«Медиа орда» қоғамдық қоры Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен «Бюджет мол – мәселе сол» атты республикалық карикатурашылар байқауының қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz
Қоғамдағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Әйтсе де өте өзекті әлеуметтік проблемалар шешімін табар емес: бюджетті игеру, жоспарлау және т.б. жайттар реттелмей отыр.
Еліміздегі кәсіби және әуесқой карикатурашылар осы тақырып аясындағы, республика көлеміндегі немесе өңірлердегі маңызды мәселелерді карикатура тілімен сөйлетіп көрді.
Қайрат Жәйірбектің «Құрақ көрпе» жұмысы – І орын:
Байқауға 31 карикатурашы өз жұмысын жолдады. Оның 3-еуі конкурс талаптарын орындамағандықтан және тақырыпқа қатысы жоқ суреттер жібергендіктен бағалау кезеңіне жіберілмеді. 28 cуретшінің өнер туындысы қазылар алқасының бағалауына жолданды.
«Бюджет мол – мәселе сол» атты байқаудың жеңімпаздары:
І орын (300 000 теңге) – «Құрақ көрпе» жұмысы, авторы – Қайрат Жәйірбек (Нұр-Cұлтан);
ІІ орын (200 000 теңге) – «ЛРТ-стоунхендж» жұмысы, авторы – Талғат Жеңісұлы (Талдықорған);
ІІІ орын (100 000 теңге) – «Бюджетті басқару» жұмысы, авторы – Мұрат Ділманов (Алматы);
ІІІ орын (100 000 теңге) – «Ақбұлақ 2011-2020» жұмысы, авторы – Павел Уколов (Семей);
ІІІ орын (100 000 теңге) – «ЛРТ: көзден бұлбұл ұшты» жұмысы, авторы – Әділ Закенов (Алматы).
Талғат Жеңісұлының «ЛРТ – стоунхендж» жұмысы – ІІ орын
Асқар Беков: «Байқауды ұйымдастырудағы мақсатымыз – еліміздегі карикатура жанрының жандануына тиіттей де болсын өз үлесімізді қосу болды. Карикатура – бағзыдан бері әлеуметтің өзекті мәселелерін көтере білетін, оны қалың көпшілікке көрсете алатын бірден бір құрал. Бұл жанрдың халықаралық деңгейде өзіндік орны бар. Өкінішке қарай, осы жобаны жүзеге асыру барысында елімізде кәсіби карикатурашылардың көп емес екенін куә болдық. Десек те, бұл жанрдың түп-тамырымен жоғалып кетпеуіне септігін тигізіп жүрген кәсіби суретшілер бар. Сол қылқалам шеберлеріне қолдау көрсету мақсатында осындай байқау ұйымдастырдық», дейді.
Байқауға барлығы 148 жұмыс келді, оның ішінде 35 жұмыс байқау шарттарын орындамағаны үшін (көшірме, қайталау және т.б.) конкурсқа жіберілмеді, ал қалған 113 жұмыстың ішінде негізгі тақырып – 75, ал еркін тақырып бойынша 38 жұмыс бағаланды. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 1 350 000 теңге.
Павел Уколовтың «Ақбұлақ 2011-2020» жұмысы – ІІІ орын:
«Сорос-Қазақстан» қорының «Ашықтық және есептілік» бағдарламасы азаматтық қоғамның қалыптасуына, ондағы мемлекеттік бюджет мәселесінің ашық әрі есепті болуына зор маңыз береді. Осы тақырыпты қалың бұқараға кеңінен түсіндіруге, насихаттауға һәм онымен байланысты өзекті проблемаларды көтеруге мүдделі жобаларды үнемі қолдаймыз. Біздің серіктесіміз – «Медиа орда» қоғамдық қоры осы есеп-қисапқа толы әрі қаржы-қаражат төңірегіндегі проблемаларды шығармашылық тілмен сөйлетіп көру туралы тың идея ұсынған болатын, біз қолдадық», – деді «Сорос-Қазақстан» қорының үйлестірушісі Асқар Көшкінбаев.
Ұйымдастырушылар осы байқау аясында «Қылқалам ұшындағы шынайы қоғам» атты еркін тақырыпқа жұмыстар қабылданды. Бұл тақырып бойынша кәсіби карикатурист Берік Шадығалидің (Орал қаласы) жұмыстары үздік деп танылды. Ол 100 000 теңге сыйақыға ие болды.
Әділ Закеновтың «ЛРТ: көзден бұлбұл ұшты» жұмысы – ІІІ орын
Бұдан бөлек, карикатурашыларға ынталандыру сертификаттары берілді: 7 жұмыс – 50 000 теңгелік, 5 жұмыс – 20 000 теңгелік сыйлық алды.
Елімізге белгілі карикатурист, осы байқаудың негізгі сарапшысы әрі әділ-қазы мүшесі Ғалым Смағұлұлы: «Байқауға ұсынылған жұмыстардың тақырыбы, яки нысанына, идеясы, яғни тапқырлығына және техникасы, яғни ұсыну шеберлігіне ерекше маңыз бердік. Республика көлемінде бірқатар карикатурашыдан жақсы жұмыстар келді. Бас жүлделерді алған суретшілер байқауға жақсы дайындалған: тапқыр, шебер әрі өзекті туындылар келді. Әлі де болса жетілдіру керек жұмыстар да болды, оларға ынталандыру сертификаттары берілді», деп атап өтті.
Бұл байқауға жиналған үздік суреттер көрерменсіз қалмайды. Ұйымдастырушылар «Бюджет мол – мәселе сол» атты альбом-жинақ шығаруды, сондай-ақ, конкурсқа келген өнер туындыларын онлайн кеңістікте кеңінен тарату мақсатында лонгрид форматында деректі-мақала ұсынуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Aiqyn республикалық қоғамдық-саяси газетінің «Ара» сатиралық қосымшасымен серіктесіп, аталмыш басылымға үздік сурет сериясы жарияланбақ.
Мұрат Ділмановтың «Бюджетті басқару» жұмысы – ІІІ орын:
Талғат Жеңісұлы, ІІ орын иегері: – Барлық жұмысты ысырып қойып, 3 апта көлемінде осы байқауға сурет салдым. Конкурс тақырыбын ашуға тырыстым, түрлі техникаларды қолдандым. Байқаудың тақырыбы, талаптары ұнады, жүлдесі де тұрарлық. Бұл біздің жұмысымызға құрметпен қараудың белгісі деп түсіндім.
Мұрат Ділманов, ІІІ орын иегері: – Қазақ тіліндегі карикатура жоғалудың аз ақ алдында тұр. Бұл орайда бүгінгі байқауға қатысқан әрбір карикатурашының еңбегі ерен. Өйткені бұл жанрды қайта жандандырудың маңызы зор. Карикатураның, ондағы көтерілген мәселенің салмағы ауырлап, сапасы артқан сайын, қабылдаушының санасы өседі. Суретшілерге осындай мүмкіндік берген бастамашыларға алғыс айтамын, – дейді ол.
Айта кетейік, бұл байқау «Карикатураны қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсетудің қолжетімді құралы ретінде қайта жандандыру» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – еліміздегі кәсіби және әуесқой суретші-карикатурашылармен және олардың жұмысымен танысу, серіктестік орнату; карикатура арқылы республикалық деңгейдегі немесе өңірлердегі өзекті проблемаларды көрсету еліміздегі кәсіби және әуесқой суретші-карикатурашылардың жұмысын және сол арқылы республика көлеміндегі немесе жергілікті деңгейде актуалды мәселелерді қалың бұқараға көрсету болды.
Бұл жобаға белгілі карикатурист Ғалым Смағұлұлы, бюджет тақырыбының сарапшысы Шолпан Айтенова және журналист Бауыржан Сабырбеков эксперт ретінде тартылды.