Келесі жылы Жапонияның астанасы – Токиода алауы тұтанатын Олимпиада мен Паралимпия ойындарының жалпы бюджеті 15,8 миллиард АҚШ долларын құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz
Жер жаһанды шарлаған коронавирустың кесірінен спорттық сайыстардың барлығы да белгіленген уақытында өтпей қалғаны белгілі. Солардың қатарында Олимпия ойындары мен Паралимпиада да бар. Биыл жалауы желбіреуге тиіс айтулы жарыстар келесі жылға шегерілді. Осындай қолайсыздықтардың салдарынан Жапонияға тағы та біраз шығындануына тура келеді.
Енді олар байрақты бәсекелерді жоғары деңгейде ұйымдастыруға қажетті қаржы мөлшерін біршама көбейтуді құп көріп отыр. Тарқатып айтсақ, спорттық нысандар мен Олимпиада қалашығын жетілдіруге 2,85 миллиард, коронавирустің алдын-алу шараларына 931 миллион, жарыстың ашылу мен жабылу рәсімдеріне 931 миллион доллар жұмсалу көзделуде. Жарысқа қажетті жалпы сомманың 6,97 миллиардын ұйымдастыру комитеті мен 6,787 миллиардын Токио билігі жапса, қалған қаражат Жапонияның бюджеті есебінен жұмсалады.
Сонымен қатар, марафон мен спорттық жүріс жарыстарының Токиодан Саппоро қаласына ауыстырылуына байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан қосымша 193 миллион доллар бөлінеді.
Естеріңізге сала кетейік, Олимпия ойындары 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтсе, Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады.