Біздің әрбір күніміз, әрбір сағатымыз тәуелсіз болуы тиіс. Егеменді ел болғанымызға келер жылы 30 жыл толады. Бұл уақыт санамыздың, түйсігіміздің тазаруы туралы әңгімеге айналуы шарт.
Азаттық, әсіресе, жас буын санасына серпіліс беруі керек. Ал біз, аға буын жастарды жетелемей, керісінше солардың жетегінде келе жатырмыз. Өскелең ұрпақ – сауатты. Тек үлкендер жастарға тәуелсіздік туралы кеңістікті кеңейте алмай отыр. Біз жастарға: «Менікі дұрыс, менің айтқаныммен жүр», деп үнемі қысым жасаймыз. Бұл қате. Жастар саналы сараптап, жағдайды өздері өзгертуі керек. Ол үшін тәрбие, білім, мәдениет және ғылымды ілгерілетуіміз қажет. Осы дүниелерді көтерсек, әр нәрсе өзінің қанық бояуына енеді.
Бүгінде Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында тұрмыз. Бұған қоса ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, ал хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қатар келді. Әбу Насыр әл-Фараби осыдан он ғасыр бұрын өмір сүрген. Ал Абай Құнанбайұлы одан тоғыз ғасыр кейін қазақ даласын мекен етті. Осы 900 жыл аралығында тарихта небір жағдай орын алды. Әлемнің екінші ұстазы он ғасыр бұрын айтып кеткен дүниелерді тоғыз ғасырдан кейін ұлы Абай қайталап отыр. Бұл ұрпақтар сабақтастығының үзілмегендігін көрсетеді. Неге үзілмеді? Біріншіден, мұсылмандығымыз, екіншіден түркі тілі. Осы екі фактор Әбу Насыр әл-Фарабидің айтқандарын Абай заманына, Абай біздің заманға жеткізді. Бұл рухани байлық қазақ халқының көрегендігі мен даналығының арқасында сақталып қалды. Бұның барлығы – тұғырлы тәуелсіздігіміздің жемісі.
Ғарифолла ЕСІМ,
ҰҒА академигі,
философия ғылымдарының докторы, профессор