• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Желтоқсан, 2020

Мереке күндері шектеу шаралары күшейеді

380 рет
көрсетілді

Елімізде Covid-19 індетінің таралуы бақылауға болатын деңгейде тұр. Дегенмен эпидемиялық ахуал толық тұрақталғанша сақтық шараларын қатаң ұстанбасақ, жағдай одан сайын ушығып, ырыққа көнбей кетуі мүмкін. Бұл ретте той-томалақты, топтанып жүруді барынша тыйған жөн. Әсіресе бүгінгінің «алтын ережесін» алдағы мереке күндері әсте ұмытпауымыз керек. Сондықтан 25 желтоқсаннан бастап барлық өңірде шектеу шаралары күшейтіледі.

24 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда өткен тәулікте 754 адамнан ПТР арқылы Covid-19 індеті анықталды. Ал коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония бойынша 156 жағдай тіркеліп, 2 адам көз жұмған. Өткен аптада бұл дерт 49 адамның өмірін жалмады. Елімізде күнделікті індетке шалдыққандардың саны шамамен 0,51 пайызға өсіп отыр. Коро­на­вирустың өршу деңгейінің көрсеткіші 0,9 пайызды құрайды.

Өңірлердегі ахуалға тоқталсақ, Ден­сау­лық сақтау министрлігі Қоғамдық ден­саулық сақтау ұлттық орталығы 22 жел­тоқ­санда Нұр-Сұлтан қаласы мен Батыс Қазақстан облысы «сары аймаққа» кіргенін жария етті. Бұған қоса «сары аймақта» Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстары тұр. Ал «қызыл аймақ­тағы» Атырау облысындағы жағдай әлі тұрақтала қоймады. Қалған өңірлердің бәрі – «жасыл аймақта».

«Қызыл аймаққа» енген Атырау облы­сындағы індет өршіп тұрған орын – «Теңіз» кеніші. Бір тәулікте аталған өңірде 62 адам коронавирус жұқтырса, соның тең жартысы – «Теңіз» кенішінің жұ­мыс­шылары. 22 желтоқсанда бұл кен ор­нындағы инфекциялық стационарда жатқан науқастардың саны 364 адамға жеткен. Сондықтан коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ве­дом­ствоаралық комиссияның (ВАК) шеші­мімен 25 желтоқсаннан бастап «Теңіз» кен орнында шектеу шаралары күшей­ті­леді.

Жалпы осы жылдың 25 желтоқ­са­нынан бастап 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге ­ты­­йым­ салынады. Сондай-ақ бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабыл­данбақ.

Бұған қоса ВАК білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында қо­ғамның пікірін ескере келе Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бо­йынша бірқатар шешім қабылдады. Атап айтқанда, оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9, 11, 12-сыныптар) санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылады; мектеп оқушылары үшін сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылады; II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта бас­талады.

Бүгінгі таңда індеттің жайылу қар­қы­ны одан әрі үдемес үшін карантин тәртібінің сақталуы ұдайы қадағалануда. Бұл мақсатта арнайы мониторинг топтары күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. 2020 жылдың 17 тамызы мен 23 жел­тоқ­сан аралығында мониторингтік топ­тар 58 600 рейд жүргізіп, 259 711 нысанды тексерді. Нәтижесінде 20 286 нысанда карантиндік шаралардың бұ­зыл­ғаны анықталды. Маска тағу режі­мін, жұмыс режімін, топтық іс-шараларды өткізу және басқа да тәртіп бұзушылықтар бойынша 18 896 хаттама толтырылып, 18 588 адамға әкімшілік айыппұл салынды. 2020 жылдың желтоқсан айының басынан нысандарды рейдтік тексерулер көбейді.

Алматы қаласында карантин режімін бұзғандарға 74,7 млн теңге айыппұл салынды. Бұл қалада 8 қазан мен 19 желтоқсан аралығында 590 рейд жүргізіліп, соның барысында 4 947 нысан тексерілді. Нәтижесінде карантин шараларын бұзудың 1 065 фактісі анықталды. Карантин шараларын сақтамағаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде 890 хаттама толтырылды. Заңды жеке тұлғаларға жалпы сомасы 74,7 млн теңге айыппұл салынды. Жүйелі заңбұзушылықтар бойынша 15 материал сотқа жіберілді. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Ренат Бижановқа және Suddenly ЖШС-на (Hookan Dreems кафе бары) әрқайсысына 277 800 теңгеден айыппұл салынды, Түрксіб ауданындағы Наман­ганс­кая көшесі, 35 мекенжайында бойынша орналасқан Atlantis бильярд клубының және Медеу ауданындағы Қайырбеков көшесі, 35а мекенжайында орналасқан Hookan Dreems бар кафесінің қыз­меті ­1 ай мерзімге тоқтатылды.

Халқы көп тағы бір мегаполисіміз Нұр-Сұлтан қаласында да карантин тәр­­тібінің үнемі бұзылуына байла­­нысты бірқатар ойын-сауық меке­ме­ле­рі­нің жұмысы тоқтатылуы мүмкін. Бүгінгі таңда 8 материал Нұр-Сұлтан мамандандырылған ауданаралық әкім­шілік сотына жіберілді. Фемида қыз­метшілері қарағаннан кейін Alanya түнгі клубы мен Janym Sol караоке-барының жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ SOVA караоке-барына, Echo барына, ZOLOTO мейрамханасына, «Сторис» демалыс орнына қатысты материалдар қарастырылуда. Teqila лаундж-барына екі хаттама жасалған.

«Өткен демалыс күндері тізімде көрсетілген бірқатар нысандарға қатысты бірнеше рет жедел хабарламалар түсіп, жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Сол рейдтер барысында бұзушылық фактілері расталды. Тексеру нәтижелері бойынша материалдар әкімшілік сотқа қосымша дәлел ретінде жіберілді», деді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева.

Сонымен қатар мереке күндері Mega Silk Way сауда ойын-сауық орта­лығындағы Kango батут орталығы мен Тұран даңғылы, 21 мекенжайындағы Icon клубына қатысты бірнеше рет жедел хабарламалар келіп түсті. Бұған дейін аталған нысандарға заңбұзушылықты жою туралы нұсқаулар берілген еді. Осы нысандарға қатысты бұйрықты орындамағаны үшін әкімшілік құқық­бұзушылық туралы хаттама қарауға әкім­­шілік сотқа жіберіледі.

Қалада әкімдік, полиция, аудандық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармалары қызметкерлері кә­сіп­кер­лік субъектілеріне карантин және шектеу шараларының сақталуына бай­ланысты ұдайы бақылау жүргізуде. Шіл­­деден бастап осы уақытқа дейін ­ 1 297 жеке, лауазымды және заңды тұл­ға­лар 261 бұзушылықтары үшін ­296 654 теңгеге әкімшілік жауапкерші­лік­ке тар­тылды.

Індеттің алдын алатын, бетін қайта­ратын бірден-бір «қару» вакцина екені анық. Бұл бағыттағы жұмыстардан оң өзгеріс байқалады. 19 желтоқсанда отандық QazCovid-in вакцинасын кли­никалық сынақтан өткізудің соңғы ІІІ сатысы басталды. Оның шеңберінде желтоқсанның соңында дейін 3 мың ерікті азаматқа екпе егіледі. Алғашқы еріктілерге Алматы және Тараз қалала­рының клиникаларында, ҒЗИ-да вакцина егілді. 2021 жылдың наурыз айында Жамбыл облысы Қордай ауданында жылына қуаты 60 млн мөлшерде вакцина шығаруға жететін биофармацевтикалық зауыт пайдалануға беріледі. Бұған қоса Қарағанды қаласында ресейлік «Спутник V» вакцинасын шығару өндірісі іске қосылды.