Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған «Самғау» жастар сыйлығының иегерлерін марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz
Сыйлыққа үміткер ретінде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысып, 10 номинация бойынша таңдалды. Яғни білім және ғылым, журналистика, қоғамдық қызмет, спорт, медицина, мәдениет, кәсіпкерлік, өндіріс салаларында табысты еңбек етіп, өз саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге жетіп жүрген және ерен еріктілік танытып, бейбіт күнде ерлік көрсеткен жастар конкурсқа түсті.
Іріктеуде үміткерлердің өз саласының және қоғамның жалпы дамуына қосқан үлесі мен инновациялық идеяларына басымдық беріліп, әлеуметтік маңызды жобалар және қоғамдық өмірге белсене қатысуы, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және жетілдіру бойынша қосқан жаңашыл бастамалары есепке алынды.
Байқау жеңімпаздары арнайы құрылған комиссия қорытындысымен анықталып, әр номинация бойынша үздік шыққан 10 жасқа қала әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі сыйақысы табысталды.
Шара соңында қала әкімі «Самғау» сыйлығының иегерлерін марапатымен құттықтап, бұл сыйлық белсенді жастардың одан әрі шығармашылығын шыңдап, саяси-мәдени, рухани байлығын арттыруға қолдау көрсету, көтермелеу мақсатында тағайындалып, жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасатындығын атап өтті.
Сонымен қатар салтанатты жиында өңіріміздегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, білімге, өнерге, ғылымға, спортқа жаны құмар, азаматтық қоғамды қалыптастыруда өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар жастар қосымша арнаулы номинацияларға ие болды.