жигули», шыттай киінген оларды мұндай қарапайым деп ойламағанбыз.

Берта тәтей де өте мейірімді жан еді. Көше-көлемдегі күллі ауырған жанның қамқоры-тын. Біл­мейтін ем-домы жоқ. Үй іргелік егінжайында өспейтін көкөніс жоқ. Бау-бақшасы да жайқалып тұрады. Салат, көкөніс жабудың хас шебері. Берта тәте дәмді салаттарын дүкенші Дүйсенбайдың отбасымен бөліседі. Дүйсенбай да қат тауарлармен неміс апасын жарылқап жүреді. «Жөргегімнен арқалап баққан апам, ұлымның құдалығында төрде отырады» дейтін. Расында туған апасындай болып кеткен. 1942 жылы Сталинградтан жер аударылғанда көрші «Энгельс» колхозына біраз отбасы келіпті. Сұлтанбай ақсақал қоржын үйдің бір бөлмесін босатып беріп, бұларды қамқорлығына алыпты. Арып-ашып келгендерге барын беріп, қара нанды бөліп жеп, көже-қатығын бірге ішіпті. Екі отбасының үлкендері жеңісті жақындату жолында күндіз-түні колхоз жұмысында жүреді. Ересектерін майданға аттандырған ақсақалдың кейінгі 6 баласы, өзінің 4 бауыры бар бәріне 9 жастағы Берта бас болып отырады екен.

90-жылдары кеңшардағы орыс-немістердің көбі тарихи отандарына орала бастады. Берта тәтені Волгоградта тұратын қызы көшіріп алып кетіпті. Волгоградтан хат жазып тұратын. Естуімізше олар да Германияға қоныс аудармақ болған. 1993 жылы Сандэрлер отбасы да Германияға көшті.

2000 жылы жазда ауылға Германиядан Виктор Сандэр келіпті. Анам үйде немерелерімен отыр екен.

– Әй, Сәшкемісің? Әке-шешең аман ба? Зина қалай, – деп қалбалақтап қалады анам.

– Апа, мен Виктормын ғой!

– Е-е, айналайын, Бектұрсың ба, көзім нашарлаған, жыға танымадым, дауыстарың ұқсайды екен...

– Апа-ау, айран бар ма? Сіздің қатығыңыз, құрт-майыңыздың дәмі бөлек еді ғой...

Виктор әке-шешесінің амандығын, өздерінің жағдайы жақсы екенін, тек ата-анасының елді қатты сағынып, әсіресе анасының жиі жылап отыратынын айтыпты. Үйлерін сатып алған жаңа көршімізден рұқсат сұрап туған үйін, ауланы, көшені, ауылды ерінбей екі-үш күн жүріп қол камерасына түсіріпті. Көршілерді арнайы сөйлетіп, түсіріп алып, үш-төрт күн туған ауылда аунап-қунап, сосын Германияға қайта кетіпті.

Берта тәтеге топырақ Ресейден бұйырды. Германияға көшу үшін құжат дайындап, виза күтіп жүргенде жүрегі сыр беріп, көп ауырмай көз жұмған. Осы хабарды жеткізген жеделхатты ала салысымен дүкенші Дүйсенбай (90-жылдардың қиын кезі) жол-пұлға бір қарасын сатып, жерлеуіне барып келді.

Туған ауылдың немістері туралы жылы естеліктер санамда жиі жаңғырады. Неміс тілі пәнінен сабақ берген апайымыз Фрида Владимировна Штейнерт қандай керемет жан еді. Мұнтаздай таза, мұздай киініп жүретін. Жасы ұлғайып қалса да өзін жинақы, тіп-тік ұстайтын. Нағыз тектіліктің эталонындай. Ал мектебіміздің музыканты Амалия Реллингольдовна апай аккордеонын арқалап жүріп, жүрген жерін той-думанға айналдырып жіберетін. Автомехникадан сабақ берген Володя ағай техниканы шебер меңгерген жан еді. 80-жылдардың басында үздік механик В.Щварцтың педагогикалық білімі, дипломы болмаса да оны мектепке мұғалімдікке шақырған директорымыздың бұл қадамын көпшілік қуана қолдаған-ды. Володя ағайдан тәлім алған талай шәкірт кейін техника саласының мықты маманы болып шықты.

Байтақ Қазақстанды мекен еткен қаншама этнос бар. Олар жергілікті қазақ халқымен қарым-қатынасын жоғары деңгейде жалғастырып келеді. Қазақ еліне деген алғыстары шексіз. Солардың арасында қазақ ұлты дегенде, Қазақстан дегенде пейілдері ерекше қазақстандық немістердің орны бөлек.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист