Әсілінде, сот-құқық жүйесінде әділдік пен туралық болмайынша жемқорлықты жеңу мен азаматтардың заңды құқықтарын аяқасты етпеу мәселесіне қатысты қандай да бір қадамдар туралы айту мүмкін емес секілді. Сондықтан елімізде аталған салаға қатысты жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларды – әділетті мемлекет құруға деген алғашқы бастамалар деп бағалауға болады. Бұл туралы «Қазақстандағы құқық қорғау және сот жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен халықаралық дөңгелек үстел барысында да кеңінен айтылды. Яғни еліміздегі ендігі мақсат – сөзден іске көшіп, кешенді, сапалы әрі тиімді реформа жүргізу болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы сот-құқықтық жүйені реформалаудың маңыздылығын алға тартып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. «Заң үстемдігі орнықпаса жəне азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, əлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мəнісінде, «Əділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы», деді Қ.Тоқаев. Ел Президентінің айтуынша, азаматтардың мəселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс жəне əділ шешім шығару қажет. Президентіміз айтып отырғандай, «Құқық қорғау жəне сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет».
Жолдауда өкілеттіктердің аражігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру қажеттілігі де айтылды. Сол үш буынның бір тармағы деп еліміздің полиция қызметін айтуға болады.
– 2018 жылы Елбасы ішкі істер органдарын кең ауқымды реформалауды бастады. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында полиция қызметін сервистік модельге ауыстыруды жандандыруды тапсырды. Ел Президентінің тапсырмалары – заманауи, технологиялық тұрғыда дамыған, халықтың сеніміне ие бола алатын ішкі істер органдарының жүйесін құруды көздейді. Ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы реформалардың басты құралына айналды. Сонымен қатар бүгінде ішкі істер органдарының ұйымдастырушылық-штаттық құрылымы оңтайландырылған. Мәселен, 106 артық басқарушылық буын және 1,5 мыңға жуық басқарушылық лауазым жойылды. Ішкі істер органдарындағы саны 11%-ға (10500 қызметкер) қысқарды, – дейді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Әрине еліміздегі сот-құқықтық жүйесінде жасалып жатқан қарымды қадамдар қайтсе де жемісін беруі тиіс. Бұл ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесіне де оң әсер ететіні белгілі.
– Құқық қорғау және сот жүйесінің деңгейін жоғарылату – еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды бөлігіне айналуда. Кейінгі жылдары бұл салада бірқатар маңызды реформа жүргізілді. Бүгінгі таңда біздің алдымызда заң үстемдігін, әділдікті және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауапты міндет тұр. Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның қабылдаған шешімдері Конституция және Қазақстан Республикасы заңдарының орындалуын, біздің азаматтарымыздың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуде көрініс табатынына сенімдімін, – дейді Әділет министрі Марат Бекетаев.
Еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болғандықтан, әр отандасымыздың тағдыры мемлекет үшін зор маңызға ие. Жаза басып жаңылысқандардың барлығын бірдей оқшаулауға, бостандығын шектеуге болмайды.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның құқық қорғау саласында жүйелі әрі бірізділікпен жұмыс атқарылып келеді. Осы жұмыстар арқылы мемлекетімізде тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейі қамтамасыз етілуде. Маңызды бағдарламалық құжаттар мен тұжырымдамалар жүзеге асырылды. Тиісті заңдар қабылданды. Халықаралық байланыстар орнатылды. Қылмыстық процесс кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, олардың сотқа дейінгі өндіріс институттары қолданылуда. Мәселен, 2015 жылы жаңа Қылмыстық процессуалдық кодекс қолданысқа енгізілді. Аталған Қылмыстық кодекске сәйкес, тергеуге дейінгі тексеріс жойылды. Тергеу судьясы институты қолға алынды. Жазалау жүйесі реттеліп, теңдестірілді. Бұдан былай оқшаулаудан өзге амал жоқ қауіпті қылмыскерлер ғана бас бостандығынан айырылатын болады, – дейді Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.
Адам тағдырын таразыға тартып, ақ пен қараны ажыратып алу – қашанда қиын. Ол үшін қара қылды қақ жаратын әділдік пен мәселенің мән жайын анық аңғара алатын төрелік қажет. Түптеп келгенде, еліміздегі ауқымды реформадан күтетін нәтиже де – осы.
– Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының басшылығымен сот-құқықтық жүйені жетілдіру, жаңғыру бағытында ауқымды жұмыстар басталды. Жоғарғы сот жұмыс тобына қазірдің өзінде жаңа ұсыныстар жиынтығын ұсынып үлгерді. Олар сот жүйесін жетілдіруге, үш буынды модель жүйесінің жұмысын жылдамдатуға, бәсекелестікті одан әрі дамытуға және тараптардың теңдігін нақты қамтамасыз етуге бағытталған. Сот органдарының жұмысын жетілдіру мәселесі туралы айтқан кезде тың жаңалық ретінде «Цифрлы сот сараптамасын» айтуға болар еді. Бұл – IT-өнім. Біз белгіленген жүйеге азаматтық-құқықтық даулар бойынша 2 млн қорытынды сот актілері мен 120 мың арызды жүктедік. Бұл жүйе 5 модульден тұрады. Осылайша бүгінде еліміздегі сот жүйесін дамыту мәселесіне қатысты бірқатар нақты қадам жасалып жатыр, – дейді Жоғарғы соттың судьясы Аслан Тукеев.
Сырт көз – сыншы. Қазақстанда жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың жемісін бағып, жетістігін бағамдап отырған сарапшылар қауымы бар. Сол себепті мұндай кәсіби мамандардың пікірі елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқан кезеңде аса маңызды, ауадай қажет.
– Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Ендеше, бұл әлемді басқару жүйесі де өзгеруі керек деген сөз. Соның ішінде қылмысқа қарсы күрес және тұрақтылық пен тәртіпті сақтап қалу мәселесі де бар. Бұл басқару жүйесі нақ бүгін және біржола өзгеріп қоймайды. Ол ұдайы өзгеріп тұруы тиіс. Яғни біз бір реформа жасап алып, кейін одан шыға алмай қалмауымыз керек. Себебі кез келген реформаның салдарын уақыт өзі реттеп отырады. Бұл ретте барлық құқық қорғау жүйесін реформалау – объективті қажеттілік деуге болады. Соны іске асыру қажеттілігі туындап отыр. Біз физикалық та, интеллектуалдық тұрғыда да одан қашып құтыла алмаймыз. Мәселе онда емес. Мәселе бұл реформаны қалай жүргізуде. Менің ойымша, бұл сұрақтың жауабы – қарапайым. Яғни, сот-құқықтық жүйені бөле-жармай, кешенді түрде реформалау қажет, – дейді Ресей Федерациясы Тергеу комитеті Мәскеу академиясының Қылмыстық құқық және криминология кафедрасының профессоры Юрий Голик.
Еліміздегі қылмыстық процестердің бүгінгі қалыбы мен оның әлемдік кеңістікте алар орнын әркім әртүрлі бағамдайды. Мұндайда сарапшылар көбіне-көп өзге елдердің заңнама жүйесімен салыстыру, артықшылығы мен кемшілігін бағамдау арқылы ой қорытып отырады. Сондықтан Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы негізінде қолға алынып жатқан ауқымды реформа кезінде еліміздің сот-құқықтық жүйесін дамытуға септігін тигізетін әр пікір маңызды.
– Біраз жыл бұрын біз Қазақстандағы қылмыстық процестерді жетілдіру мәселесін талқылаған болатынбыз. Әрине содан бері көптеген ереже іске асырылды. Мұндай даму жолын ТМД-ға мүше мемлекеттердің басым көпшілігі жүріп өтті. Алайда қандай да бір сапалы жетістік бар дей қою қиын. Біз Ресейде отырып-ақ жағдайды жіті бақылап отырамыз. Сондықтан атқарылып жатқан жұмыстардың жемісін әзір көріп отырған жоқпыз. Мәселен, Швейцарияның құқықтық жүйесі 40 жылға жуық уақыт әзірленді. Оны қолданысқа енгізудің өзіне 4 жылға жуық уақыт қажет болды. Осылайша аталған мемлекеттің құқықтық жүйесі 2011 жылы енгізіліп, міне, 10 жылға жуық уақыт бойы реформа жүргізу туралы ешқандай бастама көтерілген жоқ. Ал ТМД аумағындағы мемлекетте бәрі керісінше. Мені алаңдатып отырғаны да – осы. Сол себепті реформаны барынша сапалы әрі ұзақ жылдарға негізделген тиімді етіп жүргізу қажет, – дейді М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Заң факультетіндегі Қылмыстық іс жүргізу, әділет және прокуратуралық қадағалау кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Леонид Головко.
Бұл реформаларға тек сарапшылар ғана емес, ең алдымен, осы өзгерістердің соңғы нәтижесін сезінетін қоғам өкілдері, ел азаматтары айрықша мән беріп отыр. Себебі қарапайым қазақстандықтардың мүддесі мен заңды құқығы ескерусіз қалмауға тиіс.
– Еліміздің құқық қорғау және сот жүйесі отыз жыл ішінде барлық мақсаттарды орындап, әлемдегі озық тәжірибелерді енгізіп, зор жетістікке жетіп келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде қазіргі кезеңде алда жаңа мәселелер мен ұстанымдар тұрғанын айтып, соларды орындауға тапсырмалар берген еді. Құқық қорғау және сот жүйесі органдарының қызметі, оларды жаңғырту мәселелері үнемі қоғамның назарында. Бұл – бекер емес. Себебі Қазақстанның әр азаматы өзінің, отбасының қауіпсіздігін ең алдымен құқық қорғау және сот органдарының қызметімен байланыстырады. Бұл ретте аталған органдардың беделі түрлі жағдайларға байланысты қалыптасатынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан бірінші орынға біз заң үстемдігі мен әділдікті, халықтың қауіпсіздігін шығарамыз, – дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев.